1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Алик Шпекбаев бес жылда сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүргізілгенін айтты

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асырудың бастапқы 5 жылдығын қорытындылады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ведомство басшысының Facebook желісіндегі парақшасына сілтеме жасап. 

"Достар, Сіздерді халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнімен құттықтаймын және кезекті жазбамды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асырудың бастапқы 5 жылдығын қорытындылауға арнаймын. Осы уақытта Қазақстан алдын-алу, ағартушылық және қылмыстық-құқықтық шараларды тиімді үйлестіру, сонымен бірге, жыл өткен сайын арта түскен азаматтық қоғамның қолдауы арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді", - дейді Алик Шпекбаев. 

Біріншіден, мемлекеттік аппарат неғұрлым ашық және айқын бола түсті. Азаматтардың ақпаратқа қол жетімділігін кеңейту және халықпен кері байланыстың сапасын арттыру есебінен мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтық азайды.

Мемлекеттік мекемелерде 800-ден аса оpen spaсe пен фронт-кеңселер және 100-ден аса сервистік әкімдіктер ашу арқылы Айқындылық қағидаты жүзеге асты.

Агенттік 4 облыста азаматтарға тегін құқықтық көмектер мен кеңестер беретін, қолжетімді диалог алаңы ретінде де пайдалануға болатын сервистік антикор-орталықтарын ашты.

Мұндай орталықтар жақында әрбір өңірде жұмыс істейтін болады.

Мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдарды оңтайландыру, оның ішінде әкімшілік шығындарды азайтып, қосалқы құрылымдарды орталықтандыру жұмыстары бұл үрдіске едәуір серпін берді. Осының бәрі тұтаса келгенде ықшамды және үнемді мемлекеттік аппарат құруды көздейді.

Екіншіден, үкіметтік емес сектордың рөлі біршама артты. Мұнда Nur Otan партиясының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестер маңызды орын алады.

Қоғамдық ұйымдар сындарлы диалог форматына көшті, тиісінше біз мұндай серіктестік қандай нәтиже беретініне көз жеткіздік.

Мысалы, Агенттік жанындағы арнайы мониторинг топтары азаматтық бақылауды күшейте отырып, мемлекеттік басқарудың бірқатар салаларындағы өзгерістерге жол ашты.

Біз парламентаризмді дамыту қорының қолдауымен ел бойынша ашық бюджеттердің интерактивті карталарын іске қостық.

Ал "Адалдық алаңы" жалпыұлттық жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жаңа қоғамдық бірлестіктердің пайда болуын жылдамдатты.

Азаматтардың құқықтық санасы да өсуде. Бүгінгі таңда әр өңірде сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою жұмыстарына күш-жігерін жұмсауға даяр белсенді және бірбеткей адамдар бар. Мен ондай азаматтардың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанына қуаныштымын.

Үшіншіден, ауқымды цифрландыру жұмысы, сондай-ақ фронт-кеңселері бар 348 халыққа қызмет көрсету орталығының желісі мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тұрмыстық жемқорлықты азайтып, тұтынушыларға жаңа бетбұрыс жасалды.

Біз мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен мемлекеттік мәліметтер базасының ықпалдастығын осы қарқында жалғастыра отырып, таяу жылдарда бұл саладағы жемқорлық пен бюрократияны толық жоюға қол жеткіземіз.

Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейі біршама артты. "Әдеп деңгейі қаншалықты жоғары болса, жемқорлық тәуекелі соншалықты төмен болады" деген формула бүкіл әлемде табысты жұмыс істеуде. Біз де қалыс қалмауымыз тиіс.

Шенеуніктердің дөрекілігіне, маскүнемдігіне және басқа да жөнсіз мінез-құлықтарына қоғамның уақтылы назар аударуы, сондай-ақ әдептің қатаң бақылауға алынуы ескі жағымсыз әдеттерді жоюда.

Рас, әлі де бәрі кіршіксіз емес. Дегенмен іссапар кезінде тексерілушілер мен бағынысты қызметкерлерді әуре-сарсаңға салу тыйыла бастады. Барған жерінен сыйлық алуға, оларға дастархан жайғызуға болмайтынын әркім түсінді.

Мерекелерде тәтті-дәмдіге лық толы кәрзеңкелер түгілі, болмашы сыйлық алудың өзі әдепті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы өрескел бұзу болып бағаланатынын барлық мемлекеттік қызметшілердің қаперіне салғым келеді.

Бесіншіден, мемлекеттік аппарат жасарып келеді. Отандық және шетелдік жетекші университеттерде білім алған басқарушылардың жаңа легі мемлекеттік органдардың корпоративтік мәдениетін жақсы жаққа қарай өзгертуде. Оның көпшілігі әділдік, адалдық, сатылмаушылық қасиеттерін өз бойларына сіңіріп қана қоймай, оны өзгелерге де белсенді насихаттауда.

Осы және басқа да факторлардың арқасында Дүниежүзілік банк жыл сайын жүргізетін "Мемлекеттік басқару индикаторлары" атты зерттеудегі Қазақстанның позициясы "жемқорлықты бақылау" мәселесі бойынша екі есеге өрледі. Сонымен қатар еліміз сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылды.

"Біз 2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның "басты белесінен" асып, тиімді превенцияға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай ағартушылыққа, жалпыұлттық парасаттылық пен сындарлы серіктестікке және бұлтартпас жазаны қамтамасыз етуге басымдық беретін сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюдың жаңа кезеңіне аяқ басамыз", - деп түйіндеді ведомство басшысы.