Азаматтардың ұсынысының әрқилылығы билік жүйесінің шалалығын көрсетеді - Назарбаев

01 Наурыз 2017, 12:28
10
Азаматтардың ұсынысының әрқилылығы билік жүйесінің шалалығын көрсетеді - Назарбаев - Нұрсұлтан Назарбаев. © Тұрар Қазанғапов
Нұрсұлтан Назарбаев. © Тұрар Қазанғапов

Азаматтардың ұсыныстарының әрқилылығы билік жүйесінің шалалығын көрсетеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жұмыс тобының қорытынды отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Азаматтар ұсынған пікірлердің әрқилылығы біздің кемшілігімізді және билік жүйесіндегі шалалықты көрсетеді. Біздің ендігіде немен айналысуымыз керектігін, әсіресе құқық қорғау органдарының әрменгі ісін көрсетеді. Біз де өлім жазасы бойынша пікір білдірдік, басқа да мәселелер бойынша сөйледік... Жұмыс тобы іріктеп, маңыздыларын қалдыруы керек. Азаматтардың айтып жатқан ұсыныстарын қабылдау керек - әрине, барлығын бірдей осы кезеңде алмаймыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президент азаматтардың барлық ұсынысы есепке алынып, назарсыз қалмайтынын айтты. "Ештеңе де тұрақтап қалмайды, процесс жүріп жатыр, өмір жалғасады, барлығы даму үстінде. Уақыттың талабымен белгілі бір өзгерістер енгізілетін шығар", - деді Елбасы. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның президенттік республика болып қалатынын, бірақ реформадан кейін биліктің әр тармағы толық құзыретке ие болатынын және тәуелсіз жұмыс істейтінін хабарлады. "Мұның барлығы президенттің құзыретін биліктің басқа тармақтары арасында үлестіру үшін жасалып отыр. Өзге елдерде керісінше, президенттің құзыретті кеңейту үшін реформалар өткізіліп, Конституцияға өзгерістер енгізіледі. Ал бізде басқаша, себебі 25 жыл ішінде басқарудың президенттің жүйесі алға қойылған міндеттерді орындады", - деді Назарбаев.

Осыған дейін Жұмыс тобының басшысы Әділбек Жақсыбеков Президентке қазақстандықтардың Конституцияға ұсынған негізгі өзгерістері жайлы баяндаған болатын. Жақсыбековтың айтуынша, қазақстандықтардан алты мыңнан аса ұсыныс келген. Олар Конституцияның 98 бабының 63 бабына қатысты мәселелерді қозғап жатыр. Ол баптар негізгі заңның барлық бөлімін қамтиды. Ұсыныстар әр түрлі, тек жобалармен тоқтап қалған емес. Осылайша қазақстандықтар ұсынған өзгерістер бірнеше блокка бөлінді.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік жиында билік тармақтарын үлестіру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.

"Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын. Бұл - Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым", - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға жасаған үндеуінде

2017 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Президенті биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша жұмыс тобымен кездескен еді. Мемлекет басшысы отырыста мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өткен болатын.

Ал 13 қаңтарда Ақорда Мемлекеттік билік өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының тізімін жариялаған еді. 

24 ақпанда жұмыс тобы "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылау мерзімінің аяқталғанын мәлімдеді.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (10)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай