2026 жылдың шілдесі қазақстандықтар үшін түрлі саладағы ауқымды өзгерістерге толы болады. Елде жаңа Конституция қолданысқа еніп, тұтынушылық несие беру тәртібі өзгереді. Электрсамокаттарды пайдаланудың жаңа талаптары күшіне еніп, ҰБТ мен білім гранттарына өтінім қабылдау науқаны аяқталады. Осы және өзге де өзгерістердің егжей-тегжейі -Tengrinews.kz материалында.
2026 жылдың шілдесі қазақстандықтар үшін түрлі саладағы ауқымды өзгерістерге толы болады. Елде жаңа Конституция қолданысқа еніп, тұтынушылық несие беру тәртібі өзгереді. Электрсамокаттарды пайдаланудың жаңа талаптары күшіне еніп, ҰБТ мен білім гранттарына өтінім қабылдау науқаны аяқталады. Осы және өзге де өзгерістердің егжей-тегжейі -Tengrinews.kz материалында.
Жаңа Конституция күшіне енеді
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
1 шілдеден бастап Қазақстанда 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар бұрынғы Негізгі заң өз күшін жояды.
Басты өзгерістердің бірі - екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу. Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттіктері тоқтатылады. Жаңа Парламент депутаттарының сайлауы тамызға жоспарланған.
Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болады. Оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды. Вице-президент Парламентте, халықаралық іс-шараларда Мемлекет басшысының атынан өкілдік ете алады және Мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларын орындайды.
Тағы бір жаңа институт Халық кеңесі болмақ. Ол жоғары консультативтік орган мәртебесіне және заңнамалық бастама құқығына ие болады. Кеңес мемлекет пен қоғам арасындағы диалог алаңына айналуы тиіс.
Жаңа жүйеге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, жаңа Конституцияның 95-бабына сәйкес, ол күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуы тиіс:
- Бас прокурор;
- Ұлттық банк төрағасы;
- Жоғарғы сот төрағасы;
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы;
- Жоғары сот кеңесінің төрағасы;
- Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Жаңа Конституция мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Банк қосымшаларына кірудің жаңа ережелері
Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
12 шілдеден бастап банктер, микроқаржы және төлем ұйымдары үшін биометриялық аутентификацияның бірыңғай ережелері күшіне енеді.
Биометриялық тексеру міндетті болады. Бұл, атап айтқанда, банк қосымшасында алғашқы тіркелуге, шотты қашықтан ашуға, клиент деректерін жаңартуға және реттеуші белгілеген мөлшерде қарыз рәсімдеуге қатысты.
Бұл ретте қазақстандықтар қосымшаға әр кірген сайын бет-әлпетін тексеруден өтуі керек деген сөз емес. Жаңа ережелер банк ұлттық биометриялық жүйе арқылы клиенттің жеке басын растауға міндетті болатын нақты операциялар мен жағдайларды айқындайды. Тиісті қаулы осы жерде жарияланды.
Салық бойынша ірі қарызы бар қазақстандықтардың шетелге шығуына тыйым салынуы мүмкін
Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
1 шілдеден бастап салық органдары заңды тұлғалардың бірінші басшыларының, құрылымдық бөлімшелер басшыларының, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың Қазақстаннан шығуын уақытша шектеуге құқылы болады.
Бұл шара егер олардың салықтық берешегі 27 мың АЕК-тен немесе 2026 жылы 116 миллион 775 мың теңгеден асса және 3 айдан астам уақыт бойы өтелмей қалса қолданылуы мүмкін.
Тыйым автоматты түрде енгізілмейді. Шығуды шектеу үшін мемлекеттік кіріс органының сот санкция берген қаулысы қажет болады. Берешек өтелгеннен кейін шектеу алып тасталуы тиіс. Сондай-ақ, егер адамға емделу үшін шетелге шығу қажет болса, ол уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Ресейге кіру талаптары өзгереді
Фото: depositphotos.com
Осы жылдың 1 шілдесінен Ресейге жұмыс істеуге немесе оқуға баратын қазақстандықтар үшін қосымша талаптар енгізіледі.
Оларға ruID мобильді қосымшасында дербес профиль жасап, шекарадан өтерден кемінде 72 сағат бұрын келу туралы электрон өтініш беру қажет болады.
Өтініш қаралғаннан кейін қосымшада дербес QR-код қалыптасады. Ол өтініш берілген сәттен бастап 90 күн бойы жарамды болады.
Бұл ретте Қазақстан мен Ресей арасындағы визасыз режим сақталады.
Электрсамокаттарға арналған ережелер қатаңдатылады
Фото © Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану ережелері мен кикшеринг сервистерінің жұмысы өзгереді.
Жалға беруші компаниялар самокаттарды тіркеуге, оларға сәйкестендіру нөмірлерін орнатуға, сақтандыруды ресімдеуге, көліктің техникалық жағдайын бақылауға және арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыруға міндетті болады.
Сондай-ақ операторлар пайдаланушының жеке басын және оның жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруі тиіс.
Электрсамокаттармен веложолдарда, жол жиегінде және жүру бөлігінің оң жақ шетінде қозғалуға рұқсат етіледі. Арнайы бөлінген орындарды қоспағанда, тротуармен жүруге шектеу қойылады.
Бұл ретте міндетті нөмірлер мен тіркеу, ең алдымен, жалға берілетін электрсамокаттарға қатысты. Жеке самокат иелеріне оларды тіркеу және нөмір орнату талап етілмейді. Дегенмен, жолдың жүру бөлігіне шыққан кезде олар Жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтауға міндетті.
"Автоматпен" жүретін жүргізушілерге "механиканы" басқаруға рұқсат беріледі
Фото © Тұрар Қазанғапов
12 шілдеден бастап жүргізуші куәліктерінен беріліс қорабының түрі туралы белгі алынып тасталады. Бұған дейін автоматты беріліс қорабы бар автокөлікпен практикалық емтихан тапсырған адам механикалық беріліс қорабы бар көлікті заңды түрде басқара алмайтын. Енді бұл шектеу жойылады.
Сондай-ақ автокөліктерді тіркеу және сату ережелері өзгереді. Сатып алу-сату мәмілелерін электрондық үкімет порталы немесе банктік қосымшалар арқылы сатушы мен сатып алушының электрондық цифрлық қолтаңбаларының көмегімен қашықтан ресімдеуге болады.
Автокөлікті тексеру цифрлық форматқа көшіріледі, ал көлік туралы мәліметтер мен оның сәйкестендіру нөмірлері фотоға түсіріліп, тіркеледі. Сондай-ақ қазақстандықтар өз аттарына тіркелген автокөліктер туралы цифрлық анықтамаларды тегін ала алады.
Бірыңғай QR-код іске қосылады
Фото: depositphotos.com
19 шілдеде Қазақстанда бірыңғай банкаралық QR-кодты іске қосу жоспарланған.
Ол клиенттерге сатушыда қай банктің QR-коды тұрғанына қарамастан, өз банкінің қосымшасы арқылы төлем жасауға мүмкіндік беруі тиіс. Қазіргі уақытта сауда нүктелерінде көбіне бірнеше банктің QR-кодтары қатар тұрады.
Бірыңғай стандарт сатып алушылар мен бизнес үшін төлемдерді жеңілдетеді деп күтіледі. Бұл ретте нақты банктердің қосылу мерзімі мен сервистің олардың клиенттері үшін қолжетімділігі әртүрлі болуы мүмкін.
Әкімдіктер жалдамалы пәтерлерді тексере алады
12 шілдеден бастап жалдау ақысын мемлекет ішінара төлейтін пәтерлерді бақылау ережелері өзгереді.
Әкімдіктер мен Отбасы банк тұрғын үй көмегін алушылардың құжаттарда көрсетілген мекенжай бойынша шынымен тұрып жатқанын тексере алады.
Тексерулер қазақстандықтардың барлық пәтеріне қатысты болмайды. Сөз халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалдау ақысын мемлекет 50 пайызға субсидиялайтын тұрғын үйлер туралы болып отыр. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
Аулалар мен қоғамдық орындарды күтіп ұстаудың жаңа ережелері енгізіледі
Сурет нейрожелі көмегімен жасалған
1 шілдеден бастап Қазақстанда қалалар мен елді мекендерді көркейтудің үлгілік қағидалары қолданысқа енгізіледі.
Құжат аулаларды, қасбеттерді, қоршауларды, тұрақтарды, контейнерлік алаңдарды, құрылыс нысандарын және дүкендер мен басқа да ұйымдардың іргелес аумақтарын күтіп ұстау талаптарын белгілейді.
Жеке үй иелері қасбеттер мен қоршаулардың жағдайын қадағалауға, мекенжай тақтайшаларын орнатуға, іргелес аумақты жинауға, арамшөптерді жоюға және жасыл желектерді күтіп-баптауға міндетті болады.
Құрылыс қалдықтарын кәдімгі қоқыс контейнерлеріне тастауға болмайды - оларды меншік иелері бөлек шығаруы тиіс.
Үй жануарларының иелері қоғамдық орындарда жануарларының артынан тазалауға міндеттеледі.
Салық кодексінде "тенге" сөзі "теңге" болып өзгереді
Фото: depositphotos.com
1 шілдеден бастап Салық кодексінің орыс тіліндегі мәтінінде "тенге" сөзі "теңге" болып ауыстырылады.
Бұл – заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіруге байланысты заң терминологиясындағы техникалық өзгеріс.
Валюта атауын өзгерту, ақшаны алмастыру немесе банкноттар мен монеталардың сыртқы түрін өзгерту жоспарланбаған.
Негізгі ҰБТ аяқталады
Фото: instagram.com/testcenterkz
10 шілде негізгі бірыңғай ұлттық тест тапсыру кезеңі аяқталады.
Түлектер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, білім беру гранты конкурсына қатысу үшін ең жақсы нәтижені таңдай алады.
Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау қажет. Құқық, педагогика және медицинаны қоса алғанда, бірқатар бағыттар бойынша бөлек жоғары шекті балдар белгіленген.
Білім беру гранттарына өтінім қабылдау басталады
Фото: depositphotos.com
Ал 13-20 шілде аралығында талапкерлер мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алады.
Құжаттар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары мен виртуалды комиссиялар арқылы қабылданады. Өтініш беру кезінде талапкерлер бірнеше білім беру бағдарламасы мен оқу орнын көрсете алады.
Конкурс нәтижелерін тамыз айында жариялау жоспарланған.
Қазақстандықтарды қосымша демалыс күні күтіп тұр
Фото © Тұрар Қазанғапов
6 шілдеде Қазақстанда Елорда күні атап өтіледі. 2026 жылы бұл мереке дүйсенбіге сәйкес келеді.
Бес күндік жұмыс аптасында істейтін қазақстандықтар қатарынан 3 күн демалады - 4, 5 және 6 шілде. Шілде айында бес күндік жұмыс аптасында барлығы 22 жұмыс күні мен 9 демалыс күні болады.
Алты күндік жұмыс аптасында 4 шілде жұмыс күні, ал 5 және 6 шілде демалыс күндері болады.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімін жариялайды
Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
24 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды.
Мөлшерлеменің өзгеруіне алдын ала кепілдік берілмейді: реттеуші оны инфляция мен экономикадағы жағдайға байланысты бұрынғы деңгейде сақтауы, көтеруі немесе төмендетуі мүмкін.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім экономикадағы ақша құнына, соның ішінде депозиттер мен несиелер бойынша мөлшерлемелерге әсер етеді.
Маусым айында базалық мөлшерлеме жылдық 18 пайыздан 17 пайызға дейін +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен төмендетілді.
БАӘ-ге кейбір рейстер қайта басталады
Фото: depositphotos.com
10 шілдеден бастап Air Astana Астанадан Дубайға рейстерді қайта бастауды жоспарлап отыр. Тасымалдаушы Алматыдан ұшуды 20 маусымнан бастап қалпына келтіре бастады.
Ұшу Иранның жабылған әуе кеңістігін айналып өтіп, Пәкістан арқылы жүзеге асырылады. Әуе компаниясы рейстер кестесі мен жиілігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
Бұл ретте Қазақстан СІМ азаматтарға жағдай толық тұрақталғанша, мүмкіндігінше өңір елдеріне, соның ішінде БАӘ-ге аса қажеттілігі жоқ сапарлардан бас тартуды ұсынады.
Қазақстан мұнай өндіруді арттыра алады
Фото: depositphotos.com
Шілде айынан бастап Қазақстан және ОПЕК+ құрамындағы тағы бірнеше ел үшін мұнай өндірудің рұқсат етілген деңгейі артады.
Қатысушы елдер үшін мұнай өндірудің жалпы өсімі тәулігіне 188 мың баррельді құрайды. Шешім әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды ескере отырып қабылданды.
Қарапайым азаматтар үшін бұл өзгеріс бензин бағасының автоматты түрде төмендеуін немесе көтерілуін білдірмейді. Дегенмен, өндіру көлемі мен мұнайдың әлемдік құны Қазақстанның экспорттық кірістері мен экономикасына әсер етеді.
Алматыда кезекші ХҚКО-лар жұмыс істей бастайды
Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Шілде айынан бастап Алматыда екі кезекші ХҚКО және және екі кезекші мамандандырылған ХҚКО жұмыс істейтін болады.
Бұл туралы толығырақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы хабарлады. Толық ақпаратты оқи аласыздар мына сілтеме.
Астанада Қорғалжын тасжолындағы қозғалыс өзгереді
Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
1 шілдеден бастап Астанадағы Қорғалжын тасжолында көлік қозғалысының сызбасы өзгереді. Екі бағыттағы көліктер қозғалады тек жолдың бір жағымен жүреді. Алдағы жұмыстар туралы толығырақ елорда әкімдігінің Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығынан білуге болады.
Шілдеде ауа райы қандай болады?
Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
"Қазгидрометтің" алдын ала болжамы бойынша, шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық норма шамасында болады деп күтіледі.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда ай әдеттегіден ыстық болуы мүмкін. Кейбір күндері елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында температура 39-44 градусқа дейін көтерілуі ықтимал.
Сонымен қатар, ай бойы температураның күрт өзгеруі, жаңбыр, найзағай, желдің күшеюі және бұршақ жаууы күтіледі. Синоптиктер айлық болжам консультативті екенін және ол қысқа мерзімді болжамдармен нақтыланатынын баса айтады.
Қандай өзгерістер әзірге тек талқыланып жатыр?
Temu және AliExpress-тен сатып алудың жаңа ережелері
Сурет Grok нейрожелісінің көмегімен жасалған
Бұған дейін 1 шілдеден бастап қазақстандықтар шетелдік маркетплейстерден тауарларға жаңа ережелер бойынша тапсырыс беруге тура келетіні хабарланған.
Дегенмен Қаржы министрлігі бұл өзгерістерді 2026 жылдың екінші жартысында енгізу жоспарланып отырғанын нақтылады. Жаңа тәртіптің іске қосылатын нақты күні әзірге белгісіз.
Құны 200 еуроға дейінгі (шамамен 142 500 теңге) тауарлар кедендік баж салығынсыз және ҚҚС-сыз әкелінеді деп болжанды. Егер сатып алу құны 200 еуродан асса, 5 пайыз көлемінде кедендік баж салығын және 16 пайыз ҚҚС төлеу қажет болады. Ал 31 килограммдық салмақ шектеуін алып тастау жоспарланған.
МӘМС жүйесіндегі жаңа қызметтер
Фото: depositphotos.com
Денсаулық сақтау министрлігі 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде төленетін қызметтер тізбесін кеңейтуді ұсынды.
Жобаға жұлын бұлшықет атрофиясы гендерін тасымалдаушылыққа скрининг жасау, сондай-ақ онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу, соның ішінде сәулелік терапия мен томотерапия тарифтерін өзгерту енгізілді.
Алайда материалды дайындау кезінде құжат әлі де жоба күйінде қалып, жария талқылау сатысында болды.
Үкімет зейнетақы жүйесі бойынша ұсыныстар алады
Фото: depositphotos.com
Шілде айының басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үкіметке зейнетақы жүйесін одан әрі өзгерту бойынша үкіметке біріктірілген ұстаным ұсынуды жоспарлап отыр.
Талқылауда зейнетақы төлемдерінің құрылымы, базалық зейнетақының, міндетті және ерікті жинақтардың рөлі, сондай-ақ зейнетке шыққаннан кейін лайықты табысты қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.
Бұл ретте 1 шілдеден бастап зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібі тікелей өзгермейді. Сөз әлі де қаралып, заңнамалық түзетулер ретінде ресімделуі тиіс ұсыныстар туралы болып отыр.
Жұмыс іздеу сервистері табыс туралы мәліметтерді беруге міндеттелуі мүмкін
Фото: depositphotos.com
Жұмыс іздеуге арналған интернет-платформалар мен мобильді қосымшалардың операторларын сот орындаушыларына алимент бойынша борышкерлердің табысы туралы мәліметтерді ұсынуға міндеттеу жоспарланған.
Бұл платформалық жұмыспен қамту сервистері арқылы еңбек ететін азаматтардың табысын анықтауға және олардан алимент өндіріп алуға мүмкіндік береді.
Алайда жарияланған материалда Мәжіліс қабылдап, Сенатқа жолдаған заң жобасы туралы айтылған. Бұл норманың күшіне енуінің нақты күні ресми түрде жарияланған жоқ.
Электр энергиясы тарифтерінің көтерілуі әзірге тоқтатылды
Фото: depositphotos.com
Энергетика министрлігі 1 шілдеден бастап 60 энергия өндіруші ұйым үшін шекті тарифтерді қайта қарауды жоспарлаған болатын. Ведомство мұны энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін сақтау және жабдықтарды жөндеуді қаржыландыру қажеттілігімен түсіндірді.
Бұл ретте әңгіме халық үшін электр энергиясы құнының тікелей автоматты түрде көтерілуі емес, энергия өндіруші ұйымдардың көтерме тарифтері туралы болды.
Алайда 24 маусымда тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталынан қайтарып алынды. Сондықтан 1 шілдеден бастап тарифтердің көтерілуі ресми түрде бекітілген жоқ.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда ипотекалық қарыздар бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді 20 пайызға дейін төмендету жоспарланған болатын, бірақ кейінірек реттеушілер бұл мерзімді 2027 жылға ауыстырды.