1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Қанша қазақстандық 42 500 бен 21 250 теңге алды?18 тамыз 2020, 10:35

2,3 миллионнан аса қазақстандық карантин кезінде табысын жоғалтқаны үшін біржолғы төлем алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері айтты.

Министрлік мәліметінше, өтініштер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. 

"18 тамыз сағат 09.00-дегі жағдай бойынша ағымдағы жылғы шілдеде шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2 миллион 570 мыңнан аса бірегей өтініш қабылданды, төлем мөлшері ең төменгі жалақыға – 42 500 теңгеге тең.

Төлемді 2 миллион 353,8 мың қазақстандық алды, оның ішінде 2 миллион 343,7 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 0,5 ЕТЖ – 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

МӘСҚ-тан төлем алуға өтінімдер бірнеше арналар арқылы қабылданады. 2 миллион 570 мыңнан аса өтінімнің ішінде:

– 834,7 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берген;

– 669,7 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;

– 403,9 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы;

– 661,4 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы;

– 0,3 мың адам штабтар арқылы өтініш берген.

Азаматтардың санаттары бөлінісінде:

– 834,7 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден келген (проактивті форматта);

– 255,2 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берген;

– 1 миллион 480,1 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).

Төлем 2 миллион 361 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 миллион 353,8 мың қазақстандыққа аударылды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ведомство өкілдеріҚазақстан аумағында карантиннің 2 аптаға созылуына байланысты МӘСҚ-тан біржолғы төлем алушыларға 0,5 ЕТЖ – 21 250 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленетінін айтып өтті.

Карантин ұзартылғаннан кейін біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш берген азаматтарға төлем 1,5 ЕТЖ немесе 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) мөлшерінде тағайындалады.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!