Қарағанды тұрғыны көлік жалдау кезінде қол қойған қолхаты бойынша ақша алмағанын сот арқылы дәлелдеп шықты. Нәтижесінде сот құжатты жарамсыз деп танып, одан қарызды өндіруден бас тартты, деп хабарлайды Tengrinews.kz Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Дау неден шықты?
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық сотына әйел адам қарыз шарты бойынша ақша өндіру туралы талап арызбен жүгінген. Оның нұсқасы бойынша, ол жауапкерге берешегін өтеу үшін қаражат берген, бірақ ол ақшаны қайтармаған.
Ер адам өз кезегінде қарсы талап арыз берді. Ол ешқандай ақша алмағанын, ал қолхатқа көлікті жалға алу шартын жасасу кезінде жеке кәсіпкердің өтінішімен қол қойғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, құжат "күтпеген жағдайлар болғанда" пайдалану үшін рәсімделген. Ол көлікті небәрі бір күн айдап, кейін қайтарып берген. Қолхат негізінде өзінен қарыз талап етіліп жатқанын ер адам әлдеқайда кешірек білген.
Сот шешімі
Талқылау барысында талап қоюшы ақшалай қаражатты бергенін растай алмады.
"Заң бойынша, қарыз нақты мәміле саналады және ол қарыз алушыға ақшалай қаражат іс жүзінде берілген сәттен бастап қана жасалды деп есептеледі. Алайда талап қоюшы ақшаны бергенін құжатпен дәлелдей алмады. Іс материалдарымен қолхаттың ақшаны іс жүзінде алмай-ақ толтырылғаны расталды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот мұндай қарызды рәсімдеу заңнама талаптарына қайшы келетінін атап өтті.
Қорытындысында сот ақшаны өндіріп алудан бас тартып, қарсы талапты қанағаттандырды және қолхатты жарамсыз деп таныды.
Кейін бұл шешімді Қарағанды облыстық сотының апелляциялық инстанциясы тексерді. Ол шешімді өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді.