Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы менингококк инфекциясына қатысты есеп беруді талап етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы менингококк инфекциясына қатысты есеп беруді талап етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жұқтырғандар көбейіп жатыр. Өкінішке қарай, қайтыс болып жатқандар бар. Осының барлығына түсінік беріп отыруды сұраймын. Қазір қоғамда да осы мәселе талқыланып жатыр. Қолданылып жатқан шаралар жайлы айтып берулеріңізді сұраймын", - деді премьер-министр денсаулық министрі Елжан Біртановқа.
Министрдің баяндамасынан кейін Сағынтаев халықпен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін мәлімдеді.
"Бұл мәселе бәрімізді алаңдатып отыр. Әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. (...) Штаб жұмысы көпшілік алдында көрсетілуі керек. Әрбір болып жатқан жағдай халыққа түсіндірілуі қажет. Түсіндірме жұмыстарын белсендірек жүргізу керек. Вакцинациялау мәселесіне де жеткілікті назар аударылып жатыр. Маған кәсіпорын директорлары, олардың қызметкерлері вакцинациялаудың қажеттілігі жайлы айтып жатыр. Мұның барлығы жеткілікті түсіндіріліп жатқан жоқ", - деді Сағынтаев.
Сондай-ақ, премьер-министр әкімдерден өз өңірлеріндегі жағдайды бақылауға алуды сұрады.
Еске сала кетейік, осыған дейін Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдегі менигитке қатысты жағдайға пікір білдірген болатын. "Менингит инфекциясының таралуы көнуге болмайтын жағдай. Осы профильдегі министрлік кешірілмейтін жайбасарлық пен батылсыздық танытып отыр", - деп жазған еді Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.
Мұның алдында денсаулық сақтау министрі менингококк инфекциясына байланысты карантин жарияланбайтынын айтқан еді. "Менингококк инфекциясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың санын жасырмаймыз. Қазір карантин жариялаудың қажеті жоқ. (...) Қазақстандықтардан дәрігерлер айтқан кеңестерді тыңдауларын сұраймыз", - деген еді Біртанов.
Сондай-ақ, осыған дейін министр Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясынан 12 адамның қайтыс болғанын мәлімдеген еді.
Еске сала кетейік, 3 маусымда Алматы облысында 19 жастағы қыздың менингококк инфекциясынан қайтыс болғаны хабарланған еді. Сондай-ақ, бүгін Қызылордада 27 жастағы ер адамның менингококк инфекциясынан қайтыс болғаны айтылды.
Менингит несімен қауіпті және одан қалай қорғану керек?