Алматыда кәмелетке толмаған немере інісіне бірнеше рет сексуалдық сипаттағы қорлық көрсетті деп айыпталған 35 жастағы ер адамға қатысты ақтау үкімі жойылды. Іс айтарлықтай заңбұзушылықтарға байланысты жаңадан қарауға жіберілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Апелляция
Прокуратура мен баланың туыстары ақтау үкімімен келіспеді. 28 сәуірде Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы тараптардың шағымын қарады.
Прокурор соттың істі жан-жақты және объективті зерттеу туралы Қылмыстық-процестік кодекс талаптарын бұзғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол жасөспірім психологтардың қатысуымен қылмыстың мән-жайын, сондай-ақ психологиялық қысымды анық сипаттап бергенін атап өтті.
"Жәбірленуші қылмыстың уақыты мен орнын, жасалу тәсілін, оның жүйелі әрі қайталанбалы сипатын, сондай-ақ психологиялық қысым мен қорқыту деректерін егжей-тегжейлі көрсеткен. Бұл айғақтар уақыт өте келе өзгермеген және ішкі қайшылықтары жоқ", – деді прокурор.
Ол ақтау үкімін жоюды, сотталушыны Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі – "Жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
"Өлтіремін және қарындастарыңнан айырамын деп қорқытқан"
Жәбірленушінің өкілдері бірінші сатыдағы сот баланың психологиялық жағдайын ескермегенін алға тартты.
"Сот үкімде баланың көмекке шақыруға, айғайлауға немесе телефон соғуға мүмкіндігі болған дегенді негізге алып, осыған байланысты қылмыс дерегін жоққа шығаруға тырысқан. Бұл бала психологиясын мүлдем түсінбеуді білдіреді.
Зорлық-зомбылық кезінде кәмелетке толмаған бала есеңгіреп қалуы және қорқыққаннан дыбыс шығара алмауы мүмкін. Сотталушының "сені өлтіремін және қарындастарыңнан айырамын" деген қоқан-лоқылары баланың қарсылық көрсету ерік-жігерін жасытып тастаған", – деді сотта жәбірленушілердің адвокаты.
Апелляциялық алқаның шешімі
Алматы қалалық сотының сот алқасы уәждерді тыңдап, ақтау үкімінің күшін жойды. Тергеудің толық жүргізілмеуі және Қылмыстық-процестік кодекстің елеулі бұзылуы басты себеп болды.
Іс қайтадан алдын ала тыңдауға жіберілді.
Мән-жайы
Бұған дейін редакцияға 15 жастағы жасөспірімнің туысы жүгінген болатын. Оның айтуынша, 2020 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін бала мен оның екі қарындасы ағасының қамқорлығында қалған. Тергеу мәліметінше, қамқоршының ересек ұлы балаға қатысты 2022 жылдан 2025 жылға дейін зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
Жасөспірім мен оның қарындастарының түршігерлік айғақтарына қарамастан, бірінші сатыдағы сот 2025 жылғы 29 желтоқсанда ер адамды ақтап шыққан. Бұған киім мен төсек-орын жабдықтарынан сотталушының ДНҚ іздерін таппаған сараптама негіз болған. Басқа сараптама бойынша баланың психикалық ауытқулардан зардап шекпейтіні және "істің мән-жайын түсінуге әрі қарсылық көрсетуге қауқарлы болғанын" анықталған.
Сотталушы кінәсін мойындамай, айыптауларды "баланың қызғанышы" деп атады.
Қазір не болып жатыр?
Жасөспірімнің туысының айтуынша, 5 мамырда алдын ала тыңдау өтіп, сот істі жаңа айыптау актісін жасау үшін прокуратураға қайтару туралы шешім қабылдаған.
"Әділетсіз ақтау үкімінің күші жойылғанына қуаныштымыз. Қазір іс Алматы прокуратурасына қайтарылды. Біз ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етуді жалғастырамыз", – деді баланың туысы.
"Оны әкесінің бейітінің басынан таптық"
Бұған дейін туысы Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында айыпталушының отбасы өтінішті кері қайтарып алуды талап етіп, оның пәтеріне бірнеше рет басып кіргенін айтқан болатын.
Сондай-ақ іске миллион аудиториясы бар блогерлердің тартылғаны, олар баланың түрін жариялап, оны өтірік айтты деп айыптағаны хабарланған болатын. Мұндай қудалаудан кейін 2025 жылдың шілдесінде жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болған – ол түнде әкесінің бейітінің қасынан табылған.
Қазір бала әпкесімен және оның отбасымен бірге тұрады. Туысының айтуынша, оның жағдайы тұрақталған, ол жақындарының қарауында.