Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған атышулы жол-көлік оқиғасына қатысты үкім шықты. Сот Александр Пакты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
22 маусымда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 33 жастағы Александр Пакқа қатысты үкім шығарды.
Судья Еркін Майшинов оны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша кінәлі деп таныды.
Сот оған 10 жылға бас бостандығынан айыру үкімін кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Сонымен қатар сот айыпталушыға өмір бойына көлік жүргізуге тыйым салды.
Сондай-ақ сот қаза тапқан 20 жастағы Т.К.-ның әкесінің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, Пакты 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтеуге міндеттеді. Бұған дейін марқұмның әкесі 100 миллион теңге өтемақы талап еткен болатын.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Судья неге ең жоғары жаза тағайындады: түсіндірме
Үкім жарияланғаннан кейін судья Еркін Майшинов сот барысында Zeekr көлігінің жылдамдығы және оның қарсы жолаққа шыққаны анықталғанын айтты. Дәл осы жағдай қарсы бағытта келе жатқан көлікпен бетпе-бет соқтығысуға және адамдардың қаза болуына себеп болған.
Судьяның сөзінше, айыпталушының кінәсі айқын және ол куәгерлердің жауаптары, сараптама қорытындылары және тергеу хаттамаларымен дәлелденген.
"Сотта ұсынылған дәлелдердің шынайылығына күмән келтіруге негіз жоқ. Айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегін, сондай-ақ үш адамның қаза болуына әкелген ауыр салдарды ескерді. Бұл – марқұмдардың жақындары үшін орны толмас қайғы", – деді Еркін Майшинов.
Судья әділдік үшін және мұндай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу мақсатында ең жоғары жаза тағайындалғанын айтты. Сондай-ақ Пак өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.
"Осындай жағдайларда әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу және оның да, басқа адамдардың да жаңа құқық бұзушылықтарға жол бермеуінің алдын алу мақсатында сот Қылмыстық кодекстің осы бабында көзделген ең жоғары жаза – 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды қажет деп тапты. Сонымен қатар айыпталушы өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды", – деп түйіндеді судья.
"Бұл мен үшін өмірлік трагедия": сотталушының соңғы сөзі
Сотталушы Александр Пак соңғы сөзінде кінәсін толық мойындайтынын, жасаған ісіне өкінетінін және үш адамның өлімі үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді. Ол соттан кешірімділік танытып, бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескеруді сұрады. Сондай-ақ ер адам балалары бар екенін айтты.
Сондай-ақ сотталушы өз сөзінде БАҚ өкілдеріне үндеу жасады. Ол отбасы мен ықпалды таныстары туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
"БАҚ өкілдеріне айтарым, олардың көбі менің дәулетім, ата-анам мен отбасым туралы жалған ақпарат таратып жатыр. Мен Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, 20 жасымнан бастап жұмыс істеп, бәріне өз күшіммен жеттім. Миллионерлердің немесе миллиардерлердің ұлы емеспін. Саяси лауазымды тұлғалармен ешқандай таныстарым жоқ. Бар тапқан-таянғанымды адал еңбекпен таптым", – деп атап өтті Александр Пак.
Еске салсақ, бұған дейін жарыссөз барысында прокурор сотталушыны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша кінәлі деп танып, оған қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сондай-ақ сотта қаза болғандардың жақындары сөйледі. Марқұмдардың отбасы сотталушыны кешіргендерін тағы да мәлімдеді. Бұл ретте апаттан қаза тапқан 20 жастағы Т.К.-ның әкесі ең жоғары жаза тағайындауды және моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге өтемақы төлеуді талап етті.
Жол апатының себебі неде: сотталушының нұсқасы
Бұдан бұрын 15 маусымда сотта сотталушы А. П. жауап берді. Ол апатты Zeekr автокөлігінің техникалық ақауымен байланыстырады.
Оның айтуынша, мейрамханадан шыға бергенде бақылау панелінде ескерту индикаторлары жанған, ал әл-Фараби даңғылы бойымен келе жатқанда гуіл пайда болған. Оны жою үшін жүргізуші айналымды арттыруды ұйғарған.
"Сол жолақтан оң жаққа ауыса бастадым. Осы сәтте, бәлкім, жолаққа қайтару жүйесі кенет іске қосылып, соның салдарынан көлік тайып кеткен болуы мүмкін. Қарсы беттегі жолаққа шығып кеткен соң көлік басқаруға көнбеді. Оңға немесе солға бұруға тырыстым, бірақ көлік маған бағынбады, тежегіш жұмыс істемеді. Осыдан кейін жол апаты болды", – деді ол сотта.
Сотталушының айтуынша, ол тек жансақтау бөлімінде есін жиып, сол жерде үш адам қаза тапқанын білген.
Сондай-ақ сотта ер адам апатқа дейін достарымен бірге Алматыдағы танымал орындардың бірінде уақыт өткізгені белгілі болды. Бұған дейінгі сот отырысында сотталушы кешті қалай өткізгенін және қанша алкоголь ішкенін егжей-тегжейлі айтып берген болатын – толығырақ мына жерден оқыңыз.
Тағы оқыңыз: “Онда вискиді кім ішті?“ - үш адам қаза болған жол апаты бойынша сотта Zeekr жүргізушісіне өткір сұрақ қойылды
Бұған дейінгі отырыста судья сотталушы қайғылы оқиғаға дейін жол жүру ережелерін бірнеше рет бұзғаны туралы мәліметтерді жариялаған болатын.
Сотталушы Александр Пак / Отырыстан түсірілген видеодан скриншот
Zeekr жүргізушісіне қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты атышулы істі Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.
"Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Ресми сараптама қорытындысы бойынша, соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.
ҚР ІІМ видеосынан кадр
"Өз іс-әрекетімді ақтамаймын" – Zeekr жүргізушісі
28 мамырда сотта сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.
"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер", – деді ол.
Қаза болғандардың отбасы Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр
1 маусымда Алматыда негізгі сот талқылауы басталды. Онда қаза тапқан екі адамның – 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі мен 2003 жылы туған жолаушы қыздың туыстары сотталушымен татуласқандарын айтып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
8 маусымда үшінші марқұмның анасы да осындай ұстанымда болды.
Қаза тапқан 22 жастағы К.-ның анасы 100 миллион теңгеге талап арыз түсірмек болған өкілдерінің қызметінен де бас тартты. 11 маусымда 29 жастағы Е.-нің отбасы да өкілдер қызметінен бас тартқаны белгілі болды.
Айыпталушының өзі сотта болған оқиға бойынша кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.
3 маусымда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте тараптардың татуласуы адам өліміне әкеп соққан жол апаты ісінің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екендігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жәбірленушілердің ұстанымы айыпталушының қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына жол бермейді.
“Кешірмедім, кешірім бермеймін де“ - жол апатында қаза тапқан қыздың әкесі
Туыстарының мәлімдемесі желіде қызу пікірталас тудырды. Осыдан кейін Tengrinews.kz тілшісіне қаза тапқан 20 жастағы Т. К.-ның әкесі хабарласып, айыпталушыны кешірмейтінін және оның қатаң жазалануын талап ететінін айтты.
"Сотталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған оның миллиондары керек емес, маған балам керек. Мен кешірмедім, кешірім бермеймін де. Мен Таразда оның ата-анасының үйінде болдым (сөз сотталушының ата-анасы туралы болып отыр – ред. еск.). Әкесі алдымда жылап кешірім сұрады", – деп қосты ер адам.
Жол апатына қатысты екі қылмыстық іс тоқтатылды
Бұған дейін әл-Фарабидегі жол апаты фактісі бойынша тағы 3 қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда кейін оның екеуі тоқтатылды.
- Билікті асыра пайдалану және "ерекше" мемлекеттік нөмірлер беру. 26 наурыздан бастап ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті тыйым салынған мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілу мүмкіндігін тергеді. Іс 362-баптың 1-бөлігі – "Билікті асыра пайдалану" бойынша тергелген. Бұл жерде мәселе Zeekr жүргізушісінің 100 QR 02 нөміріне қатысты болуы мүмкін.
Кейін 3 маусымда "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты" іс тоқтатылғаны белгілі болды.
- Жалған айғақ беруге қатысты іс. Бұған дейін тергеу сотталушы қайғылы оқиға алдында бірге болған компанияға қатысты материалдарды жеке іске шығарғаны хабарланған болатын. Олар жалған айғақ берді деп күдіктелген еді. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ тергеуден кейін полиция қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келіп, 2026 жылдың 28 мамырында істі тоқтатты.
ІІМ бұл шешімнің заңдылығына түпкілікті бағаны прокуратура беретінін нақтылады.
Полицейге қатысты іс
Адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты негізгі істен бөлек, тағы бір қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.
- Қызметтегі әрекетсіздік. Күдікке Алматы Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісі – полиция қызметкері ілінді. Тергеу мәліметінше, оның әрекетсіздігі адам өліміне әкеп соққан жол апатына себеп болуы мүмкін (370-баптың 4-бөлігі, 1-тармағы "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік"). Бұл іс бойынша тергеу аяқталды.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазір Алматы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видео жариялаған блогер Әділетхан Молдаханмен соттасып жатыр.
Олардың адвокаттарының айтуынша, видеода блогер полицияны жалған нөмір тағып, көліктерінің әйнектерін заңсыз қараңғылатқан жастарды қорғаштайды деп мәлімдеген. Оның пайымдауынша, мұндай әрекеттер жол апатына себеп болуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Алматыда Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды: зардап шеккендердің арасында ПД бастығының бұрынғы орынбасары бар