Қазақстанда бакалавриатты 2,5 жыл оқу мүмкіндігі пайда болады. Шенеуніктердің мобильді аударымдары тексеріледі. Норвегияда жерленген 18 қазақстандық сарбаздың есімі аталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.
Қазақстанда бакалавриатты 2,5 жыл оқу мүмкіндігі пайда болады. Шенеуніктердің мобильді аударымдары тексеріледі. Норвегияда жерленген 18 қазақстандық сарбаздың есімі аталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.
Мемлекетке опасыздық жасады деген күдіктілер ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті тыңшылық, мемлекетке опасыздық жасау, мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау және жария ету күдігімен адамдар тобын, оның ішінде шетел мемлекетінің азаматын ұстады. ҚР ҚК-ның 175-бабы 1-бөлігі ("Мемлекетке опасыздық жасау"), 176-бабы ("Тыңшылық") және 185-бабы 3-бөлігі ("Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау және жария ету") бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу соты осы адамдар тобына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлерге қанша қаржы төленді?
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 8,3 миллиард теңге төленгенін айтты. Қаңтар оқиғасы салдарынан алдын ала мәлімет бойынша, 1630 ШОБ субъектісі зардап шекті, келтірілген шығын көлемі шамамен 38,6 миллиард теңге. Бүгінде 1 491 ШОБ субъектісіне көмек көрсетілді.
Тағы да бір қаржы пирамидасы әшкере болды
Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, Ақтөбе қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырудың тағы бір дерегі анықталған. Бұл жолы GAP қаржы пирамидасы әшкере болды. Ұйымдастырушылар тұрғындарға 10 пайыздық бастапқы жарнамен үй немесе көлік сатып алуды ұсынған. Осылайша, олар қаржы пирамидасына активтер тартқан. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 1-бөлігі "Қаржы пирамидасын құру және басқару" бойынша соталды тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Қаржы министрі КҚК апатынан келген шығын туралы айтты
Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) апаттан келген шығынның шамамен алынған сомасын айтты. Оның айтуынша, әзірге нақты шығынды есептеу мүмкін емес. Өйткені бәрі ақауды қанша уақытта қалпына келтіретініне және санкцияларға байланысты. Әзірге шығын 100-150 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Тоқаев Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты
Мемлекет басшысы көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік инвесторлар мен сауда жөніндегі серіктестердің Қазақстан экономикасына деген сенімін нығайтуға баса мән берілетініне назар аудартты. Президент шын мәнінде, бәсекеге қабілетті, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құру үшін әлемнің барлық елімен өзара тиімді әрі достық қарым-қатынастарды нығайтуға ниетті екенімізді айтты.
Фото: Ақорда
Тоқаев Ресейдің Омбы облысы губернаторымен кездесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Омбы облысының губернаторы Александр Бурковты қабылдады. Кездесу барысында сауда, машина жасау, көлік және ауыл шаруашылығы салалары бойынша Қазақстан өңірлерінің Омбы облысымен арадағы өзара тиімді кооперация мәселелері талқыланды. Президент өңіраралық табысты ықпалдастықтың өзара сауда-саттыққа оң ықпал ететінін айтты. Мемлекет басшысы Омбы жерінде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының екі жақты байланыстырушы алтын көпір екенін атап өтті және қандастарымыздың тарихи Отанымен рухани байланыс жасауына ерекше мән беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғаны үшін Александр Бурковқа алғыс білдірді.
Фото: akorda.kz
Бюджеттен 180 миллиард теңге жымқырмақ болғандар кім?
Экология министрлігінің лауазымды тұлғалары және "ӨКМ Операторы" ЖШС басшылығы 180 миллиард теңге жымқырмақ болған. Ведомство мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің 180 миллиард теңге көлемінде ақша қаражатын ұрлаудың алдын алған. Антикор мәліметінше, бұл ретте электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тариф бойынша сатып алуға және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелуге кепілдік беруі керек болған.
Қазақстанда бакалавриатты 2,5 жыл оқу мүмкіндігі пайда болады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда 2,5 жылдық оқу мерзімі бар пилоттық бакалавриат жобасы басталатынын айтты. Министрдің айтуынша, тілек білдіргендер 2-2,5 жыл оқығаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Пилоттық жобаны жаңа оқу жылынан бастап еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында бастау жоспарланған.
Шенеуніктердің мобильді аударымдары тексерілетін болады
2023 жылы банктер салық органдарына лауазымды тұлғалар туралы ақпарат бере бастайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер салық декларациясын тапсыруға міндетті болады. 2022 жылғы 15 сәуірде заң күшіне енді, осыған сәйкес, бірнеше жыл бойы жалпыға бірдей декларациялаумен қатар, салық органдары кәсіпкерлік қызметтен кіріс алатын адамдар туралы ақпаратты сұратуға және тексеруге кіріседі.
Норвегияда жерленген 18 қазақстандық сарбаздың есімі аталды
Қазақстанның Ослодағы елшілігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оккупацияда болған Норвегияда тұтқында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жаңартылған тізімін жариялады. Соңғы айларда 18 қазақстандық сарбаздың аты-жөні мен жерленген жері анықталған. Жауынгерлердің бейіттері Саннешоен (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård), Лиллехаммер (Jørstadmoen), Берген (Åsane kirkegård) және Тронхейм (Støren kirkegård) қалаларының жанындағы кеңестік әскери зираттарда орналасқан.
Елбасы ұзақ уақыттан кейін көпшілік алдына шықты
Нұрсұлтан Назарбаев Балалардың көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубы оқушыларының шығармашылық жұмыстары қойылған көрмеге барды. Елбасы "Менің Қазақстаным – менің жерім" атты балалар шығармашылығы фестивалі аясында Тұңғыш Президент музейінде ұйымдастырылған картиналар мен қолөнер көрмесін тамашалады. Нұрсұлтан Назарбаев көрмеге қатысушы жас суретшілермен сөйлесіп, музейдің тақырыптық залдарындағы жаңа экспонаттармен танысты.
Фото: elbasy.kz
Украинада 6 миллион адам ауыз сусыз қалды
Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) соғыс салдарынан миллиондаған украиналық ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Ұйым Украинадағы соғыс салдарынан елдегі 4,6 миллион адамның суға қол жеткізе алмай отырғанын, ал 6 миллионнан астам адам таза ауыз су тапшылығынан зардап шеккенін хабарлады. Украинаның шығысындағы әскери операция басталғалы бері сумен жабдықтау инфрақұрылымына зақым келтірудің 20 оқиғасы тіркелген.
More than a month of intense hostilities in #Ukraine devastated #water & electricity networks, leaving over 4.6 mln ppl with limited access to water . In total, over 6 million people in Ukraine are struggling every day to have drinking water, one of the most essential human needs pic.twitter.com/sxtew1fw1d
— UNICEF Ukraine (@UNICEF_UA) April 18, 2022
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!