Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне қатысты тергеудің жаңа деректерін бөлісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қойгелдиевтің айтуынша, бұл іс бойынша соталды тергеу әлі жалғасып жатыр.
"Сараптамалардың кең ауқымы жүргізілді деп айта аламын. Бұл сараптамалар бойынша белгілі нәтиже бар. (...) Біз Ресей Федерациясына халықаралық тергеу тапсырмасын жібердік", - деді Қойгелдиев Сенатта өткен брифингте.
Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, тәртіп сақшылары өрт шыққан күні үй маңында қандай көліктер тұрғанын спутник арқылы анықтамақ.
"Істің толықтығын зерттеу үшін. Сондықтан бұған азғантай уақыт керек болады", - деп қосты Қойгелдиев.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!