Алматыда самокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салынады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда самокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салынады Фото © Tengrinews.kz

25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокат пайдаланушылары үшін жаңа ережелер күшіне енеді. Тротуармен жүруге тыйым салынады, ал самокатты тек жүргізуші куәлігі бар кәмелетке толған азаматтар жалға ала алады. Полиция мен кикшеринг компаниялары жаңа талаптардың орындалуын қалай бақылайтыны туралы - Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.


Самокаттар енді тротуармен жүрмейді

Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 25 тамыздан бастап электр самокат пайдаланушыларының тротуармен жүруіне тыйым салынатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, электрсамокаттарды тек кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар кәмелетке толған тұлғалар пайдалана алады.

Жаңа нормалар күшіне енгенге дейін полиция қала тұрғындарын әдеттерін өзгертуге және жаяу жүргіншілер аймағында жүрмеуге шақырады.

"Жаяу жүргіншілер аймақтары мен тротуарларға шығуға болмайды. Сондықтан тек веложолдармен немесе жолдың оң жақ шетімен қозғалуға рұқсат етіледі. 25 тамыз алыс емес. Мен мынадай принципті ұстанамын: тротуармен жүрмеуге қазірден бастап дағдылану керек", – дейді Әзірбек.

Самокаттың тротуарға шыққаны қалай анықталады?

Салтанат Әзірбек жаңа ережелердің сақталуын тек полицейлер емес, кикшеринг сервистерінің өздері де қадағалайтынын түсіндірді.

Анықтама: Кикшеринг – бұл мобильді қосымша арқылы электрсамокаттарды қысқа мерзімге жалға беру сервисі. Пайдаланушы картадан самокатты тауып, QR-кодты сканерлейді, жол ақысын төлейді және оны рұқсат етілген жерге қалдырады.

Компаниялар қазірдің өзінде техникалық шектеулерді енгізіп жатыр: егер самокат тротуарға шықса, жүйе алдымен жылдамдықты азайтады, содан кейін көлікті толық тоқтатады.

"Самокат жүруге тыйым салынған аймаққа кіргенде, жүйе кенет тоқтап қалмауы үшін алдымен жылдамдықты, мысалы, сағатына 2-3 шақырымға дейін бәсеңдетеді, содан кейін мүлдем тоқтатады. Сондықтан бұл кешенді жұмыс болады: патруль экипаждары, жаяу патрульдер және самокат мінген патрульдер адамның тротуарға шыққан кезінде анықтайды, ал жүйе тыйым салынған аймақтарда қозғалысқа автоматты түрде жол бермейді", – деді Әзірбек.

Сондай-ақ, ол жүйенің жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға электрсамокатты жалға алуға мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

Фото: Tengrinews/Болат Айтмолда

Жасөспірімдер бөтен аккаунт арқылы самокат тебе алмайды

Полиция өкілінің айтуынша, бүгінде ата-аналар мен ересектер өз аккаунттарын кәмелетке толмағандарға жиі береді. Енді бұл әдісті де шектеу жоспарланып отыр.

Әзірбек полицияның екінші деңгейлі банктер және кикшеринг компанияларымен бірлесіп, банк карталарын тексеру жүйесін әзірлеп жатқанын айтты. Егер жасөспірім жалға алу ақысын өз картасымен төлемек болса, сервис оған рұқсат бермеуі тиіс.

"Қазір ата-аналар немесе аға-әпкелері өз аккаунтын пайдалануға рұқсат беріп, олар еркін теуіп жүрген жағдайлар кездеседі. Оның үстіне олар жалға алу ақысын өзінің балаларға арналған банк картасымен төлей алады. Қазір екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, кикшеринг компаниялары "төлем жасағысы келіп тұрған жасөспірім" екенін анықтап, бұл функцияны жауып тастайтындай тетікті қарастырып жатырмыз", – деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.

Компаниялар да жауапқа тартылуы мүмкін

Егер жалға беру сервисі кәмелетке толмағандарға немесе жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға самокат берсе, полиция алдымен заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарады.

Әзірбек заңбұзушылық қайталанған жағдайда компанияға әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ прокуратурамен бірлесіп қабылданған шешім бойынша жұмысын шектеу қаупі төнуі мүмкін екенін қадап айтты.

Самокат мінгендер қай жерлерде жиі бақылауда болады?

Полиция департаменті ресми өкілінің сөзінше, электрсамокаттар қозғалысы ең қарқынды Шевченко, Қонаев көшелері мен Абай даңғылында бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, оқу жылы басталар алдында мектептер мен жоғары оқу орындарының маңында қосымша патрульдер пайда болады.

Бір самокатқа екі-үш адамнан міну

Бұл ретте полиция өкілдері бағдарламалық қамтамасыз етудің самокатта қанша адам бара жатқанын әзірге анықтай алмайтынын атап өтті.

Сондықтан мұндай заңбұзушылықтарды полиция қызметкерлері анықтауды жалғастыра береді.

"Әзірге мұндай заңбұзушылықтарды тек көзбен көріп қана анықтауға болады. Егер екі жасөспірім немесе екі жас адам (бірге - ред. ескертпесі) кетіп бара жатса, жүйе оны анықтай алмауы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларды полиция қызметкерлері анықтайды. Кейде тіпті ақылға сыймайтын жайттар болады: бір самокатқа үш адам мініп, қасына қорап та салып алады. Мұндай деректердің жолы бірден кесіліп, әкімшілік шаралар қолданылады", - деді ол.

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

200-ден аса пайдаланушы каскасыз жүргені үшін жазаланған

Анықтама. Жеке самокат иелеріне оларды тіркеу және нөмір орнату қажет емес екенін атап өткен жөн. Алайда жолдың жүру бөлігіне шыққан кезде олар Жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтауға міндетті.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, 1 сәуірден бастап полицейлер электрсамокат пайдаланушыларының қорғаныс каскасынсыз жүрген 200-ден аса жағдайын анықтаған.

Жылдамдық шектеулері самокат мінген полицейлерге де қатысты болады

Бұған дейін Алматы әкімдігі жалға берілетін электрсамокаттарға жылдамдық шектеуін енгізген болатын. Атап айтқанда:

  • сағатына 15 шақырым – велосипед жолдарында;
  • сағатына 10 шақырым – көше-жол желісінің қалған бөліктерінде;
  • 6 километрден – мектептер, ауруханалар және басқа да халық көп жиналатын орындардың маңында.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл шектеулер полиция қызметкерлері пайдаланатын самокаттарға да қолданылады.

"Алматы Полиция департаментінің жеке қызметтік самокаттары жоқ. Біз оларды меморандум аясында кикшеринг компанияларынан аламыз. Бұл самокаттарда да жылдамдық шектеуі бар және олар сағатына 25 шақырымнан аспайды. Сондықтан самокатты патрульдер де осындай шектеулермен жұмыс істейді", – деді Әзірбек.

Алматы әкімдігі тағы қандай шаралар енгізіп жатыр?

Алматы әкімдігі қалада жалға берілетін электрсамокаттар үшін жылдамдық шектеуінен бөлек, басқа да қауіпсіздік шаралары енгізіліп жатқанын хабарлады.

Мәселен, геофенсинг технологиясының көмегімен жалға берілетін электрсамокаттардың мына жерлерде қозғалуына тыйым салынады:

  • парктерде,
  • скверлерде,
  • жағалауларда және негізінен жаяу жүргіншілер жүретін басқа да қоғамдық орындарда.

Бұдан бөлек, қалада электр самокаттарға арналған тұрақ орындарының саны 4880-ден 2112-ге дейін қысқартылады, ал барлық келісілген тұрақ аймақтары операторлардың есебінен арнайы жол белгілерімен жабдықталады. Әкімдік бұл шара самокаттарды орналастыруды ретке келтіруге және бейберекет тұраққа қою жағдайларын азайтуға көмектеседі деп есептейді.

Осы жазда самокаттарға қатысты тағы не өзгерді?

1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану бойынша жаңа талаптар күшіне енді.

Енді жалға беруші компаниялар самокаттарды тіркеуге, оларға сәйкестендіру нөмірлерін орнатуға, сақтандыруды рәсімдеуге, көліктің техникалық жағдайын бақылауға және арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыруға міндетті.

Сондай-ақ операторлар пайдаланушының жеке басын және оның жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруі тиіс.

Кәмелетке толмағандарға самокат жалдауға тыйым салынды.

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Электр самокаттармен велосипед жолдарында, жол жиектерінде және жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетінде қозғалуға рұқсат етіледі. 25 тамыздан бастап тротуармен жүруге тыйым салынады.

Бұдан бөлек, электрсамокат тізгіндеушілер сақтауы тиіс тағы бірқатар ережелер бар.

Тыйым салынады:

  • рульді ұстамай жүруге (рульді тым болмаса бір қолмен ұстау керек);
  • жолаушылар мен көлемді жүкті тасымалдауға (егер ол 50 сантиметрден астам шығып тұрса);
  • тіркеуге немесе ілінісуге (скутерлерге/велосипедтерге арнайы жасалған тіркемелерді қоспағанда);
  • жаяу жүргіншілер өткелінен өтуге - самокаттан түсіп, оны қатар алып жүру керек;
  • түнде жолда жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге;
  • жолдың жүру бөлігінде шлемді байламай жүруге.

Электрсамокатты пайдалану кезінде жол жүрісі қағидаларын сақтау апаттар мен жарақат алу қаупін азайтуға көмектесетінін, сондай-ақ пайдаланушылар мен жаяу жүргіншілер үшін қозғалыс қауіпсіздігін арттыратынын атап өтеміз.

Читайте также

Валюта бағамы

 468.27   534.16   6.13 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +28
Астана +23
Ақтау +29
Ақтөбе +21
Атырау +27
Б
Балқаш +28
Ж
Жезқазған +21
Қ
Қарағанды +21
К
Көкшетау +20
Қ
Қостанай +33
Қызылорда +21
П
Павлодар +19
Петропавл +25
С
Семей +25
Т
Талдықорған +27
Тараз +33
Түркістан +21
О
Орал +24
Ө
Өскемен +29
Ш
Шымкент +30

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер