"Көкжиектегі" өрт: Тұрғындар оқиға кезінде қалай қашып құтылғанын айтып берді

06 Сәуір 2018, 18:20
0
"Көкжиектегі" өрт: Тұрғындар оқиға кезінде қалай қашып құтылғанын айтып берді - © Айдос Қосыбаев
© Айдос Қосыбаев

Алматыдағы "Көкжиек" ықшамауданында көпқабатты үй өртенді. Өртенген 31-ші және 32-ші үйдегі пәтер иелері Tengrinews.kz тілшісіне қанша залал келгенін айтып, өрттен кейінгі жағдайды көрсетті. Негізінен екі үйдің де алтыншы қабатында орналасқан пәтерлерге қатты залал келген. Бірінші мен бесінші қабатта орналасқан пәтерлердің балконын өрт шарпып, ыстың иісі қалған. 

31-үйдегі 48-пәтердің иесі киімнен басқа үйден алып шығатын ештеңе қалмағанын айтады. 

"Үйде отбасымызбен шәй ішіп отырғанбыз. Сыртта ойнап жүрген қызым домофонға қоңырау шалып, екінші қабаттан түтін шығып жатқанын айтты. Ортаңғы қабатта болып жатыр дегеннен кейін алапат өрт болатынын білген жоқпыз. Далаға шықтық, өрт сөндіру қызметіне хабарлап қойған екен. Үйдің артқы жағына барғанымызда, өрт бірінші қабаттан жоғарғы қабатқа көшіп жатыр екен. Өрт сөндіру қызметінің жұмысына разы емеспіз. Ас бөлмесіндегі жиһаз бен техниканың барлығы жарамсыз, тек киім-кешегімізді ғана алдық", - дейді Әлия.

31-үйдің 27-пәтерінде тұратын Ләйлә Түкенованың айтуынша, жалпыға бірдей тарайтын газды өшіру арқылы өрттің ушығып кетуінің алдын алған. 

"Жұмыста отырғанда атам қоңырау шалып көрші үйдің балконы өртеніп жатқанын айтты. Құжаттарымның барлығы жұмыста болатын. Көрші үйге барғанда олар жуыну бөлмесінен су алып өртті өздері сөндіріп жатқан екен. Осы кезде атам газ бен жарықты өшірген. Менің атам болмағанда мына екі үй жоқ болар еді. Жұмыстан сұранып, үйге келсем, барлығы жанып кеткен. Екі балам аман-есен. Бүгін таңғы тоғызда әкімдік өкілдерімен пәтерлерді аралап шықтық, 100 АЕК көлемінде көмек көрсетілетінін айтты. Мына үйдің қабырғаларымен есік терезесін жөндеуге жиһаз техниканы санамағанда, кемінде екі-үш миллион теңге кетеді. Далада қалдық, қайда барарымызды да білмеймін. Өрттің алдын ала себебі, мына көрші үйдің 7-9 жастағы балалары балконда бірдеме жаққан, содан тараған", - дейді Ләйлә Түкенова. Оның сөзін тағы бір көршісі растап, өрт балалардың ойнынан шыққан болуы мүмкін дегенді айтады. 


Ләйлә Түкенова ©Tengrinews.kz

31-үйдің 6-қабатынадағы 46-пәтердің тұрғыны Нұртуған аға әйелі мен балаларын туыстарының үйіне жібергенін айтады. 

"Сыртта кішкентай балалар "Пожар, пожар" деп айғайлап жүрді. Балконға шығып қарасам бірінші қабат өртеніп жатыр екен. Сыртқа жүгіріп шықтым, өрт сөндірушілер лапылдаған өртті сөндіруге асыға қоймады", - дейді Нұртуған аға. 

Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев осы жағдайға байланысты пікір білдірді. 

"Тұрғындарға өз үйлеріне кіруіне рұқсат берілді. Бұл екі үйде 96 пәтер бар, оның барлығы бірдей зардап шеккен жоқ. Екі үйге тіркелген адамдар саны - 272 адам. Үйде су мен жылу бар. Техника қауіпсіздігіне байланысты жарық пен газ сөндірілген. Қанша үйдің зардап шеккенін құзырлы органдардың сараптамасынан кейін ғана айтуға болады. Эвакуациялық штаб өз жұмысын жалғастырады, яғни жатын орын мен тамақтандыруды қамтамасыз ететін болады", - дейді аудан әкімі Мұхтар Ілиясұлы. 

31-үйдің 47-пәтерін жалдап тұратын жас отбасы да киімдерінің өртеніп кеткенін айтады. 

"Өрт басталғанда біз қызым екеуіміз ұйықтап жатқанбыз. Ас бөлмесінің терезесі ашық тұрған болатын, содан түтін кіріп, қызым құса басады, менің де басым айналып кетті. Құжаттарды алуға да мұршамыз болмады. Кіреберіске шықсам көк түтіннен баспалдақтың қайда тұрғанын көру мүмкін емес, үйде қала берейін десем лапылдаған оттан зәрем кетті. Осы айда көшуіміз керек болатын, сол себепті киім-кешектің барлығын балконға жинап қойғанбыз. Түнде туыстарымыздың үйіне қондық", - дейді Айман есімді тұрғын. 

Еске сала кетейік, кеше, 5 сәуірде сағат 16:03-те Жетісу ауданындағы "Көкжиекте" өрт шыққаны хабарланған еді. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан 300 адамды эвакуациялады. Өрт аумағы - 1180 шаршы метр. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай