Ақтөбе маңында 11 жасар бала ойын алаңында ауыр жарақат алды. Ол жерден шығып тұрған темір қазыққа құлап, ота үстеліне түсті. Ата-анасы кінәлілерді іздеп, шенеуніктер мердігермен соттасып жатқанда, дәрігерлер жазғы демалыс басталысымен балалар жарақаты күрт артатынын ескертеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Соңғы қоңырауға дайындалудың орнына аурухана палатасында жатыр - таңғыш пен қатты ауырсыну. 11 жасар Әмір осыдан бірнеше күн бұрын ғана аулада достарымен ойнап жүрсе, бүгінде аяғын баса алмайды.

Бала үй маңындағы алаңда ойнап жүріп, жерден шығып тұрған темір қазыққа құлаған.
Жарақат өте ауыр болып шықты: аяғының бұлшықетіне дейінгі терісінің үлкен бөлігі сыдырылып кеткен. Бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оған ота жасалды.
"Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, жарасы өте терең болды. Оған шұғыл ота жасалып, тігіс салынды. Ең қорқыныштысы, мұнда балалар үнемі ойнайды. Жазда мұнда бала көп, олар жүгіреді, сырғанайды, ойнайды. Сонда бұл алаң иесіз сияқты болып тұр: әкімдік мердігерге, мердігер әкімдікке сілтейді. Бірақ балалар кімнің неге жауапты екенін ойламайды ғой", - дейді баланың әпкесі Данара Дәрішева.
Оның айтуынша, бұл Ақтөбеден 20 шақырым жерде орналасқан Кеңес Нокин тұрғын алабындағы алғашқы қауіпті жағдай емес.

"Былтыр осы жерде менің қызым сырғанақтан сырғанап түсіп, басын бордюрге соғып алды. Оны да шұғыл ауруханаға жатқыздық, басы жарылып, ауруханада жатты. Біз бұл алаңның дұрысталуын немесе мүлдем сүріліп, жаңасы салынғанын қалаймыз. Бүкіл тұрғын алабында небәрі екі алаң бар. Екіншісі алыста орналасқан. Балалар үшін жасалған соң, неге бірден дұрыс істемеске?" - деп сұрақ қояды әйел.
Қазір Әмір дәрігерлердің бақылауында. Медицина мамандары баланың аман қалғанына шүкіршілік етеді.
"Кешкісін бала сол жақ санының соғылған-жыртылған жарақаты диагнозымен түсті. Алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізіліп, тігіс салынып, дренаж орнатылды. Қазір жағдайы қанағаттанарлық, антибактериалды терапия алып жатыр", - деді Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Әкімжан Әубәкіров.
Дәрігердің айтуынша, жазғы демалыс жақындаған сайын мұндай жағдайлар көбейеді. Медицина қызметкерлері демалыс маусымын алаңдаушылықпен күтіп отыр.
"Жаз мезгілі әрқашан қиын. Демалыс басталады, балалар уақытын сыртта көбірек өткізеді, соған сәйкес жарақаттар саны артады. Жоғарғы қабаттардан құлау, жол-көлік оқиғалары, скутерлер, самокаттар, әртүрлі тұрмыстық және көшедегі оқиғалар. Тек біздің травматологиялық пунктке тәулігіне 110-ға дейін өтініш түседі, оның ішінде 10–12 бала ауруханаға жатқызылады. Қазір ата-аналар үшін балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу өте маңызды", - деп атап өтті дәрігер.

Оқыс оқиға болған алаң Кеңес Нокин тұрғын алабында осыдан 2 жыл бұрын "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша салынған. Тұрғындардың айтуынша, оның салынуына халықтың өзі қол жеткізді - қол жинап, мемлекеттік органдарға жүгінген. Алайда, кейін әкімдік мәліметінше нысан сапасыз деп танылған.
"Тапсырыс беруші Алматы ауданының әкімдігі болды. Ойын алаңын сапасыз деп тану туралы сот сараптамасының қорытындысы, сондай-ақ ол бойынша төлем жасалмауы тиіс деген бірінші және апелляциялық сатыдағы сот шешімдері бар. Алайда мердігер бұл шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа жүгінді", - деп хабарлады Ақтөбе әкімдігі.

Сондай-ақ әкімдіктегілер алаңды бұзу немесе басқа жұмыстарды жүргізу туралы шешім сот талқылауы аяқталғаннан кейін ғана қабылданатынын түсіндірді. Шенеуніктердің мәліметінше, нысан құны 33 миллион теңге.

Ересектер мәселені сотта шешіп жатқанда, балалар тұрғындар қауіпті деп атайтын алаңда ойнауды жалғастырып жатыр. Алда үш айлық жазғы демалыс, бұл уақытта аулалар, ойын аймақтары мен көшелер мектеп оқушылары көп жиналатын орынға айналады.
Фото Tengrinews.kz
Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын алабында мектеп оқушысы қайғылы жағдайда қаза тапты. Бала әткеншекте тербеліп жүріп, құлап кеткен. Құлау салдарынан алған жарақаттары оның өліміне әкеп соқты.