ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті цифрлық активтерді заңсыз айналымға шығару дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үш азамат тиісті лицензиясыз криптовалюта қабылдау және айырбастау операцияларын жүргізген.
"Олар криптовалюта биржаларынан алынған қаражатты пайдаланып, криптокошелек арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен айырбас операцияларын жүзеге асырған. Қазақстан Республикасының аумағында қызметі тыйым салынған криптобиржалар арқылы жасалған бұл операциялар заңсыз болды. Заңсыз айырбас операциялары нәтижесінде схеманы ұйымдастырушылар цифрлық активтерді ұлттық валютаға айырбастаған. Жалпы айналым сомасы 681 миллион теңгеден астам", - делінген хабарламада.
380 адам осы үш азаматпен криптовалюта бойынша транзакциялар жасағаны анықталды, бұл іс-әрекет банктік шоттардан алынған үзінділермен расталған. Сот үш күдіктіге қатысты шешім қабылдап, оларды 2,5 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, мүліктерін тәркілеуге шешім қабылдады.
"Құны шамамен 400 миллион теңге болатын мүлік тәркіленді, оның ішінде 10 миллион теңге көлемінде активтер, 150 миллион теңге бағасындағы жылжымайтын мүлік, жалпы құны 213 миллион теңге болатын бес көлік, 12 миллион теңге тұратын квадроцикл және қымбат компьютерлік жабдықтар бар.
Мұндай құрылымдар өз клиенттерін сәйкестендірмейді және күдікті операцияларды анықтамайды. Сондықтан, олардың қызметтерін көбіне кибералаяқтар мен есірткі заттарын өткізушілер пайдаланады", - делінген хабарламада.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!