1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Алматыдағы әскери госпитальден соңғы науқас сауығып шықты21 тамыз 2020, 13:57

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы әскери госпитальге коронавирус инфекциясымен түскен соңғы науқас сауығып шықты. Ол 59 жастағы Галина Жукова, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпарат бойынша, жалпы әскери госпитальде 800-ге жуық адам, оның ішінде әскери қызметкерлер емделіп шықты.

"Науқастардың шамамен 40 пайызы сырқаттың ауыр ағымымен қабылданған, сонымен қатар науқастардың жартысынан көбі коронавирустық инфекциядан бөлек қан айналымы жүйесі, тыныс алу органдары, эндокриндік патология секілді аурулары бар егде жастағы адамдар болды. Әскери дәрігерлердің алдында міндеттердің бірі - аурудың асқынуын алдын алу және емдеу жүргізу еді", - делінген хабарламада.

Әскери-медициналық мекеме бастығының айтуынша, госпитальдің материалдық-техникалық базасы науқастардың орналасуы мен тамақтану мәселелерімен қоса алғанда емдік-диагностикалық процесті толық көлемде жүргізуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, 3 тамыздан бастап Ресейден келген әскери дәрігерлермен бірлескен жұмыс басталды. COVID-19-дан емдеу мен тәжірибе алмасу бойынша біршама мәселелер пысықталды.

Айта кетейік, көптеген әскери медициналық мекеме коронавирус анықталған науқастарды емдеуге және оқшаулауға қатысатын емдік-профилактикалық мекемелер тізіміне енгізілген болатын. Медициналық мекемелер карантиндік, провизорлық және инфекциялық стационарлардың талаптарына сәйкес қайта құрылған еді.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 


Ұлттық валюта нығайды