12 желтоқсан 2022 20:02

Ақ Жайық атбегілері жылды қорытындылады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Батыс Қазақстан облыстық "Бәйге" федерациясының ұйымдастыруымен "Алтын таға" жылдық қорытынды шарасы өтті.


Батыс Қазақстан облыстық "Бәйге" федерациясының ұйымдастыруымен "Алтын таға" жылдық қорытынды шарасы өтті.

Оған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері орталығының бөлім басшысы Алтай Бимен, Қазақстан Республикасы "Бәйге" федерациясының президенті Мұрат Өсербай, вице-президенті Марат Жанколиков, Қарағанды және Атырау облыстық "Бәйге" федерацияларының президенттері мен өңір атбегілері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық федерация биылғы жылы жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құраған 60-тан аса бәйге өткізген. Облыс атбегілері көршілес Ақтөбе, Атырау және Алматы, Астана қалаларында өткен бәйгелерде жүлделі орындарды алған. Өңірімізде бәйге спорты қарқынды дамып, аудан-ауылдарда шабандоздар мектебі қалыптасып келеді.

Шарада сөз алған Бақытжан Хаберұлы ұлттық спортты, соның ішінде бәйге спортын дамытып жүрген азаматтарға алғыс айта келе, алдағы уақытта федерация жұмыстарын біріздендіру, жарыстар өткізуді жүйелеу, жан-жақты қолдау бойынша бірқатар жоспарлар жасақталып жатқанын тілге тиек етті. Одан әрі Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен жыл бойы бәйгелер ұйымдастырып, өткізу, ұлттық спортты қолдау бойынша үздік деп танылған Ақжайық, Теректі, Бөрлі аудандық федерацияларын, елімізде тұңғыш рет өткен "Ұлы дала жорығы" бәйге-марафонында өңір намысын қорғаған "Ақ Жайық" командасының мүшелерін марапаттады.

Кейін сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері орталығының бөлім басшысы Алтай Бимен:

"Біз бүгін Батыс Қазақстан облыстық "Бәйге" федерациясының жүйелі жұмысын, атбегілердің ауызбіршілігін, өзгелерге үлгі ететін істерін көріп отырмыз. Ат спорты - фанатизммен дамитын спорт, десе де мемлекет әрқашан өз қолдауын көрсетеді. Министрліктің бұл бағытта ауқымды жоспарлары бар. Соның барлығын сіздермен бірлесе нәтижелі ұйымдастырамыз деген сенімдеміз", - деді.

Әрі қарай өңірімізден шыққан жас шабандоз, қазіргі таңда Қарағанды өңірінде бәйгеге шауып, екі мәрте ҚР Президент кубогінің иегері болған Мирлан Нұрболатовқа "Үздік шебер шабандоз" және федерация рейтингісі бойынша 2022 жылдың үздік шабандоздары атанған Миразат Айсұлтан, Жайықбай Ержігіт, Серікбай Саятқа дипломдар мен алтын тағаларын табыстады.

Батыс өңірінің атбегілеріне алғысын арқалап арнайы Алматыдан келген ҚР "Бәйге" федерациясының Президенті Мұрат Өсербай өңіріміздің ат спортына елеулі үлесін қосқан, өзінен кейінгі атбегілерге ақыл-кеңесін беріп келе жатқан Құбайдолла Сасықпаев, Мұхтар Шүлиев, Марат Мұқтаровқа шапан жапты.

Федерацияның 2022 жылғы қорытындысы бойынша казталовтық Бекзат Омарғалиевтің "Ақжауын" атты тайы "Үздік тай", ақжайықтық Асхат Қамешовтың "Жұлдыз" ныспылы тұлпары "Үздік құнан" атанса, казталовтық Ербол Қиясовтың "Дүлдүлі" топ бәйгесінің үздігі, бәйтеректік Болат Жаңабаевтың "Сильвиясы" аламанның үздігі деп танылды, ал "Жылдың үздік бапкері" ретінде ақжайықтық Азаматов Бектас марапатталды.

Сонымен қатар, өңірімізде спорттық аттарды сұрыптап, қолтума аттарды өзіміздің отандық өнім ретінде дамытуды қолға алып жүрген теректілік Әміржан Бекенов, казталовтық Нұрболат Әдиетов, тасқалалық Наурызғали Аяпбергеновке "Qazaq Golden Steed" компаниясының алғыс хаттары табысталды.

Кеш барысында облыстық "Бәйге" федерациясының президенті Берік Есенғалиев өңірде бәйгелер ұйымдастыру жүйелі жолға қойылғанын, 2022 жылы жарыстарды өткізуде аудан әкімдіктері мен өңірдің белгілі кәсіпкерлері үлкен қолдау көрсеткенін айта келе, ұлт спортына жанашыр бірақатар азаматтарға, ат спортына ерекше ынта-ықыласын танытып жүрген жас атбегілерге, бәйгеге шауып жүрген шабандоздарға алғыс хаттар ұсынды.

Қадыр орталығының өнерпаздары ән-күйімен Ақ жайық атбегілерінің салтанатты кешінің шырайын кіргізді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Материал БҚО-ның әкімдігімен ұсынылған
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети