Қазақстанда тегін өзгерту тек неке қию немесе ажырасудан кейін ғана емес, басқа да жағдайларда мүмкін болады. Заңда өзге де негіздер қарастырылған - мысалы, атасының тегіне өту, құлаққа жағымсыз тегін ауыстыру немесе оны ұлттық дәстүрлерге сәйкес рәсімдеу. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы бұл процедураның қалай өтетінін, қандай құжаттар қажеттігін және оның құны қанша болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ерекшеліктер
Қазақстан заңнамасы азаматтарға атын, әкесінің атын және тегін өзгертуге мүмкіндік береді, алайда кейбір шектеулер бар. Мәселен, бұл қадамға тек 16 жастан бастап және негізді себептер болған жағдайда ғана баруға болады.
Сонымен, тегін (сондай-ақ аты мен әкесінің атын) мына жағдайларда өзгертуге болады:
- олар құлаққа жағымсыз естілсе;
- оларды айту қиын болса;
- тегі некеге тұруға байланысты өзгертілсе;
- некеге дейінгі тегін қайтару ниеті болса;
- алдыңғы некеден туған балаларымен ортақ тегінде болуды қаласа;
- ата-анасының ұлты әртүрлі болған жағдайда, ата-анасының бірінің таңдалған ұлтына сәйкес келетін есімді және (немесе) текті иеленгісі келсе;
- адам өмірде іс жүзінде қолданатын, бірақ құжаттарда көрсетілгеннен өзгеше есімді алғысы келсе;
- ұлттық дәстүрлерге сәйкес әкесінің немесе атасының есімі бойынша тегін алғысы келсе;
- өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен есімі бойынша тегін және (немесе) әкесінің атын алғысы келсе.
Осылайша, тегін, есімін немесе әкесінің атын өзгертуге негіз болатын себептер әртүрлі - жеке, отбасылық, ұлттық дәстүрлерге немесе өмірлік жағдайларға байланысты болуы мүмкін.
Атақты адамның тегін алуға бола ма?
Мемлекеттік корпорация түсіндіргендей, Қазақстан заңнамасында танымал тұлғаның тегімен сәйкес келетін текті таңдауға қатысты жеке тыйым жоқ.
Алайда, әрбір өтініш жеке тәртіппен қаралады.
"Шешім қабылдау кезінде Кодекстің 257-бабында қарастырылған негіздер, сондай-ақ заңнама талаптары ескеріледі", - деп нақтылады "Азаматтарға арналған үкімет" өкілдері.
Басқаша айтқанда, танымал адамның тегін тек өз қалауыңыз бойынша таңдау мүмкін емес. Текті өзгерту үшін заңда қарастырылған негіздердің бірі болуы шарт.
Тағы қандай шектеулер бар?
Заң есімді, әкесінің атын және тегін өзгертуге рұқсат бергенімен, белгілі бір шектеулер бар. Соның ішінде жаңа есім немесе тек қоғамдық мүдделерге, моральдық нормаларға және ұлттық дәстүрлерге қайшы келмеуі тиіс.
Бұдан бөлек, мынадай есімдерді таңдауға болмайды:
- сандық белгілерден тұратын;
- символдары бар;
- анық құлаққа жағымсыз естілетін.
"Егер таңдалған нұсқа заңнама талаптарына сәйкес келмесе, тіркеуші орган бас тарту туралы дәлелді шешім қабылдап, мұндай шешімнің себептерін түсіндіреді", - деді "Азаматтарға арналған үкімет" мамандары.
Қайда жүгіну керек және қандай құжаттар қажет?
Тегін өзгерту үшін кез келген тіркеуші органға немесе Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) кез келген бөліміне өтініш білдіру қажет.
Қызметті рәсімдеу үшін мыналарды ұсыну керек:
- жеке басын куәландыратын құжат
- тегін өзгертуге негіз болатын құжаттар
Бұл ретте, егер қосымша ақпарат қажет болса, тіркеуші орган басқа да құжаттарды сұратуға құқылы.
Процедура қанша уақытты алады?
Есімді, әкесінің атын және (немесе) тегін өзгерту бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды.
Тек ресми түрде өзгертілгеннен кейін өтініш беруші құжаттарын жаңартуы қажет.
"Ең алдымен жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыру қажет. Сонымен қатар қажет болған жағдайда адамның дербес деректері көрсетілген басқа да құжаттарды жаңарту талап етіледі", - деп атап өтті корпорация.
Олардың қатарына мыналар жатуы мүмкін:
- білім туралы құжаттар;
- банктік құжаттар;
- мүлікке қатысты құжаттар;
- бұрынғы тегі көрсетілген өзге де құжаттар.
Мұны бір ай ішінде жасау керек.
Тегін өзгерту қанша тұрады?
Есімді, әкенің атын немесе тегін ауыстыру - ақылы қызмет. Азаматтық хал актілерін жазуға тиісті өзгерістер енгізгені үшін мынадай мөлшерде мемлекеттік баж төлеу қажет: 2 001 теңге.
Бұдан бөлек, тек өзгергеннен кейін барлық басқа құжаттарды ауыстыру үшін мынадай шығындар талап етілуі мүмкін:
- жеке куәлік - 0,2 АЕК (865 теңге);
- 36 беттік паспорт - 8 АЕК (34 600 теңге);
- жүргізуші куәлігі (егер ауыстыру қажет болса) - 1,25 АЕК (5 406 теңге);
- балалардың туу туралы куәлігі және неке қию туралы куәлік (ауыстыру қажет болған жағдайда) - 2 001 теңге.
Есімді, текті немесе әкенің атын ауыстыру - тек шығындарды ғана емес, сонымен бірге құжаттарды жаңарту міндетін де жүктейтін маңызды қадам. Сондықтан мұндай шешімді жан-жақты ойланып барып қабылдаған жөн.