22 тамыз 2022 16:32

"Атакент" аумағында заманауи инфрақұрылымы бар жаңа спорттық-сауықтыру кешені ашылады

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Дельфин" спорттық-сауықтыру кешенін қайта құру жобасы. Фото "Атакент" ҚІЫО" АҚ баспасөз-қызметі "Дельфин" спорттық-сауықтыру кешенін қайта құру жобасы. Фото "Атакент" ҚІЫО" АҚ баспасөз-қызметі

Заманауи спорттық-сауықтыру кешені "Атакент" ҚІЫО аумағында пайда болмақ. "Дельфин" спорт нысанын қайта жөндеуден өткізгеннен кейін мұнда ересектер мен балалар жыл бойы барынша қолайлы жағдайда түрлі спорт түрлерімен және физикалық белсенділікпен айналыса алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz "Атакент" ҚІЫО" АҚ баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.


Заманауи спорттық-сауықтыру кешені "Атакент" ҚІЫО аумағында пайда болмақ. "Дельфин" спорт нысанын қайта жөндеуден өткізгеннен кейін мұнда ересектер мен балалар жыл бойы барынша қолайлы жағдайда түрлі спорт түрлерімен және физикалық белсенділікпен айналыса алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz "Атакент" ҚІЫО" АҚ баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.

"Атакент" қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығы жыл сайын 50-60 ірі ұлттық және халықаралық көрмелерді қабылдайтын, Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей көпфункционалды кешен ретінде танымал. Көрме орталығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі - демалыс индустриясын құру және халықтың салауатты өмір салтын қолдау.

Жалпы ауданы 23 мың шаршы метр болатын спорттық-сауықтыру кешені "Атакент" аумағының саябақ бөлігімен шекарада орналасатын болады. Спорт нысанының барлық төрт фасадының дизайны мен сәулеттік элементтері көрме орталығы саябақ аймағының сыртқы келбетімен үйлесім табады. Қайталанбас сәулеттік келбетінің және бірегей құрылыс шешімдерінің арқасында жоба кешен аумағындағы ескірген және қайта құруды талап ететін спорттық нысанды алмастырады.

Жаңартылған кешеннің инфрақұрылымына олимпиадалық стандарттың екі бассейні, жаттығу және гимнастика залдары, жекпе-жек, бокс және күрес, хореография және би сабақтарына арналған залдар кіреді. Сондай-ақ спорт ғимаратының аумағында баскетбол мен волейбол ойнауға арналған арнайы алаңдар да орын тебеді.

Бұдан басқа, спорт нысанында сауықтыру және демалу үшін арнайы орындар, душ бөлмесі, массаж кабинеті, киім шешетін бөлмелер, медициналық кабинет пен жаттықтырушылар бөлмелері қарастырылған.

"Кешеннің негізгі мақсаты - қоғамдық және көпфункционалды спорт орталығына айналу, сондықтан біз кешенімізде ең танымал спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігін қарастырдық. Ең бастысы, біздің орталықта спортпен айналысу жасына және дайындығының деңгейіне қарамастан барлығына дерлік қолжетімді болады. Ескі кешен көп адам санына арналмаған, моральдық тұрғыдан ескірген және техникалық талаптарға сай емес. Жаңа жоба спорт және белсенді өмір салтына арналған барлық заманауи шешімдерді қамтиды. Тағы бір жаңа спорт кешені қала тұрғындары үшін керемет сыйлық болады деп үміттенеміз", - дейді жоба істерінің жетекшісі Азат Жиенбаев.

Нысанды қайта жаңарту "Атакент" ҚІЫО өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.  Сондай-ақ, спорт кешені айналасындағы қолданыстағы логистика мен жол инфрақұрылымы өзгеріссіз қалатынын және ешқандай өзгерістерге ұшырамайтынын атап өткен жөн. Спорт кешені жобаның тұжырымдамасына сәйкес, залдағы дисциплиналар санатындағы әртүрлі секциялардағы балалардың жаттығу процесіне және жаттығу залы мен түрлі топтық секцияларда ересектердің спортпен шұғылдануына бағдарланады.

Жаңа кешеннің келушілеріне бокс, каратэ, дзюдо, таэквондо, самбо, MMA, джиу-джитсу, күрес, аэробика, йога, жүзу, кроссфит, гимнастика және хореография сабақтары қолжетімді болады.

Спорт кешенінің орташа күнделікті тұтынушылар ағыны шамамен 2,5 мың адамды құрайды.

Ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен шұғылдануы үшін жағдайды ұйымдастыру да жаңартылған кешеннің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан кешен ерекше қажеттіліктері бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы жабдықтармен жабдықталады. Мүгедек балалардың инклюзиясын қолдау үшін оңалту кабинетін ашу жоспарланған

Экологиялылық пен табиғатқа жақындық - осы жобаны құрудың бастапқы нүктесі, ал жасыл желектер спорттық-сауықтыру кешенінің ажырамас бір бөлігі болмақ. Мысалы, маңызды бір міндет кешен аумағында көптеген жылдар бойы бой көтеріп тұрған 16 қарағайды жасыл бақ ретінде нысанның орталық бөлігіне кірістіру болды.

Атакент ең алдымен, қоғамдық саябақ емес, көрме алаңы ұғымын білдіре тұрса да, ол жасыл орталық болып қала береді. Бүгінгі таңда кешен аумағында 10 400-ден астам түрлі ағаштар өседі. Саябақ аймағын көгалдандыру бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Кешен қызметкерлері "Журналистер аллеясындағы", "Олжас Сүлейменов аллеясындағы", "Ардагерлер аллеясындағы" және "ITECA аллеясындағы" жасыл желектерге күтім жасайды. 1992 жылдан бастап "Атакент" ҚІЫО ақ өз аумағында 5894 жасыл желек отырғызды. Алдағы уақытта тағы 170 ағаш отырғызу жоспарланған.

Атлеттерді дайындау және оңалту блогына ерекше назар аударылмақ.  Нысанның әмбебап мақсаты оның қабырғаларында көптеген спорт түрлері бойынша спортшылар үшін толыққанды жаттығу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бір орында жаттығу жиынын өткізу спортшыларға дайындыққа ден  қойып, басқа нәрселерге алаңдамауына жағдай тудырады, бұл өз кезегінде үздік нәтижелерге қол жеткізуде септігін тигізеді.

Оқу-жаттығу жиындарында спортшылар қатаң кесте бойынша шынығады және қарқынды еңбек етеді, сондықтан олар үшін ыңғайлылықтың еш артықтығы жоқ. Оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға келген спортшылар мұнда белгілі бір уақытқа ғана тоқтай алады, өйткені блок тұрақты тұруға арналмаған. Спортшылар дайындық пен жаттығудан кейінгі қалпына келуі үшін қажеттіліктің барлығын ала алады. Осылайша, нысан Қазақстанның кез келген аймақтарынан келген спорт командаларының барлық талаптарын қанағаттандыруға қабілетті және мықты спорт рухымен жігерленген жаңа ұрпақты тәрбиелеуге жәрдемдесуге арналған.

Спорт ғимаратын қайта жаңартуды 2024 жылдың ортасына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Пайдалануға берілгеннен кейін спорттық-сауықтыру кешені спорт пен салауатты өмір салты әуесшілдерінің бағыт алар орталығына айналады деп күтілуде.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети