Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азановаға соқыр ішек диагнозы дер кезінде қойылмай, 13 жастағы ұлы Исмаилдан айырылғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексерудің қорытындысы берілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, анасының өтінішінен кейін Ақтау қалалық №2 емханасы мен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Тексеру барысында медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастырушылық-тактикалық, емдеу-диагностикалық және медициналық құжаттарды толтыруға қатысты заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Атап айтқанда, қабылдау бөлімінде баланың жағдайы бірнеше рет тиісті деңгейде тексерілмеген, оны ауруханаға жатқызудан төрт рет бас тартылған. Соның салдарынан бала ауруханаға жағдайы ауырлап кеткен кезде ғана түскен.
Сондай-ақ баланың жағдайы күрделі болғанына қарамастан, дәрігерлердің міндетті консилиумы өткізілмеген. Медициналық құжаттар талапқа сай толтырылмаған, анасының шағымдары мен баланың денсаулық жағдайына толыққанды баға берілмеген. Бұдан бөлек, пациентті бейінді мамандарға жіберу жөніндегі ұсынымдар дер кезінде орындалмаған.
Тексеру қорытындысы бойынша ананың шағымы негізді деп танылды. Медициналық ұйымдар басшыларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға қатысты экономикалық ықпал ету шараларын қолданды.
Ақтау қалалық прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы - "Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" бойынша қылмыстық іс тіркеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Осыған қарамастан, Жұлдыз Азанова қабылданған шараларды жеткіліксіз деп санайды. Оның айтуынша, 24 шілдеде Маңғыстау облысы әкімдігінің алдында кінәлілердің әділ жазалануын талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізуді жоспарлап отыр.