24 мамыр 2017 | 14:18

Депутат Карлагта қайтыс болған сәбилер зиратын вандалдардан арашалап алуды сұрап отыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Мамочкино моласының" қақпасы. © Дитер Зейц "Мамочкино моласының" қақпасы. © Дитер Зейц

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) және Рухани келісім күнінде (18 қазан) тағзым жасалатын орындардың бірі "Мамочкино моласы" зиратының бүгінгі хал-күйіне қатысты депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) және Рухани келісім күнінде (18 қазан) тағзым жасалатын орындардың бірі "Мамочкино моласы" зиратының бүгінгі хал-күйіне қатысты депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сауалында ол 30-жылдары лагерьлерде өлген балалардың зиратына тоқталды.

"Карлагтағы әйел тұтқындарға арналған перзентхана 1931 жылдан бері Карлаг "астанасы" (Карлагтың Бас басқармасы) болған Долинка елді мекенінде ашылған болатын. Тұтқындардың сәбилері балалар қалашығында ұсталды. Аналары күніне екі-үш мәрте айдауылдың басшылығымен келіп, балаларын қоректендіретін. Кейін сәбилер 2-3 жасқа келгенде оларды балалар үйіне ауыстырды. Мұнда бала өлімінің көрсеткіші тым жоғары болды. КСРО НКВД ГУЛАГ Санитарлық бөлімінің мәліметі бойынша, тек қана 1939 жылдың өзінде Карлагтағы 350 сәбидің 114-і көз жұмған. Өлген балаларды ауылдан шыға берістегі зиратқа жерледі. Олардың бәрін жинап, ортақ шұңқырға көміп отырған. Кейбір деректерде, қыс кезінде өлген сәбилерді ағаш бөшкелерге жинап, әбден толған соң барып  көмгені туралы айтылады. Кейбір зираттарға мүлдем белгі қойылмаған. Мұнда жекелеген қабірлерді кездестіру тіптен мүмкін емес. Ересек тұтқындарды да осында жерлеген деген дерек бар", - дейді депутат. 

Осыдан кейін депутат 2003 жылдың 31 мамырында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде мазарға мемориалдық кешен мәртебесі берілгенін еске салды. Айтуынша, мыңдаған сәби жерленген мазар тек Қазақстан халықтары үшін ғана емес, барлық адамзат баласы үшін қасиетті орын. Бұл жерге келгендер өткен тарихымыздың қасіретті кезеңін еске түсіріп, көздеріне жас алады.


© Дитер Зейц

"Жазықсыз сотталып, мәйіттері қазақ жерінде мәңгілікке жай тапқан сәбилердің көрген азабы, сәбиінен айырылған ананың зары, ойраны шыққан отбасы  бұл мұнда келген адамның ең алғаш сезінетін эмоциясы. Бұл жерге келген адам ішкі жан-дүниесін өзгертеді. Өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі күн мен келешегің туралы ойлайсың. Қазіргі бақытты, қамсыз күндерге қолжеткізудің оңай болмағанын түсінесің.  Қазақ жері көптеген халықтардың тағдырын мәңгілікке біріктірді.  Біздің мемлекетіміздің құрылуы мен қалыптасу кезеңіне терең бойлай отырып, көптеген дүниелерге басқаша көзқараспен қарай бастайсың. "Мамочкино моласы" аймағы белгілі бір сакральды мәнге ие. Өйткені әлемнің барлық халықтарында сәби жаны әр кезде адал, пәк және періште бейнесінде суреттеледі. Аталмыш мазардың сакралдық мәні туралы айту барысында, оның "ерекше, қолсұғылмайтын, ардақталатын" орын екендігін айта кеткен жөн", - дейді ол.

Алайда, оның айтуынша, "мамочкино моласы" аймағы күні бүгінге дейін лайықты қорғауға алынбаған, ешқандай ескерткіш белгілері де жоқ екен. Ал осыдан бірнеше күн бұрын вандалдар қасиетті орынның ойранын шығарыпты. Ұрылар зираттағы айқыш темірлерді металл сынықтарына тапсыру мақсатында ұрлап кеткен.

"Тіпті кішкентай балалар жерленген қабірлердің басындағы белгілер де қолды болыпты. Бұдан бөлек зираттың бір бөлігін арнасын ауыстырған өзен суы шайып кеткен. Өкінішке қарай, ГУЛАГ лагерлер жүйесіндегі ең ірі еңбекпен түзеу лагері болған Қарағанды облысындағы КарЛАГ-тың тарихын сақтауға тырысушылардың қарасы тым аз. Қазақстандықтар мен елімізге келген қонақтарға тоталитарлық жүйенің қасіретін ашып көрсетіп, жазықсыз құрбан болғандардың рухына тағзым жасалатын орын жыл өткен сайын жойылып барады", - деп мәлімдеді депутат.


Нұрлан Дулаатбеков. © www.nomad.su

Осылай деген депутат "Мамочкино моласы" аймағын аза тұту орны ретінде тарихи орындардың біріңғай мемориалдық кешенінің қатарына қосуды ұсынды.

"Бұл иеротопикалық жоба елдегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайларының тарихи-архитектуралық ансамблін біріктіруге мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін. Жоғарыда аталған айтулы орындардың өзіне ғана тән аймақтық мұражайлық күйі ортақ кешенге жинақталады және саяси қуғын-сүргін кезеңінің көрінісі бола алады. "Мамочкино моласы" иеротопикалық жобаның құрамдас бөлігі ретінде мистикалық компонентті ұсынады. Ол кеңістікті архитектуралық, сурет, дәстүр, (нәрестеге қатысты халықтар дәстүрі) жарық және басқа да медиа мүмкіндіктер (бесік жырын бірнеше тілде орындау) арқылы жүзеге асырылады", - деді Дулатбеков.

Депутат осы жерден Спасск кешеніне ұқсайтын, бірақ одан архитектуралық концепциясы және заманауи медиа мүмкіндіктері арқылы ерекшеленетін кешен сала отырып, қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың еліміздің тарихын тереңнен түсінуіне мүмкіндік беруге болатынын айтады.

"Тарихты архитектура мен сурет арқылы бейнелеу құрбандарды еске алу мен олардың рухына тағзым жасауға мүмкіндік береді. Әрі Елбасымыз мұндай орындарды сақтауға ерекше мән беріп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында былай деп жазды: "Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған "Туған жер" бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ - жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін "Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары" немесе "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы керек". Ал "Мамочкино моласы" - дәл сондай қасиетті орындардың бірі", - дейді депутат. 

Осы арқылы, депутатты пікірінше, шетелдік қонақтарды елге тартуға тағы бір қадам жасаймыз. Өйткені аналардың аяққа тапталған тағдыры, өмірден ерте кеткен мыңдаған сәбидің қасіреті, тұтас халықтың бастан өткерген зобалаңы бізді біріктіреді екен.

Айта кетейік, "Мамочкино моласында" "Карлаг" тұтқындары - әйелдер мен балалардың мүрделері жерленген. Зират Қарағанды облысы, Абай ауданы аумағында, Долинка кентіне жақын орналасқан. "Карлагта" ересектермен бірге "халық жауларының" балалары да мерзімдерін өтеді. Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, Балалар комбинаттарына тапсырады. Оның да вахтасы, қақпасы бар. Барактары және тікенек сымдары кәдімгі зонадан еш айырмашылығы жоқ. "Карлагта" осындай жеті мекеме болған. Мұрағат деректері бойынша, мұндай үйлерде балалар өлімі өте жоғары еді. Мәселен, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1130 сәби опат болған.

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбековтің идеясы негізінде "Болашақ" академиясының жанынан "КАРЛАГ: тарихтан - тағылым, өткенге - тағзым" ғылыми ағарту жобасы ашылған болатын. Жоба аясында бірнеше тарихи маңызы бар кітаптар жарық көрді. Солардың бірі - "Мамочкино моласы" туралы ғылыми еңбек. Бұл кітапта Кеңестер Одағы кезінде НКВД-мен жазықсыз жазаланып, Қарлаг лагерьлерінде айдауда болған саяси қуғын-сүргін кұрбандарының балаларының тізімі, олардың біразы жерленген "Мамочкино моласының" суреттері, сондай-ақ осы тақырыпқа қатысты мұрағат кұжаттары, сол кезеңнің көріністері - суреттер шоғыры, бұйым-заттардың суреттері берілген.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 486.86   530.42   5.05 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети