Мәжіліс Қазақстанда қалалық әуе мобильділігін дамыту, соның ішінде аэротакси, ұшқышсыз ұшу аппараттары және жаңа буынның басқа да авиациялық техникасы мәселелері бойынша заңға түзетулерді қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Заңда не жазылған?
Заң арқылы Қазақстанда қалалық әуе көлігін (Urban Air Mobility) іске қосудың ресми ережелері әзірленеді. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет болашақта ұшатын таксилердің, жолаушылар дрондарының және ұшқышсыз жеткізу қызметінің пайда болуына заңнамалық негіз әзірлеп жатыр.
Жаңа түзетулер ұшу процесін ғана емес, жолаушылардың жеке деректерін қорғауды және бүкіл көлік жүйесін цифрлық форматқа көшіруді реттейді.
Заңда (және іс жүзінде елде) жаңа ұғымдар пайда болады:
- Вертипорт – бұл ұшатын таксилер мен ірі дрондардың тік көтерілуі мен қонуына арналған арнайы шағын әуежайлар (алаңдар).
- Қалалық әуе мобильділігі – қала шегінде жолаушылар мен жүктерді әуе арқылы тасымалдау жүйесінің ресми атауы.
- Қалалық әуе мобильділігі аймағы – қалалардың үстіндегі мұндай көліктердің ұшуына рұқсат берілетін арнайы әуе кеңістігі.
- Ұшқышсыз қозғалысқа қызмет көрсету – дрондар мен ұшатын көліктердің ауада соқтығысып қалмауын қадағалайтын диспетчерлік қызмет баламасы.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, бұл ережелер мемлекеттің жаңа буын авиациясын бақылап, қауіпсіз дамытуы үшін қажет.
Бірінші кезекте мәселе eVTOL аппараттары (бұл тік көтерілетін электр әуе көлігі, яғни ұшқышсыз ұшатын таксилер) және жақын арада Қазақстан аспанында пайда болатын басқа да ақылды автоматты жүйелер туралы болып отыр.
Бұл ережелерді әзірлеу үшін бейінді министрліктер, мемлекеттік органдар мен халықаралық сарапшылар бір жылдан астам уақыт жұмыс істеді.
Фото: AAAG
Қазақстан аэротаксиге қатысты заң қабылдаған алғашқы елдердің бірі
Бұл ережелерді дайындау кезінде әлемдік тәжірибе негізге алынды. Әзірлеу жұмыстарына АҚШ пен Оңтүстік Кореядан халықаралық кеңесшілер, әуежайларды басқару жөніндегі сарапшылар және ұшатын таксилерді шығаратын әлемдік өндірушілер тартылды.
Осылайша, Қазақстан жаңа авиация саласы үшін дайын құқықтық базаны бірден құруға шешім қабылдаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды.
"Егер көптеген елде eVTOL және ұшқышсыз авиациялық жүйелерді реттеу әзірге жекелеген авиациялық нормалар, тәжірибелік режимдер немесе салалық регламенттер арқылы дамып жатса, Қазақстанда озық әуе мобильділігі мәселелері заңнаманың бірнеше деңгейінде – әуе кеңістігін пайдалану саласындағы салалық түзетулерден бастап, "Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңға дейін көрініс тапты", - деп нақтылады AAAG өкілдері.
AAAG мәліметінше, қалалық әуе мобильділігін дамыту үшін, әсіресе төмен биіктіктегі әуе кеңістігін жаппай пайдалану, әуе қозғалысын цифрлық басқару, арнайы әуе дәліздері мен тік көтерілу және қону инфрақұрылымы туралы сөз болғанда, реттеудің түбегейлі жаңа жүйесін құру талап етіледі.
Айта кетейік, жаңа саланы реттеу мәселелері Президент 2026 жылғы 8 мамырда қол қойған "Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көрсетілген. Онда қалалық әуе мобильділігі технологияларын, соның ішінде басқарылатын және ұшқышсыз инновациялық ұшу аппараттарын енгізу үшін құқықтық негіз жасау қарастырылған. Болашақта бұл норма әуе кеңістігінің арнайы аймақтарын салуға, қалалық әуе мобильділігінің бағыттары мен дәліздерін анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте аэротаксилерді, жүк дрондарын және басқа да инновациялық ұшу аппараттарын кеңінен қолдану тек тәжірибелік құқықтық режим аясындағы міндетті сынақтан өткізуден кейін басталады.
Аэротаксимен ұшу құны
Аэротаксимен ұшудың болжамды құнын бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтқан еді. Оның сөзінше, бастапқы кезеңде баға бір шақырымға шамамен бір доллар болады.
Вице-премьер қазіргі уақытта кептеліске байланысты екі сағатқа дейін созылатын Алматы әуежайынан қалаға дейінгі жолды мысалға келтірді:
"Мәселен, жолаушы Алматы әуежайына ұшып келді делік. Қазір кептеліске байланысты жол бір жарым-екі сағат уақыт алады. Маңайда дрондарды орналастыру жоспарланған: адам ұшуды алдын ала брондайды. Қазір бұл шамамен шықырымына бір доллар, мысалмен айтқанда, 15 шақырым үшін адам 15 доллар төлеп, діттеген жеріне жетеді", – деді Бозымбаев.
Үкімет болашақта нарыққа жаңа компаниялар келгенде, бәсекелестіктің арқасында аэротаксимен ұшу бұдан да арзандайды деп үміттенеді.
Қазақстанда аэротакси қашан іске қосылады?
Биыл жолаушылар тасымалын күтудің қажеті жоқ – 2026 жыл сынақтан өткізуге арналады. Бұл туралы да Қанат Бозымбаев хабарлады. Үкімет алдымен жаңа технологияны бортында адамдарсыз егжей-тегжейлі тексеріп алуды ұйғарды.
Сынақтар қалай өтеді:
- Алдымен дрондар төрт мезгіл бойы жүксіз ұшады. Мамандар аптап, аяз, жел, жоғары вольтты желілер мен магниттік өрістердің техникаға қалай әсер ететінін тексеруі тиіс.
- Сынақ бағыттары Алматы өңірінде жасалады. Ұшқышсыз аппараттар Алматы әуежайы, теміржол вокзалдары, Қонаев қаласы, Қапшағай су қоймасы және тау курорттары арасындағы желілерде тексеріледі.
- Алғашқы техникалық ұшулар сәтті өтті – олардың барысында тасымалдау ғана емес, жүктер мен азық-түлік жеткізу де сыналды.
Егер бір жылдық сынақ циклі сәтті аяқталса, адамдармен алғашқы нақты ұшулар 2027 жылы басталуы мүмкін (іске қосылатын алғашқы қала ретінде Қонаев аталды). Вице-премьер айтқандай:
"Адамдармен сынақ өткізбейміз. Адамдармен бірден ұшуды бастаймыз".
Айта кетейік, әуе таксиі тақырыбы бастапқыда үкімет отырысында көтерілген болатын. Сол кезде премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне биыл маусымның аяғына дейін қалалық әуе мобильділігі (UAM) мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырды. Ол Қазақстан әуе таксиі, дрондар мен ұшу аппараттарының басқа да жаңа түрлерін іске қосуға дайын болуы керек екенін атап өтті.