2025 жылы Қазақстанның республикалық бюджетіне 730 миллиард теңге салық түсімі түспей қалған. Салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) осындай тұжырымға келді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бюджетке неге 730 миллиард теңге түспей қалды?
Мемлекеттік аудиторлардың анықтауынша, есепті кезеңде республикалық бюджеттің салық түсімдері бойынша жоспары толық орындалмаған. Орындалмау көрсеткіші 730 миллиард теңгені немесе 4,8 пайызды құрады. Бұған негізгі себептердің бірі ретінде салықтар бойынша болжамның 1,3 триллион теңгеге артық есептелуі.
"Аудит барысында кейінгі 4 жылда шағымдалған қосымша есептелген сомалардың жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені анықталды. Себебі: салық заңнамасының бұзылуы және тексеру актілерін жасау кезіндегі процедуралық қателіктер. Осыған байланысты ЖАП салықтық тексерулердің сапасына бақылауды күшейту қажет деп санайды", - делінген хабарламада.
Кеденнен қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Аудит кедендік әкімшілендіру саласында да заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, тек электрмобильдерге ғана арналған жеңілдіктер гибридті автомобильдерді әкелу кезінде де берілген. Анықталған деректер бойынша бюджетке шамамен 70 миллион теңге түспей қалған.
Бұдан бөлек, аудиторлар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы тауарларды импорттау кезінде ҚҚС-ты есепке алу әдісімен заңсыз төлеген жағдайларды анықтады. Бұл бюджетке 670 миллион теңгеден астам ҚҚС түспеуіне әкеп соқты.
Аудиторлар тағы қандай мәселелерді анықтады?
Тексеру барысында жеңілдетілген кедендік рәсімдерді пайдаланатын компаниялар - уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылаудың жеткіліксіз екені де белгілі болды. ЖАП мәліметінше, олардың кейбіреуі мәртебесін тоқтата тұруға негіз болғанына қарамастан, жеңілдіктерді пайдалануды жалғастырған.
Сондай-ақ аудиторлар салықтың жиналуын арттыру үшін аяқ киім өнімдерін таңбалау жүйесінің әлеуеті әзірге толық пайдаланылмай отыр деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар ЖАП Мемлекеттік кірістер комитеті көрсететін мемлекеттік қызметтердің есебін, мониторингін және сапасын бақылауды жақсарту қажеттігін көрсетті.
Аудит қорытындысы
Тексеру қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата мыналарды анықтады:
- 2,7 миллиард теңге сомасына қаржылық заңбұзушылықтар.
- 33 процедуралық заңбұзушылық және 11 жүйелі кемшілік.
Барлық анықталған заңбұзушылық бойынша ЖАП тапсырмалар мен ұсынымдар шығарды. Нұсқамалар аудит жүргізілген барлық нысандарға жіберілді және орындалуы міндетті.