17 мамыр 2022 15:26

Қазақстанда неге техникалық мамандар тапшы?

Камила Долаева Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

ПМӨЗ ПМӨЗ

Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге техникалық мамандар жеткіліксіз екенін, сол бағытта үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі керегін айтты. "Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет", - деді Президент. Қазақсанда техникалық бағыттағы маман санын арттыру мәселесі соңғы 10 жыл бойы талқыланып келеді. Мәселен, 2011 жылы жасалған "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасында техникалық және қызмет көрсету саласында қызметкер тапшылығы байқалады делінген.


Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге техникалық мамандар жеткіліксіз екенін, сол бағытта үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі керегін айтты. "Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет", - деді Президент. Қазақсанда техникалық бағыттағы маман санын арттыру мәселесі соңғы 10 жыл бойы талқыланып келеді. Мәселен, 2011 жылы жасалған "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасында техникалық және қызмет көрсету саласында қызметкер тапшылығы байқалады делінген.

2014 жылы "Астана ақшамы" гезетінде елордада инженер-механик, инженер-энергетик, инженер-жобалаушы, құрастырушы, электрмен дәнекерлеуші, электрик, слесарь, сантехник, токарь секілді мамандар тапшы екені хабарланған.

Ал 2022 жылы автомобильдер мен автобустардың жүргізушілеріне, технологиялық қондырғыларды жөндейтін слесарьларға, буып-түюшілерге және технологиялық жабдықтарды монтаждайтын білікті кадрларға сұраныс артқан. Бұл Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ресми дерегі. Демек, техникалық мамандар әлі де жетіспейді. Неге?

Еңбек министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл ақпанда Электрондық еңбек биржасында 72,3 мың бос жұмыс орны мен 54,6 мың түйіндеме орналастырылған. Ал білікті қызметкерлер арасында техникалық мамандармен қатар күзетшілер, медбике, мейіргерлер, тәрбиешілер тапшы. Заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дене шынықтыру мұғалімдері керісінше көп, жұмыс таба алмай жүр. Кейінгі 5 жылдықта Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі тұрақты - 4.9. Алайда ол барлық облыста бірдей тұрақты емес.

Мамандардың жетіспеуі елмізді де шығынға батырып отыр. "Қазақстан құрылысшылар одағының" мәліметінше, экономиканың негізгі қозғаушы күші өндіріс саласы болса, ондағы жұмыс күшінің тапшылығынан Қазақстан жыл сайын 468 миллиард теңге жоғалтып отыр. Былтыр одақ мүшелері еңбек ресурстарының тапшылығы тұрғысынан зерттеу жүргізіп, әртүрлі бейіндегі мамандардан 630 000 адам керек екенін анықтаған болатын. Яғни, әр компанияға шаққанда 10 маманнан жетіспейді. Осы тұста Еңбек министрлігінің статистикасын айта кеткен жөн, олар 148 500 маман жетіспейді деген.

Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінің берген ресми ақпаратына сәйкес техникалық мамандарға деген сұраныс жыл сайын артып жатыр. Ал, білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бұл мәселенің алдын алу шаралары жүргізілген. Яғни, техникалық университеттер мен колледждер көбейтіліп, қосымша білім гранттары бөлініп жатыр. Алайда жыл сайын техникалық мамандықтарға арналған білім гранттарының саны еселеп артқанымен, жұмыссыздық деңгейіне байланысты техникалық мамандардың жетіспеушілігі әлі күнге дейін байқалады.

Мысалы алматылық 25 жастағы Талғат Сырманов Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде автоматизация және басқару мамандығын тәмамдаған. Университеттегі "ең мықты мамандық осы еді" дейді ол.

"Бірақ жұмысқа кірерде тәжірибең бар ма?" деп сұрайды. Тәжірибелі маман алғысы келеді. Бастапқыда 80 - 100 - 150 мың жалақы ұсынады. Патенциалыңды одан жоғары бағалаған соң мұндай жерде жұмыс істегің келмейді. Қазір кино саласында картина директорымын. Продюсерлікке көтеріліп барамын", - дейді ол. 

6 жыл металл өңдеу мамандығында білім алып, қазір екі дипломмен жолаушылар мен жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін Әнуар Мелісұлының да назы осы.

"Жалақысы төмен болған соң басқа салаға кеттім. Қазір хобби ретінде күмістен әшекей-бұйым жасап тұрамын. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдадым. Білім сапасы қанағаттандырмады", - дейді ол.

Химик-технолог мамандығын тәмамдап, оқуын магистратурада жалғастырып жатқан Зарема Джумагулова өз мамандығы бойынша жұмыс іздестіріп көргенін айтты.

"Негізі жұмыс көп. Бірақ көп жерде, әсіресе ірі мұнай-газ өндіретін орындарда тәжірибе сұрайды. Жақында кептірілген жемістерді өңдеп, батончик жасайтын шағын цехке бардым. Жалақысы 150 мың, жұмыс аптасына бес күн таңғы 9-дан 18.00-ге дейін екен", - дейді ол.  

Биыл президент техникалық мамандықтарға көбірек грант бөліп, шетелдік бес беделді техникалық университеттің филиалын ашуды тапсырды. Білім және ғылым министрігіне жолдаған сауалымызда, биыл гранттар инженерлік, өңдеу және құрылыс, IT бағыттарына бөлінетінін хабарлады. Министрлік осылайша еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес техникалық кадрлардың қажетті саны даярланады деп отыр.

"Техникалық жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған гранттар саны ұлғайтылады. Осылайша, кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс үлесі 40 пайыздан (21 мыңнан астам грант) 60 пайызға дейін (40 мыңнан астам грант) ұлғайтылады.

Бұл ретте өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын, ұлттық жобалардың көрсеткіштерін ескере отырып, ел экономикасының салалары үшін кадрларға қажеттіліктің орта мерзімді болжамы ескеріледі", - деді министрлік өкілдері.

Елімізде электр энергиясын өндіретін станциялар салумен айналысатын компания серіктесі, экономика ғылымдарының докторы Жомарт Момынбаев мамандар тапшылығы бар екенін жасырмады. Алайда жоғары оқу орнын енді бітірген түлектермен де жұмыс істейтінін айтты.

"Штатта 60 адам бар. Негізінен инженер-энергетиктер, жобалаушы, құрылысшы, шеберлер, сондай-ақ, жұмысшы мамандар (дәнекерлеуші, слесар, жүргізушілер және басқалары) жұмыс істейді. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы басшылық қызметтегі тәжірибелі инженер-энергетиктер, жоспарлау-техникалық бөлім мамандары, сатып алушылар, логистер, брокерлер тапшы", - дейді ол.

Жомарт Момынбаевтың сөзінше, компания тек жергілікті кадрлармен жұмыс істейді. Бірақ жел электр станцияларын салу сияқты күрделі және ірі қаржы құйылатын бағыттарды дамыту үшін тәжірибелі шетелдік басшыны директордың орынбасары лауазымына шақыруды жоспарлап отырғанын айтты. Ол күн энергетикасы саласында мамандардың біліктілігіне 5-тен 4 деген баға берді, ал жел энергетикасы саласында 5 балдан 3.

"Біз жоғары оқу орындарының энергетика мамандығын тәмамдаған түлектерін жұмысқа жиі қабылдаймыз, олар алдымен тәжірибелі энергетиктердің басшылығымен тағылымдамадан өтеді. Оқытудың бұл тәсілі пайдалы екенін олар да айтады. Осымен жас мамандарды қабылдап жүргенімзге үш жыл болды, биыл да АЭжБУ түлектерін жұмысқа алғымыз келеді. Студенттің деңгейі тек ЖОО-ға емес, сонымен қатар, қабілеті мен өз қалауына байланысты. Сондықтан біз электр энергетикасы саласын таңдаған түлектермен жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз", - дейді ол.

Жомарт Момынбаев жұмысшыларының жалақысы алғашқы үш айда 200 мың, содан кейін 250 мың теңгеге көтерілетінін айтты.

Десе де өз мамандығымен жұмыс істемейтін жастарға тек жалақы қызықтырады деу қате. Мысалы алматылық Тимирлан қазір тендермен айналысатын компанияда HR бөлімінің басшысы. Қарапайым сатушыдан бір жылда осы қызметке көтерілген. Ал негізі мамандығы бойынша бағдарламашы, Халықаралық IT университетін тәмамдаған. Оның сөзінше, оқудың 3-курсында бұл мамандықпен кейін жұмыс істемейтінін түсінген.

Жалпы Қазақстанда білім беру орындары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында басым шоғырланған. Ал халық саны жөнінен екінші орындағы Түркістан облысындағы саны үш есе аз. Жекелеген облыстардағы білім беру орындарының саны халық санына шаққанда сәйкес келмейді.

Мамандар жетіспеуін тәжірибеден өтетін өндіріс орындарының, университеттерде зертханалардың заманауи жабдық­талмауымен де байланыстырады. Техникалық мамандарды даярлау үшін қо­мақ­ты қаражат керек. ЖОО-ларда оқулық пен жүйе­лі жоспардың болмауына да сын тағылып жатады. Өзге елде оқыған жас мамандардың жұмыс таппай жатуы да мәселенің бір ұшы.

Қорытындылай келе, Қазақстанда осы уақытқа дейін кадр тапшылығы мәселесі кәсіптің беделін арттырумен, техникалық мамандықтар факультеттерін құрып, жалақы көтеру арқылы шешіліп келді. Бірақ бұл жолдың қате екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Білім гранттарының артуына кері пропорционал өсіп келе жатқан техникалық мамандарға деген тапшылық елдегі кадр даярлаудағы білімнің деңгейін көрсетеді. Бұл - елдің жұмыссыздық деңгейіне тікелей әсер етеді. Оқу орындары мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнатылуы керек. Алғашқылары соңғыларының сұранысына сай маман даярлауды қолға алуы қажет.

Мақала авторлары: SDU магистранттары Камила Долаева, Айкөркем Мухамбетова.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.3   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети