Түрксіб ауданында тұратын алматылықтар түннен бері газдың жоқ екенін хабарлады. Олардың айтуынша, көптеген үй жылусыз қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Алматыдағы Түрксіб ауданына қарасты "Жұлдыз" ықшамауданы мен оған іргелес көшелерде кеше түннен бері жылу мен газ жоқ", - дейді тұрғындар.
QazaqGaz Aimaq АҚ өкілдері 16 қаңтарда үшінші тараптар кәріз құбырларын орнату мақсатында жүргізген жер қазу жұмыстары кезінде орта қысымды жер асты газ құбыры зақымдалғанын хабарлады.
"Оқиға жеке тұлғалардың асфальт жабындысын тескен кезде кәсіби емес әрекеттерінің салдарынан болды. Осыған байланысты Алматы өндірістік филиалы QazaqGaz Aimaq дереу зақымдалған газ құбырының учаскесін қалпына келтіру жұмыстарына кірісті", – делінген хабарламада.
Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін газ беру уақытша тоқтатылады. Бұл келесі нысандарды қамтиды:
- 8048 көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлер;
- 2543 жеке сектордағы үйлер;
- 67 коммуналдық-шаруашылық және өнеркәсіптік кәсіпорындар.
Алматылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында газ крандарын жауып, жұмыстар аяқталғанға дейін крандарды ашпау ұсынылады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!