Ақмола облысында перзентханада шетінеп кетті деген қызын 14 жылдан кейін жетімдер үйінен тапқан ата-ана акушерлердің жазалануын талап етіп отыр.Өйткені, тұңғыштары солардың кесірінен «тірі жетім» атанғанына сенімді, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ақмола облысында перзентханада шетінеп кетті деген қызын 14 жылдан кейін жетімдер үйінен тапқан ата-ана акушерлердің жазалануын талап етіп отыр.Өйткені, тұңғыштары солардың кесірінен «тірі жетім» атанғанына сенімді, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, Ақтас ауылында тұратын ерлі-зайыпты Бейсеновтар қазір өз баласын өздері асырап алу үшін құжат әзірлеп жатыр. Алғашында, бұл жағдайға сенер-сенбесін білмеген отбасы қыздарын жұртқа көрсетуге батпаған екен.
14 жыл тастанды атанып, жетімдер үйін паналаған Бақыт қазір расымен бақытты. Бір күнде ата-анасы табылып, бауырларымен де көрісті.
"Үйіме оралдым. Туғандарымды таптым. Анам, әкем, інім мен екі сіңлім бар екенін бұрын білген жоқпын ғой. Қазір бақыттымын. Туыстарым көп", - дейді Бақыт Ғабдуллина.
Бақыттың анасы Толқын Бейсенова екі қыз бен ұлы бар екенін айтып өтті.
"Көп кешікпей 2 қыз - Фариза мен Ұлжан бірінен соң бірі дүниеге келді. 7 ай бұрын Бейсеновтар ұлды болдық. Ал тұңғышымыздың сол жолы 900 грамм болып туып, жетілуі үшін ауруханада арнайы инкубаторда жатқанын білмедік. Дәрігерлер бала өлі туды деген соң ауруханадан шығып кеттім", - дейді табылған қыздың анасы.
Сондай-ақ, ол қызының тірі қалғанын бір ай бұрын естігенде естен тана жаздағандарын айтты.
"Бас тарттым деп ештеңеге қол қойған жоқпын. Ештеңе жазған жоқпын. 14 жылда қыз мысалы қаңғырып қайда жүрді, кіммен болды, білмейміз ғой. Бір кінәлі адам болу керек. Жауап беру керек", - дейді Толқын Бейсенова
Телеарнаның мәліметінше, облыстық прокуратураның нұсқауымен Денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеріс жүргізген. Ал олар Бақыттың анасының сөзін жоққа шығарып отыр.
"Барлық мұрағатты ақтарып, осы баланың туу туралы қағаздарын көрдік. Онда, міне, жедел жәрдем қағазына дейін сақталған. Сол уақыттағы заңдылықта 6 айлық шала туған бала "түсік" болып есептелетін. Қазір тірі адам деп тіркеледі. Анасын дәрігерлер іздемеді дегені бекер. Міне, жедел жәрдем берген мекен-жай бойынша оны іздеп барып, баланың аман екенін айтқан қағаз да бар", - деді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Иманқұлова.
Осылайша қыз әке-шешесі бас тартқан сәби ретінде перзентханадан Щучьедегі сәбилер үйіне жіберіпті. Әзірше бұл қызметтік тексерістің қорытындысы ғана.
Телеарнаның мәліметінше, істің толық мән-жайын құқық қорғау орындары енді анықтайды (Дереккөз: КТК).