Қазақстанда әрбір тұрғын оның жеке деректерін алаяқтар ұрлаған-ұрламағанын тексере алатын тізілім жасалады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Жаңа сервис цифрлық қауіпсіздік туралы заң аясында пайда болады. Арнайы мемлекеттік платформа арқылы кез келген адам қандай да бір компаниядағы деректердің тарап кетуінен кейін өзінің мәліметтері (мысалы, ЖСН, телефоны немесе мекенжайы) желіге түскен-түспегенін біле алады. Жоспар бойынша, бұл адамдарға құпия сөздерін тезірек ауыстыруға немесе карталарын бұғаттауға көмектеседі.
Сондай-ақ депутаттар ресми жарияланымдарды ретке келтіруді көздеп отыр. Қазіргі уақытта ашық қолжетімді жерде тұрған сот шешімдерінде немесе мемлекеттік сатып алу құжаттарында жеке деректер жиі "көрініп" қалады.
"Жеке деректерді бүркемелеу және хэштеу талаптары енгізіліп жатыр. Бұл құжаттарды ашық қолжетімді жерде жариялау міндетті болатын жағдайларға қатысты. Мысалы, сот шешімдері немесе мемлекеттік сатып алуларға байланысты құжаттар", – деп түсіндірді депутат.
Қарапайым тілмен айтқанда: бөгде адамдар пайдалана алмауы үшін мұндай құжаттардағы тектер немесе мекенжайлар жасырылады немесе жұлдызшалармен бүркемеленеді.
Айыппұлдар мен жаза
Қазақстанда өзгелердің деректеріне салғырт қарағаны үшін де қатаң жаза енгізу жоспарланып отыр. Цифрлық даму министрлігі ақпараттың жаппай тарап кетуі үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін екенін хабарлады.
Деректерді ұрлатып алған компаниялар үшін айыппұл мөлшерін 5000 АЕК-ке дейін көтеру көзделіп отыр. Ал мемлекеттік базаларда "сақтандырғыштар" орнатылады — мысалы, қазіргідей оларды тұтас тізім бойынша жүктеп алу мүмкін болмайды.