Қарағандыда сатып алу құқығымен 250 жалдамалы пәтерге өтінім қабылдау басталды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлер Фото: krisha.kz

Жалдау ақысы айына 60 мыңнан 160 мың теңгеге дейін жетеді. Келісімшарт мерзімі - 20 жылға дейін, бірақ баспананы мерзімінен бұрын сатып алуға болады, деп хабарлайды ТengriНome Қарағанды облысының энергетика және ТҮКШ басқармасына сілтеме жасап.

8 шілдеде Қарағандыда Қазақстандық тұрғын үй компаниясы желісі бойынша "Сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй" бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Қатысушылар жылжымайтын мүлікті жалдау мерзімі (20 жыл) аяқталғаннан кейін немесе барлық соманы мерзімінен бұрын төлеу арқылы сатып ала алады.

Жалдамалы пәтерлер Қарағандының серіктес қаласы - Саран қаласындағы Химик шағын ауданында орналасқан (үй нөмірлері: 105, 106, 114, 115, 116, 116А, 118, 119, 120, 120А). Бағдарлама бойынша барлығы 250 пәтер қарастырылған:

  • бір бөлмелі - 54;
  • екі бөлмелі - 101;
  • үш бөлмелі - 95.

Ай сайынғы төлем мөлшері келесідей болады:

  • ауданы 30,1-ден 34,8 шаршы метрге дейінгі бір бөлмелі пәтер - 59 657-ден 68 972 теңгеге дейін;
  • ауданы 50,4-тен 54,1 шаршы метрге дейінгі екі бөлмелі пәтер - 99 890-нан 107 223 теңгеге дейін;
  • ауданы 58,2-ден 74 шаршы метрге дейінгі үш бөлмелі пәтер - 115 350-ден 146 664 теңгеге дейін.

"Сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй" бағдарламасының шарттары

  • Бастапқы жарна талап етілмейді.
  • Жалдау құны - бір шаршы метр үшін 1981,95 теңге.
  • Сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 3,1%.
  • Жалдау мерзімі - 20 жылға дейін.
  • Жалға алушының жасы жалдау мерзімі аяқталған кезде зейнет жасынан аспауы тиіс (асып кеткен жағдайда кепілгер тарту қажет).
  • Өтінімді қарастыру үшін комиссия алынбайды.
  • Төлем - аннуитеттік (құнын тең үлестермен төлеу).
  • Қалдық құны бойынша мерзімінен бұрын сатып алуға болады.
  • Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін баспана жалға алушының меншігіне өтеді.
  • Коммуналдық қызметтер мен мүлік салығы бөлек төленеді.

"Сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй" бағдарламасына кімдер өтінім бере алады?

"Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қарағанды облысы бойынша "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасында тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған қандастар, есепке алынған елдімекеніне қарамастан, соның ішінде әкімдіктер мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінің қызметкерлері қатыса алады", - деп мәлімдеді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы.

Кезекте тұрғандар мен олардың отбасы мүшелерінің кейінгі бес жылда меншігінде баспанасы, сондай-ақ кредиттер/бөліп төлеу бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Үздіксіз жұмыс өтілі кемінде алты айды құрауы керек. Табысты құжатпен растау қажет болады.

"Сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй" бағдарламасына қалай өтінім беруге болады?

Өтінімді 8-17 шілде аралығында келесі мекенжайлар бойынша беруге болады:

  • Қарағанды қаласы, Поспелов көшесі, 16;
  • Саран қаласы, Жамбыл көшесі, 65.

Үміткер сол жерде сауалнама толтыруы тиіс. Өтінімді Қазақстандық тұрғын үй компаниясы (ҚТК) қарастырып, кейінірек хабарлама жібереді.

Электрондық поштасына шақыру немесе телефонына SMS алғаннан кейін үміткер 10 күнтізбелік күн ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы мына сайтта тіркелуі тиіс: ҚТК тұрғын үй порталында тіркеліп, "жеке кабинет" арқылы өтініш беруі керек. Ол үшін мыналар қажет болады:

  • Өтініш беруші мен кепілгердің (қажет болған жағдайда) жеке куәлігі.
  • Өтініш беруші мен кепілгердің неке қию, некені бұзу туралы куәлігі (соның ішінде
    сот шешімі.
  • Өтініш беруші мен кепілгердің балаларының туу туралы куәліктері (балалары болған жағдайда).
  • Лауазымы, өтініш берушінің жұмыс өтілі көрсетілген жұмыс орнынан анықтама және
    кепілгердің лауазымы мен жұмыс өтілі көрсетілген жұмыс орнынан анықтама.
  • Өтініш беруші мен кепілгердің кейінгі алты және/немесе
    12 айдағы жалақысы туралы анықтама.
  • Өтініш беруші мен кепілгердің кейінгі 12 айдағы қосымша
    табыстарын растайтын жұмыс орнынан және табысы туралы анықтама.
  • Өтініш беруші мен кепілгердің (бар болса) кейінгі алты және/немесе
    12 айдағы зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме.
  • Жалақы туралы анықтамада көрсетілген табыстарды растау үшін (зейнетақы
    аударымдары болмаған жағдайда) кейінгі 12 айдағы карт-шоттан үзінді көшірме.
  • Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің (жұбайы/зайыбы және балалары)
    Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүлкі жоқ екендігі туралы анықтама.
  • Тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрғандығы туралы анықтама.

Осыдан кейін ғана төлем қабілеттілігін бағалау және пәтерді брондау жүргізіледі. Тұрғын үйді таңдау және брондау мүмкіндігі ашылғаннан кейін 48 сағат ішінде брондау қажет.

Толық нұсқаулықты осы жерден көре аласыздар.

Сұрақтар бойынша мына телефондарға хабарласу ұсынылады: +7 775 363 33 30; + 7 7172 79 75 75 (ішкі нөмірлер: 3217, 3277, 3213, 3204).

Тағы оқыңыз:

Пәтер жалдаушыны сот шешімінсіз шығару мүмкін бе? Жалға беру шартында нені көрсету керек?

Join Telegram