1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

"Бұл жағдай бізге сабақ болуы керек" - Сапарбаев жаңа қызметінде алғашқы тапсырмалар берді

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

Жаңа қызметтегі Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға алғашқы тапсырмаларын жүктеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ең басты талап – Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс жақсы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы қарқынды төмендетпеу керек", - деді облыс әкімі. 

Әкімдіктің мәліметінше, облыстың әлеуеті айтарлықтай жоғары, алайда ағымдағы жылдың бірінші айында өнеркәсіп, қайта өңдеу, инвестиция тарту сияқты салаларда төмендеуге жол берілген. Игерілген қаражаттың көлемі бойынша айтарлықтай артта қалуы байқалған.

Облыс аумағы арқылы үш ірі газ құбыры өтеді десек, бұл өңірдегі елді мекендерді газдандаруда зор мүмкіндік береді. Жиынды осы жайтқа назар аудара келе, облыс әкімі Амангелді газ кен орнының да қарқындылығын арттыру үшін салалық министрліктің көмегімен ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. (...)

Басқосу барысында егістіктерді әртараптандыру, рентабельді дақылдарға, майлы дақылдарға көбірек көңіл бөлу, жергілікті қант зауыттарын одан әрі жүктемесін арттыру үшін қант қызылшасының көлемін ұлғайту маңыздылығы да айтылды. Күн тәртібінде көтерілген мәселелердің бірі - көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, ауыл шаруашылығы техникасын уақытында дайындау, жоғары сапалы тұқым сатып алу және отырғызу болды.

Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасының міндетті түрде өз жалғасын табатындығын, ол бастапқы қарқынының төмендемеуін баса айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

"Ауыл тұрғындары жыл бойы жұмыспен қамтылып, егін шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысуы керек. Бұл орайда пилоттық жобаға бөлінген 7,2 миллиард теңге толық көлемде игерілуі тиіс. Біз жобаның өміршеңдігін көрсетуіміз керек, бұл алдағы уақытта қаржыландыру көлемін ұлғайтуға және көп адамдардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті облыс басшысы.

Кеңесті қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдар Қордай ауданында болған оқиғалардан қорытынды шығару керектігін атап өтті.

"Бұл жағдай бізге сабақ болуы керек. Осы секілді қайғылы оқиғалар алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шешім шығара білуіміз қажет. Мемлекеттік органдар, жұртшылық пен интеллигенция өз күш-жігерін біріктіріп, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау бойынша жұмыс жүргізуі тиіс", - деп түйіндеді ол.

Доллар арзандады