Түркістан облысының Арыс қаласында мас күйінде көлік тізгіндеген әйел адамдарды қағып кетті. Салдарынан үш адам, оның ішінде екі бала қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
БАҚ беттерінде Арыста болған жантүршігерлік жол апаты туралы ақпарат тарады.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, көлік тізгіндеген әйел жеке үйдің қоршауына соғылған. Ол жерде, үй маңындағы орындықта адамдар отырған.
Полиция не деді?
Өңірлік полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдіріп, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, Арыста JAC маркалы автокөліктің жүргізушісі мас күйінде бірнеше адамды қағып кеткен", – деп хабарлады ведомство.
Әйел қылмыс орнынан қашып кеткен. Алайда оның жеке басы анықталып, ұсталды.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жол апаты салдарынан оқиға орнында үш адам, соның ішінде кәмелетке толмаған екі бала көз жұмды. Тағы екі зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізілді, оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр", – деп хабарлады полиция.
Биыл сәуірде Түркістан облысында жарысқа бара жатқан балалар жол апатында қаза тапқан еді. Полиция мәліметінше, жас спортшылар мінген жеңіл көлік турнирге бара жатқан жолда апатқа ұшыраған.
Салдарынан үш жолаушы қаза тапты. Көлік тізгінінде балаларды жарысқа апара жатқан жаттықтырушы болған.