Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс істемейтін фонтандарды қалпына келтіруді және жасыл желек аумағын ұлғайтуды тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс істемейтін фонтандарды қалпына келтіруді және жасыл желек аумағын ұлғайтуды тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек Абай, Абылай хан, Желтоқсан, Назарбаев даңғылдарын және басқаларын аралап көрді. Қаланың тиісті басқармалары мен коммуналдық қызметіне бұрыннан бар субұрқақтарды қалпына келтіруді, жүргінші аймағы мен тротуарларды ұлғайтуды,нысандар жанындағы жасыл желекті түзеуді, тарихи ғимараттардың сыртына ежелгі келбетін қайтаруды тапсырды.
"Қаланың тарихи орталығын жаңарту - таяу арада атқарылатын үлкен жұмыстардың басы ғана. Қазір біз төгілген асфальтты, жүру аймағындағы түрлі құрылыстарды, көлік арасынан амалсыз өтетін жандарды, өзі әдемі болғанымен сыртына түсініксіз нәрселер жапсырылған тарихи ғимараттарды көрудеміз. Әр квартал, әрбір көше жөнделіп, ретке келтіріледі. Алматының бұрынғы тартымдылығын қайтаратын кез жетті", - деді Бауыржан Байбек.
"Алматы әкімі жұмыс сапары барысында күрделі жөндеуден өтетін бірқатар жерасты өтпелі жолдарды да көрді. Мегаполис басшысы бұлар жөнделетін кезде бұрылыстарда жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуді тапсырды.
Жалпы биыл қаланың тарихи орталығын жаңарту одан әрі жалғасады. Ғимараттардың сырты жаңарады, жүргінші аймақтары кеңейеді, кіру топтары бірыңғай архитектуралық сипат алады. Жоба Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы мегаполисті модернизациялау және одан әрі экономикалық дамытуға қатысты жасалған "Алматыны дамытудың 50 драйверінің" бірі болып саналады", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, осыған дейін Бауыржан Байбек тротуарлардың бойында түрлі құрылыстар жүргізіп, жаяу жүргіншілерге көп кедергі келтіретіндерді анықтау жөнінде тапсырма берген еді. Стихиялы тұрақтардың алдын алу, жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін көше қозғалысы қысқарып, тротуарлар абаттандырылады.
Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, Алматыда 2018 жылы ұзындығы 155 шақырым болатын 157 көше жөнделеді, Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай жолдары алынады. Жол жиегін жөндеу барысында тротуарлар абттандырылады, арық науалары алмастырылады, қолданылмайтын конструкциялар жойылады, бұған қоса тұрақ қалталары қиғаштанады.