Павлодарда балабақша тәрбиеленушілерін ұрып-соққаны әшкере болған тәрбиешіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
Балабақша төңірегіндегі жанжал 2025 жылғы маусымда басталған. Сол кезде үш жасар балалардың ата-аналары әлеуметтік желілерге бейнебақылау камераларының жазбаларын жариялаған.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған бейнежазбаларда тәрбиешінің балаларды шашынан жұлқып, итеріп, шапалақпен ұрғаны көрінеді. Оқиға балалар киім ауыстыратын бөлмеде болған. Іс бойынша 16 бүлдіршін зардап шегуші деп танылған.
Тәрбиешіге қандай айып тағылған?
33 жастағы Павлодар тұрғынына ҚР ҚК-нің 140-бабы ("Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау") және 110-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары "Қинау" бойынша айып тағылған. Сотта сотталушы кінәсін толық мойындап, зардап шеккен балалардың ата-аналарынан кешірім сұрады.
Сот шешімі
Сот талқылауы барысында бейнежазбалар, ата-аналардың айғақтары және істің өзге де материалдары зерттелді.
Сот әйелді кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, алайда сотталушының кәмелетке толмаған үш баласы барын, оның ішінде кенжесінің бес айлық екенін ескеріп, жазаның орындалуын бес жылға шегерді.
"Балабақша тәрбиешісі М. өз міндетін атқару барысында балаларға қатыгездік көрсеткен. Олардың басынан, қолынан ұрып, киімдерін жұлқып шешкен. Орындықтарға күшпен отырғызып, жұлқылаған немесе денесінің әртүрлі жерінен, қолынан, басынан ұрған, салдарынан кейбір балалар басымен қатты заттарға соғылған. Сондай-ақ шашынан немесе құлағынан ұстап бөлме ішінде жетелеген, сілкілеген, кереуетке лақтырған деректері бар", - деді судья үкім жарияланғаннан кейін.
Бұдан бөлек, сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, үш баланың денесінен көгерулер мен сырылған іздер анықталған.
Сот жеңілдетуші жағдайлармен қатар, тәрбиешінің қылмыстық құқық бұзушылықты қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасағанын ескеріп, оны ауырлатушы мән-жай деп таныды.
Ата-аналар үкімге шағым түсірмекші
Бұл ретте зардап шеккендердің ата-аналары сот үкімімен келіспейді және оған шағым түсіруге ниетті.
"Біздің балаларымыз тек соққы мен қатыгездіктен ғана зардап шеккен жоқ, олар психологиялық жарақат алды. Мұндай жеңіл үкімді әділетсіз деп санаймыз", - дейді бүлдіршіндердің аналары.
Айта кетейік, ата-аналар моральдық шығын өтеуді талап еткен, көбі оны 10 миллион теңгеге бағалаған. Алайда сот олардың талаптарын ішінара қанағаттандырып, сотталушыдан зардап шеккендердің бір бөлігіне 400 мың теңгеден, ал қалғандарына 300 мың теңгеден өндіріп алуды міндеттеді.