Астанада полицейлер елорданың басты көрікті жерлерінің бірінде оғаш фотосессия жасаған 19 жастағы жігітті ұстады. Енді құқық бұзушыға әкімшілік қамауға алу қаупі төніп тұр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде жігіттің жерде жатып, аяғының арасында "Бәйтерек" монументі көрінетіндей етіп түскен кадрлары тарады.
Желі қолданушылары қазақстандықтың бұл әрекетін құрметсіздік деп санап, оның мінез-құлқына наразылық білдірді.
Фото әлеуметтік желілерден
Полиция не дейді?
Астана Полиция департаменті жігіттің ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгенін хабарлады. Ол 19 жаста.
"Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды, материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау бөлмесінде отыр", – деп түсіндірді ведомство.
Полиция астаналық тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жіберілгенін нақтылады. Алайда елордалық соттың баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне істің әлі түспегенін хабарлады.
"Мұндай іс-әрекеттерге жол берілмейді, олар қоғамдық нормаларға нұқсан келтіреді және қаланың мәдени әрі маңызды нысандарына деген ашық құрметсіздікті білдіреді. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылған", – деп толықтырды полиция.
ӘҚБтК-нің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" санкциясы бойынша мынадай жазалар қарастырылған:
- 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (2026 жылы 86 500 теңге);
- немесе 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;
- немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу.
Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін жаза 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамауға алуға дейін қатаңдатылады.
Егер іс-әрекеттер ғимараттарды немесе қоғамдық орындарды қорлау ретінде бағаланса (осы баптың 4-бөлігі), құқық бұзушы 50 АЕК (2026 жылға 216 250 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалауы немесе 5-тен 20 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.