Кейінгі бес жылда Қазақстанға медициналық қызмет алу үшін келген шетелдік пациенттер саны 4,5 есе артты. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бұл процесті реттеу үшін медициналық туризмді дамытудың бірыңғай мемлекеттік моделін әзірлеп жатыр, деп хабарлайды TengriHealth Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Емделуге кімдер келеді?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ең жоғары өсім Ресей, Қытай, Үндістан және Түркиядан келген пациенттер есебінен болған. Сонымен қатар министрлік Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін пациенттер легі тұрақты екенін атап өтті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың өзінде шетелдік туристердің шамамен екі пайызы Қазақстанға медициналық көмек алу мақсатында келген. Ол кезде мұндай пациенттердің басым бөлігін ТМД елдерінің азаматтары құраған.
Шетелдіктер Қазақстанға қандай қызметтер үшін келеді?
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, репродуктивті медицина, пластикалық хирургия, стоматология, жоғары дәлдікті диагностика, Check-up бағдарламалары мен санаторлық-курорттық емдеу сұранысқа ие бағыттар болып отыр.
Шетелдік пациенттер санының артуына қарамастан, министрлік бұл саланың дамуына бірыңғай ұйымдастыру жүйесінің жоқтығы кедергі келтіреді деп есептейді.
"Жекелеген клиникалар, заманауи технологиялар мен шетелдік пациенттер бар, бірақ бірыңғай маршрут, түсінікті қызмет пакеттері, халықаралық деңгейде белсенді ілгерілету және әрбір өңір мен медициналық ұйымның жауапкершілігі нақты айқындалмаған. Сондықтан әрбір қатысушының функциялары бекітілген бірыңғай модельді әзірлеу қажет", - деп атап өтті кеңес барысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта медициналық туризмді дамытудың бірыңғай мемлекеттік моделі әзірленіп жатқанын хабарлады.
Бұл модель медициналық туристер ағынын есепке алатын цифрлық платформа құруды, "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыруды, сапаның бірыңғай стандарттарын енгізуді және шетелдік пациенттерді нақты маршруттау жүйесімен толық сүйемелдеуді көздейді.
Бұған дейін біз әлемдегі ең үздік медициналық жүйесі бар елдерде тұратын адамдар неге бізге келіп емделуді жөн көретінін, оларды не қызықтыратынын және медициналық туризмді қай бағытта дамытуға болатынын анықтап көрген болатынбыз.
Тағы оқыңыз: Сәтсіз пластикалық ота немесе стоматологиялық қызмет үшін қалай өтемақы өндіріп алуға болады?