Қазақстан тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, Орталық Азиядағы инвестиция тартатын басты орталық болып қалып отыр. Мұндай баға Reuters сайтында жарияланған EZ Newswire сервисінің баспасөз хабарламасында берілген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстан тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, Орталық Азиядағы инвестиция тартатын басты орталық болып қалып отыр. Мұндай баға Reuters сайтында жарияланған EZ Newswire сервисінің баспасөз хабарламасында берілген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстан экономикасы өсіп жатыр
World Impact Media Organization ұсынған деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға, ал 2026 жылдың алғашқы бес айында тағы 3,7 пайызға өскен. Өсімге 4 пайызға артқан нақты сектор мен 3,6 пайыздық өсім көрсеткен қызмет көрсету саласы үлес қосқан.
Оң динамика бірден бірнеше салада байқалған. Атап айтқанда, құрылыс 13,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9 пайызға, көлік және қоймалау саласы 8,4 пайызға, сауда 5,6 пайызға өскен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен телекоммуникация салаларында да өсім тіркелген.
"Халықаралық инвестициялар жөніндегі жаңа деректермен бірге бұл көрсеткіштер экономикалық өсімнің тұрақтырақ болып, бір ғана шикізат ресурсына тәуелділіктің азайып келе жатқанын көрсетеді", – деп жазылған зерттеуде.
Қазақстанға инвестиция көлемі артып келеді
Зерттеу мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 миллиард долларға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға көп. Сонымен қатар инвестиция ағыны әртараптанып, өндіруші салаларға тәуелділігі азайып келеді.
Жаңа жобаларға салынған инвестиция көлемі де артқан. БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты елдеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (UNESCAP) дерегіне сәйкес, Қазақстандағы greenfield-инвестициялар көлемі 19 миллиард долларды құрап, бірден 266 пайызға өскен. Бұл Орталық Азия елдеріне бағытталған осындай инвестициялардың шамамен 89 пайызына тең.
2026 жылдың алғашқы бес айында негізгі капиталға салынған инвестиция 7 пайызға, ал жеке инвестициялар 17,4 пайызға артқан.
World Impact Media Organization бас редакторы Жасмин Абдулдың пікірінше, Қазақстан экономикасының өсу құрылымы айтарлықтай өзгеріп келеді.
"Бұл көрсеткіштер айқын өзгерісті көрсетеді. Қазақстан әлемдік экономиканың баяулауына қарамастан, шикізат есебінен ғана емес, инвестициялар, өнеркәсіп және заманауи қызмет көрсету салаларының арқасында дамып келеді", – деді ол.
Зерттеу авторлары пікірінше, инвестициялар өнеркәсіпке, көлік инфрақұрылымына, энергетикаға, ақпараттық технологияларға және ауыл шаруашылығына барған сайын көбірек бағытталып жатыр. Мәселен, 2025 жылы өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 47 пайыздан астам өскен. Ал аграрлық секторда 2026 жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 36,4 пайызға, азық-түлік өндірісіне салынған қаржы 2,7 есеге артқан.
Инвестиция мен экономиканы әртараптандыруға басымдық
Зерттеу авторлары Қазақстандағы өзгерістерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру саясатымен байланыстырады.
Зерттеуде соңғы жылдары елде Мемлекет басшысы бұрын инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, жаңа өндірістерді іске қосу қажеттігін айтқанда қолданған "инвестициялық цикл" жеделдегені атап өтіледі.
Қазақстанның негізгі мақсаттарының қатарында 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу және кемінде 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту бар.
Бұл міндеттерді орындау үшін Қазақстанда инвесторларды қолдаудың жаңа тетіктері енгізіліп жатыр. Олардың қатарында Инвестициялық штаб, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және заңнаманың 25 жылға дейін тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық келісімдер бар.
Халықаралық келісімдер
Зерттеуде Қазақстан инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдер желісін кеңейтіп, халықаралық экономикалық байланыстарын нығайтып жатқаны да айтылған.
Авторлар 2025 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық келіссөздер қорытындысы бойынша жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалғанын мәлімдегенін еске салады.
Сондай-ақ 2026 жылдың маусымында Президенттің Брюссельге сапары кезінде жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын жаңа келісімдерге қол қойылған.
Зерттеу деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 18 арнайы экономикалық аймақ пен 67 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Онда жүздеген инвестициялық жоба жүзеге асырылған.
Айта кетейік, 2 шілдеде Астанада Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы өтіп жатыр. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тұрақты даму бағытына адал екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі басты міндет – экономикадағы да, саясаттағы да жаңа жағдайларға дер кезінде бейімделу.