Париждегі Charlie Hebdo сатира басылымының редакциясына жасалған шабуылдан кейін Қазақстан журналистері Алматы қаласындағы Франция консулдығына гүл қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Еске сала кетейік, Париждегі теракт 7 қаңтар күні болды, 12 адам қаза тапты.
Париждегі Charlie Hebdo сатира басылымының редакциясына жасалған шабуылдан кейін Қазақстан журналистері Алматы қаласындағы Франция консулдығына гүл қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Еске сала кетейік, Париждегі теракт 7 қаңтар күні болды, 12 адам қаза тапты.
Консулдық ғимаратының алдына жиналған 30-ға жуық журналист қаза болған еуропалық әріптестерінің құрметіне гүл қойып, тағзым етті. Айта кетейік, бұл шара БАҚ-тың әлеуметтік желілердегі бірлестігі арқылы ұйымдастырылды. Бірлестік жетекшісі Маржан Елшібаеваның айтуынша, Париждегі лаңкестікке қатысты қазір бірнеше тақырып қозғалып жатыр, оның ішінде саясат пен сөз бостандығы бар. "Даулы тақырып өте көп, тіпті Қазақстанда бізге үйреншікті емес суреттер пайда болып, талқыға түсті. Бұл жердегі мәселе, біз өткір тақырыптарға дұрыс көзқарас танытып үйренуіміз керек. (...) Ұйымдастырушылар Францияның елшілігіне гүл шоқтарын қоюды ұсынды. Менің ойымша, әріптестерді қолдау - журналистер тарапынан жасалған дұрыс әрекет", - деді Елшібаева.
Журналист Валентина Владимирская 2014 жылы әлемде 80 журналист қаза тапқанын еске салды, олардың басым бөлігі Сирия мен Иракта қаза болған. Алайда Владимирскаяның пікірінше, Париждегі теракт БАҚ өкілдерінің шабуылдардан тіпті өркениетті елдерде қорғалмағанын айқындап берді.
Еске сала кетейік, 7 қаңтар күні Парижде белгісіз біреулер Charlie Hebdo сатира журналының редакциясына оқ жаудырды, салдарынан 12 адам қаза тауып, 20-дан астам адам жараланды. Террористер журналды шығарушылардың барлығына жуығын атып тастады, олардың арасында журналдың бас редакторы, атақты карикатурашы Стефан Шарбонньер мен журналдың ең егде қызметкерлерінің бірі 80 жастағы Жорж Волински бар. Бар мәліметке қарағанда, лаңкестер ағайынды 32 жастағы Саид пен 34 жастағы Шериф Куаши, мұнымен қатар, 18 жастағы Хамид Мурад болып шықты. Өткен жылдың жазында ағайынды Куашилер Сирияда содырлардың лагерінде дайындық жасағаннан кейін Францияға оралған.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Charlie Hebdo басылымы редакциясына жасалған террорлық әрекетке байланысты Француз Республикасы президенті Франсуа Олландқа көңіл айту жеделхатын жолдады. ҚР Сыртқы істер министрлігі Парижде болған қарулы шабуылды айыптады, "Қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына кайғырып көңіл айтамыз. Экстремизмнің барлық түрлерімен күрес жолында біз Францияны қолдаймыз және осындай зұлым қатерге төтеп беру ісінде халықаралық серіктестектермен бірігіп жұмысты жалғастырамыз", - делінген министрліктің таратылған хабарламасында.