Сурет hc-saryarka.com сайтынан
Ресейдің Жоғары хоккей лигасында биылғы маусымның негізгі додасы аяқталып, плей-оффтың бірінші сатысында додаға түсетін жұптар анықталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биыл Қарағандының «Сарыарқасы» ЖХЛ-да (Жоғары хоккей лигасында) 4-орынға ие болды. Кеншілер клубы 50 ойыннан 95 ұпай еншіледі. «Сарыарқаның» алдын Нефтекамскінің «Торосы» (50 ойын, 100 ұпай), Пермнің «Молот-Прикамьесі» (50, 98) және Тюменнің «Рубині» (50, 98).
Ал Өскенемннің «Қазцинк-Торпедосы» 50 ойыннан 82 ұпай жинап, 11-орынмен шектелді. Шығысқазақстандықтар маусымды тәп-тәуір бастағандарымен, былтырғыдай соңғы ойындарын сүреңсіз өткізіп, төмен сырғып кетті.
Енді ЖХЛ біріншілігінің 16 үздік командасы (бұл лигада барлығы 26 команда бақ сынғана) плей-офф жүйесімен «Братина» кубогын сарапқа салады. Олар біріншіліктің негізгі додасындағы орындарына сәйкес мына жұптарда додаға түседі:
Братина кубогының 1/8 финалы:
/1/ «Торос» (Нефтекамск) – /16/ Сокол (Красноярск)
/2/ «Молот-Прикамье» (Пермь) – /15/ «Титан» (Клин)
/3/ «Рубин» (Тюмень) – /14/ «Ариада» (Волжск)
/4/ «Сарыарқа» (Қарағанды) – /13/ Динамо (Балашиха)
/5/ Кубань (Краснодарь) – /12/ «Лада» (Тольятти)
/6/ «Дизель» (Пенза) – /11/ «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен)
/7/ «Южный Урал» (Орск) – /10/ «Нефтяник» (Альметьевск)
/8/ ТХЛ (Тверь) – /9/ «Буран» (Воронеж)
«Братина» кубогының 1/8 финалдық ойындары әр жұпта төрт жеңіске дейін жалғасады. Өздеріңіз байқап отырғандай, «Сарыарқа» Балашиханың «Динамосымен», ал «Қазцинк-Торпедо» Пензаның «Дизелімен» кездеседі.
Қазақстан клубтарының плей-оффтың алғашқы сатысындағы ойындары 2, 3 және 6, 7 наурыз күндері, сондай-ақ қажет болса 10, 12, 14 наурыз күндері өтеді.
ЖХЛ біріншілігі кестесінде жоғары тұрғандықтан «Сарыарқа» 2, 3 және (немесе қажет болса) 10, 14 наурыз күндеріндегі ойындарды өз айдынында өткізеді. Ал «Қазцинк-Торпедо» керісінше, бұл күндері Пензаға барады.
Әр жұптағы командалардың біреуі төрт рет жеңіске жеткен бетте екеуара кездесулер тоқтатылады. Төрт рет жеңіске жеткені «Братина» кубогының келесі сатысына, яғни ширек финалға шығады.