Қазақстанда прокуратураға инвесторлардың құқықтарын қорғауға байланысты жаңа өкілеттіктер беру жоспарланып отыр. Бас прокурор инвестициялық омбудсмен мәртебесіне ие болуы мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ұсынылған түзетулер туралы сенатор Марат Қожаев заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында айтып берді. Депутаттың сөзінше, жалпы алғанда 81 заңнамалық актіге, оның ішінде 15 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
"Сіздердің қарауларыңызға ұсынылған заңдар қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституция нормаларына сәйкестендіруге, сондай-ақ сайлау, прокуратура, әлеуметтік қамсыздандыру және қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру салаларындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған", - деді ол.
Түзетулердің жекелеген блогы прокуратураға қатысты. Қожаевтың түсіндіруінше, өзгерістер Президенттің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі жарлығын іске асыру мақсатында енгізіледі.
"Прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі құзыретін күшейтуге, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, прокуратура органдарына инвестициялық жобаларды сүйемелдеу кезінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру құзыретін беруге бағытталған түзетулер енгізіледі", - деп хабарлады депутат.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер мәселе инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мен инвесторлардың құқықтарын қорғау туралы болса, прокуратура мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіре алады.
Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодекске түзетулер енгізу ұсынылды, оған сәйкес Бас прокурор инвестициялық омбудсменнің құқықтық мәртебесін алады.
"Бас прокурорға инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау функциялары жүктелетін инвестициялық омбудсменнің құқықтық мәртебесі беріледі", - деді Марат Қожаев.
"Өңірлік деңгейде инвестициялық омбудсменнің өкілі ретінде инвестициялық прокурорлар, яғни облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар әрекет ететін болады", - деп толықтырды сенатор.
Бұл ретте, оның айтуынша, прокуратура органдарында заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару жөніндегі құзырет те сақталады.
Мән-жайы
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның Заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет деп қайта атауды тапсырған болатын. Сол кезде ол қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылғанын, бұл қаражаттың мектептер, спорт нысандары, денсаулық сақтау нысандары мен су инфрақұрылымын салуға бағытталғанын мәлімдеген еді.
Кейінірек Қазақстанда инвесторларды қорғау шаралары күшейтіліп жатқаны хабарланды. Мұндай қадамдар бизнеске түсетін қысымды азайту және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін түйткілдерді жедел шешу қажеттілігімен түсіндірілді.