Алматыда балалар өрт сөндірушілерге отты тоқтатуға көмектесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда балалар өрт сөндірушілерге отты тоқтатуға көмектесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 1 қарашада Медеу ауданында болған. "Тау беткейіндегі жүріп-тұру қиын жерде қураған ағаштар өртенген. Тік жартастар мен тар жолдар өрт сөндіру машиналарының көтерілуіне мүмкіндік бермеді, от жылдам қаулап жанып жайыла бастады. Тұрғын үйлер мен саяжай үйлеріне от кету қаупі төнді. Өртке қарсы қызмет жауынгерлері өртті қол құралдары көмегімен сөндіріп бақты, жұмыс қолы жетіспеді", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, осы кезде балалар пайда болып, олар бір-біріне су толтырылған шелекті беріп отырып болыса бастаған. Алайда өрт тоқтағаннан кейін кішкентай құтқарушылар қалай келген болса, солай байқатпай кетіп қалған. Осыдан кейін өрт сөндірушілер өздерінің кішкентай көмекшілерін іздеп табуды шешті. Бірақ бала еріктілердің не аты-жөндерін, не мекенжайларын білмейтін еді. Еріктілердің арқасында балалар табылды. Олар № 99, № 64, № 29 Алматы мектептерінің оқушылары болып шықты және өрт шыққан жерге жақын жерде тұрады екен. Ең кішкентай құтқарушының жасы бар болғаны 7-де, ал үлкені 15 жаста екендігі мәлім болды.
"Олардың үйлеріне барған жауынгерлер балаларды аналарының жалғыз өсіріп отырғанын, жағдайларының да мәз еместігін көрді. Сөйтіп, қолдарынан келгенше өздеріне берілетін азық-түлікпен бөлісуді шешті. Бұқтырылған ет, қант, қарақұмық және кәмпиттер отбасыларына үлкен көмек болары сөзсіз", - дейді құтқарушылар.
Республиканың Тұңғыш Президенті Күнін мерекелеу қарсаңында кішкентай "өрт сөндірушілерге" Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде лайықты құрмет көрсетілді. Олар жалғыз келмеді, балаларын қолдауға және марапаттау рәсіміне қатысуға аналары келді.
"Бұл өрт сөндіру-құтқарушыларына көмектескісі келген Қазақстан Республикасының нағыз отансүйгіштерінің әрекеті", - деп атап өтті Алматы қалалық ТЖД бастығы өртке қарсы қызмет генерал-майоры Серік Әубәкіров.
Суреттер Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінен
"Балалар ең жоғарғы адамгершілік қасиетін таныта білді, отқа оранған беткейді көріп саспады және де өртті дереу жоюға дер кезінде көмек көрсетті. Азаматтық қорғау қызметкерлеріне өрт сөндіруде көрсеткен көмегі үшін Семенов Даниил, Семенов Кирилл, Самойлов Евгений және Миль Кондрат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Департамент атынан телевизор сыйлыққа тарту етілді. Іс-шара аяқталғаннан кейін келген қонақтар алған әсерлері жайлы және болашақта өрт сөндіру-құтқарушыларының қатарын толықтыру үмітінің барын айтып өз ойларын бөлісті", - дейді құтқарушылар.