Қазақстандықтар Алматы маңында тау бөктеріндегі қоқысқа шағымданды. Қалдықтар үйіндісі танымал демалыс аймағы маңынан байқалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Tengrinews.kz оқырмандары редакцияға видео жолдады. Олардың айтуынша, бейнежазба Алматы тау бөктеріндегі "Ой-Қарағай" демалыс орнына барар жолда түсірілген. Кадрлардан демалушылардың дәл қасында, тұрақта тұрған көліктер жанындағы көгалда үйіліп жатқан қоқысты көруге болады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Әкімдік не дейді?
Алматы облысы әкімдігі жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұл учаскенің мемлекет меншігіне жатпайтынын нақтылады.
"Аталған факт бойынша тексеру жүргізіліп, бейнежазбада көрсетілген орын Талғар ауданы, Қотырбұлақ ауылында орналасқан демалыс орны екені анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша демалыс орны иесіне қатысты ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігі ("Абаттандыру қағидаларын бұзу") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған", – деп хабарлады облыс әкімдігі.
Мұндай заңбұзушылық үшін қандай жаза қарастырылған?
Қазақстанда ортақ пайдалану орындарын ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша айыппұлдар қарастырылған:
- 434-2-бап "Ортақ пайдалану орындарын ластау": белгіленбеген орындарға қалдықтарды тастау 10 АЕК (2026 жылы 43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе 40 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайталап бұзылған жағдайда айыппұл 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейін артады.
- 505-бап "Абаттандыру қағидаларын бұзу": ескерту жасауға немесе айыппұл салуға әкеп соғады. Жеке тұлғалар үшін 20 АЕК (86 500 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 30 АЕК (129 750 теңге), орта кәсіпкерлік үшін 40 АЕК (173 000 теңге), ірі кәсіпкерлік үшін 100 АЕК-ке (432 500 теңге) дейін.
Бір жыл ішінде қайталап бұзылған жағдайда айыппұл көбейеді: жеке тұлғалар үшін 30 АЕК (129 750 теңге), шағын кәсіпкерлік үшін 40 АЕК (173 000 теңге), орта кәсіпкерлік үшін 50 АЕК (216 250 теңге), ірі кәсіпкерлік үшін 300 АЕК (1 297 500 теңге).
Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктері қоқыс үшін айыппұл сала алады
Еске сала кетейік, 2026 жылдың наурызынан бастап Қазақстанда мұндай заңбұзушылықтар үшін жазалау тәртібі өзгерді. Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері қоқыс үшін азаматтар мен бизнеске өз бетінше айыппұл салу құқығына ие болды.
Бұған дейін ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-баптары бойынша хаттамаларды тек ішкі істер органдары толтыра алатын. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері бұл шара заңбұзушылықтарға тез әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.