Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын ішкі нарық үшін 2026 жылдың аяғына дейін сақтап қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Баға қанша болады?
Тиісті бұйрыққа ведомство басшысы қол қойды. Құжат 1 шілдеден бастап күшіне енді.
2026 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін баға қосылған құн салығынсыз (ҚҚС) тоннасына 59 722 теңге болады.
"2026 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңге тауар биржаларынан тыс елдің ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы қосылған құн салығын есепке алмағанда тоннасына 59 722 теңге мөлшерінде бекітілсін", – делінген Энергетика министрінің ресми бұйрығында.
Осылайша, Энергетика министрлігі ішкі жеткізушілер үшін шикізат құнын бірінші жартыжылдықтағы деңгейде сақтап қалды.
Бұйрықтың орындалуын Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаменті бақылайды.
Бұған дейін Маңғыстау және Атырау облыстарында автокөлік жүргізушілері газ құю станцияларындағы ұзын-сонар кезекке шағымданған болатын. Жүргізушілер жанармай құю үшін бірнеше сағат күтуге мәжбүр болғандарын хабарлады.
Сол кезде Энергетика министрлігі екі өңірге де сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты режимде жүзеге асырылып жатқанын, тіпті мәлімделген қажеттіліктен асып түсетінін атап өткен еді.
Кейінірек ведомство Қазақстанда сұйытылған мұнай газының тапшылығы жоқ екенін, ал елдің батысындағы жекелеген газ құю станцияларындағы кезек логистикаға байланысты болғанын түсіндірді.