Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.68
EUR / KZT - 389.40
CNY / KZT - 49.85
RUB / KZT - 5.60

Экспедиция қазіргі Қашғар мен Шоқан көрген қаланы салыстырды

04 Тамыз 2014, 12:13
0
©Владимир Прокопенко
©Владимир Прокопенко
©Владимир Прокопенко
©Владимир Прокопенко
©Владимир Прокопенко
©Владимир Прокопенко
©Владимир Прокопенко
©Владимир Прокопенко

Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының Шоқанның 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" атты ғылыми-танымдық экспедициясы көне де жұмбақ қала - Қашғарда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бүгінде Қашғар - биік ғимараттары, дүкендері мен дәмханалары, қонақүйлері мен мегаполиске тән басқа да белгілері бар қазіргі заманғы үлкен қала. Кезінде Уәлиханов жазған көне Қашғардан тек қаланың бір шағын ауданы мен кейбір сәулет нысандары ғана хабар беріп тұр. Онда 200-500 жыл болған үйлер сақталған. Экспедиция мүшелері қалтарысы көп көшелермен жүріп көріп, жергілікті тұрғындармен жүздесті.

22 жастағы Шоқан Уәлиханов Қашғарға 1858 жылдың 1 қазанында Әлімбай көпес деген атпен келген. Ол өзі туысқан санаған адамдардың үйінде болып, өлкені зерттеумен айналысты. Бес ай ішінде ғалым жергілікті халықтың тұрмысын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, сәулет ескерткіштері мен қалаға жақын елді мекендерді зерттеді. 

 

"Шоқан Уәлиханов заманында бұл қала қандай болды? Көне Қашғар - екі мың жылдық тарихы бар қала, өкінішке қарай, оның көп бөлігі бүгінде бұзылып, келмеске кетті. Көне қаланың шағын ғана бөлшегі сақталды. Шоқанның заманында ол бірегей келбеті сақталған қала болатын. Ол - негізінен, қолөнер шеберлері тұрған тар, қисық көшелер, бір қабатты, кейде екі-үш қабатты үйлер. Қашғарда тіршілік қайнап жататын: шеберлер бұйым жасады, көпестер сауданың көрігін қыздырды. Ғалым зергерлік әшекейлер, ағаштан, сүйектен, асқабақтан жасалған көркем туындылар өндіріп сататын түрлі шеберханаларды аралады. Әрине, ғалым көзешілерді де зерттеді", - дейді экспедицияның ғылыми жетекшісі Смайлжан Иминов.

 

Қазақстандықтар Шоқан бас сұғуы мүмкін көзе шеберханасын аралап көрді. "Бұл үйде менің ата-бабаларым 600 жылдан бері тұрған. Мүмкін, одан да көп жыл тұрған бола, нақты айта алмаймын. Құмыра жасау - көне өнер, ең алғашқы адамның өзі ыдыс жасауды білген. Бұл өнерді маған әкем үйретті, мен өз кәсібімді жақсы көремін. Басқа шаруаны қаламаймын. Бұл кәсіп маған қуаныш сыйлайды, сонымен бірге, ақша да әкеледі. Мен өз балаларымды әулетіміздің осы дәстүрін жалғастыруға тәрбиелеп келемін, олар да құмырашы болса екен деймін", - дейді қолөнер шебері Әнуар Әли.

Уәлиханов өз еңбектерінде Қашғарда 16 мың үй бар деп жазды. Қаланың өзі Қызыл және Түмен өзендерінің аралығына тұрғызылған. Экспедиция мүшелері Түменнің әлі күнге дейін ағып жатқанын айтады. Шоқанның еңбектеріне қарағанда, бұрын оның суы мөлдір болған. Бүгінде Түменнің суы қап-қара әрі лас. 

Шоқан "Қала биіктігі алты құлаш болатын жоғарғы жағы жіңішкеріп келетін, ені кең саз қабырғадан тұрады: қабырғаның негізі - он аршын, жоғарғы жағы бес аршын болады, қабырға шеңберінің ұзындығы 12 шақырым болады және алты мұнарасы бар" деп жазды. Бүгінде көне Қашғар қабырғасының кейбір жерлері түгел бұзылған. Қазіргі биіктігі - шамамен жеті-сегіз метр, ені - үш метрге жуық.

Қазақстан ұлттық география қоғамы жобасына қатысушылар Қашғарда бірнеше күн болады. Экспедиция мүшелері көне қаладан бөлек, Уәлиханов еңбектерінде айтылатын басқа да сәулет ескерткіштері мен тарихи нысандарды аралап көрмек. Содан кейін топ Қырғызстанға бет түзейді. 


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай