18 мамыр 2022 19:33

"Кім өмір сүріп, кім өлетінін G7 шешеді". Желіде адам сенгісіз фейктер тарады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Иллюстрациялық фото pexels.com сайтынан Иллюстрациялық фото pexels.com сайтынан

Қазір Желіде халық арасында түрлі фейк тарап жатыр. Оның ішінде коронавирустан бөлек, Конституциядағы өзгерістерге де қатысты жалған ақпарат бар. Tengrinews.kz тілшісі кейінгі кезде Желіде тараған фейктерді жинады.


Қазір Желіде халық арасында түрлі фейк тарап жатыр. Оның ішінде коронавирустан бөлек, Конституциядағы өзгерістерге де қатысты жалған ақпарат бар. Tengrinews.kz тілшісі кейінгі кезде Желіде тараған фейктерді жинады.

"Конституцияға түзетулер енгізілгеннен кейін халықтың жеке меншігін мемлекет басқарады" - фейк

Қазақстандық Telegram-чаттарда қатысушылары референдумда Конституцияға түзетулер қабылданған жағдайда халықтың жеке меншігін депутаттар мен мемлекет өкілдері басқарады деп жазып жатыр. 

Қазақстанда биыл 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Ел азаматтары ҚР Конституциясына түзетулерді қабылдауды жақтап немесе қарсы дауыс бере алады.

Жалпы түзетулер саны - 35. Олардың ешқайсы азаматтардың жеке меншігін жоюға немесе оны мемлекетке беруге қатысты емес.

Telegram чаттарға қатысушылар жазған түзету мынадай:

"6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін".

Әділет министрлігінің хабарына қарағанда, бұл азаматтардың жеке меншігі мемлекетке беріледі дегеннің белгісі емес.

"Конституцияның 6-бабының 3-тармағына ұсынылып отырған түзету жеке меншіктегі жерге, малға және жеке өзі өсірілген екпелерге қатысты қолданылмайды. Түзетуге сәйкес жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін белгілеу ұсынылады, қазіргі уақытта Конституцияда олардың мемлекеттік меншікте екені белгіленген. Бұл ретте мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратынын нақтылау ұсынылып отыр. Демек, мемлекет меншік құқығын тек халыққа тиесілі және жеке меншік объектілері болып табылмайтын жерге, оның жер қойнауына, суларына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне және басқа да табиғи ресурстарға қатысты жүзеге асыратын болады. Жерге жеке меншік құқығына кепілдік беретін Конституция нормасы өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн (Конституцияның 6-бабы 3-тармағының екінші бөлігі)", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ, олар соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайтынын атап өтті. Заңда көзделген ерекше жағдайларда мемлекет қажеттілігі үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару оның құны тең бағамен өтелген жағдайда жүргізілуі мүмкін (Конституцияның 26-бабының 3-т.).

"Айқын белгілері бар адамда COVID-19 талдауы теріс болуы - ауру ойдан шығарылғанының белгісі" - фейк

Желіде канадалық GlobalNews порталының мақаласынан үзінді тарады. Онда адамның бойында COVID-19-дың айқын белгілері болса да, тест нәтижесі теріс болып шығуы мүмкін деп айтылады. Бұл нені білдіреді және неге бұл COVID-19 ойдан шығарылған ауру деген болжамды дәлелдемейтінін түсіндіріп өтейік.

Қазнетте үзіндісі тараған мақала GlobalNews порталында 8 сәуірде жарық көрген. Онда КВИ белгілері бар адамдар да бұл ауруға тапсырған талдау нәтижесі теріс болуы мүмкін екендігі айтылғаны рас. Алайда, мәтінде үй жағдайында жасалатын антигендерге арналған жедел сынақтар туралы жазылған. Материалда зертханаларда жүргізілген ПТР талдаулары туралы сөз жоқ.

Жедел тесттің теріс нәтиже беруінің екі негізгі себебі бар. Біріншісі - биоматериалдың дұрыс алынбауы, яғни мұрын мен жұтқыншақтан жақпа алғаннан кейін, стикте вирус бөлшектерінің жеткіліксіз болуы. Екіншісі – аурудың тым кеш немесе тым ерте кезеңі.

Бірақ бұл COVID-19 - ойдан шығарылған ауру дегенді білдірмейді. SARS-CoV-2 коронавирусы, оның қоздырғышы нақты бар. Ол Кох постулаттарына сәйкес бөлініп алынды.

Оның ашылған геномын Желіден оңай табуға болады.

Жалпы, әлемде 502 183 334 адам COVID-19 жұқтырған. Ауру салдарынан 6 214 490 адам қайтыс болды.

Демек, таралып отырған мақаланың бір бөлігі контекстен үзіп алынған және оқырманды адастырады. Материалдың толық нұсқасында антигенге арналған жедел сынақтар туралы ғана айтылады және COVID-19 ойдан шығарылған ауру болуы мүмкін екендігі жайлы ешқандай мәлімет жоқ.

"G7 өкілі кім өмір сүретінін, кім өлетінін шешетінін айтты" - фейк

Қазнетте Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Гордон Браунның Үлкен Жетілік елдері кім өмір сүретінін, кім өлетінін шешеді деп мәлімдеген видеосы тарады. Одан әрі ол COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы айтады. Кейбір пайдаланушының пікірінше, оның сөздері пандемия әлемдік үкіметтің адамзатты жою мақсатындағы қастандығы теориясын растайды. 

Шын мәнінде, Қазнетте тараған видео үзіндісі контекстен үзіп алынған. Видеоның толық нұсқасын Интернеттен табуға болады. 

Онда Гордон Браун әлемде COVID-19 қарсы вакциналарды үлестіру туралы айтады. G7 елдері "кім өмір сүретінін және кім өлетінін" шешеді деген сөзбен ол бай мемлекеттерді үшінші әлем елдеріне вакциналар жеткізу үшін мүмкіндігінше көп қаражат бөлуге шақырды.

Гордон Браун вакцинация COVID-19-ға қарсы сенімді және тиімді қорғаныс деп мәлімдейді.

"Бүкіл әлем қауіпсіздікте болмайынша, біз де қауіпсіз бола алмаймыз", - деді ол.

Әлбетте, бұл сөздің астарында теріс ой жоқ, оның үстіне, бұл COVID-19 пандемиясының әлемдік үкіметтің қастандығының нәтижесі деген теорияны растамайды.

"Экс-сенаторды балалар саудасы туралы шындықты ашқаны үшін өлтірген" - фейк

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар Джорджия штатының бұрынғы сенаторы Нэнси Шефферді кәмелетке толмағандарды қорғау қызметтерінің қатысы бар балалар саудасының дәлелдемелерін әлемге ұсынуға уәде еткені үшін өлтіргені туралы жазып жатыр. 

Нэнси Шеффер Джорджия штатының сенаторы болып екі рет сайланған. Оның өкілеттіктері 2008 жылы аяқталды. Ал 2010 жылы ол қайтыс болды.

Нэнси Шеффер мен күйеуі Брюстің денесін қонаққа келген ересек балалары тапқан. Оқиға орнына жеткен полицейлер сенатордың күйеуі алдымен оны артынан атқан, содан кейін өзін-өзі атып өлтіргенін анықтады. Бұл болжам күрес немесе есікті бұзу белгілерінің болмауы, отбасы мүшелерінің хаттары болуы және күйеуі Нэнси Шеффер жазған өлім алдындағы хатпен расталды. Сондай-ақ, саясаткердің жұбайының денесінің жанында жатқан екі оқ атылған тапанша табылды.

Кейбір дереккөздің айтуынша, Брюс Шеффер қатерлі ісік ауруымен ауырған, сондай-ақ отбасында қаржылық қиындықтар болған, бұл осы жағдайға әкеп соқтырған болуы ықтимал.

Балалар саудасына келетін болсақ, қайтыс болғандардың жеке заттарынан бұл теорияны растайтын құжаттар немесе басқа дәлелдер табылған жоқ. Ерлі-зайыптылардың өлімінен кейін олардың балалары бұл туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

"Әлемдік элита балаларды ұрлап, оларды аздырады, өлтіреді және түрлі шайтандық салт-жоралғылар кезінде тамақ ретінде пайдаланады" деген теория Pizzagate қастандық теориясымен тығыз байланысты. Бұл толығымен дәлелсіз және тәуелсіз фатчекерлер де, полиция қызметкерлері де бірнеше рет теріске шығарған.

"Омикрон нұсқасы зертханада жасалған" - фейк

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде SARS-CoV-2 коронавирусының омикрон нұсқасы зертханада қолдан жасалған деген теорияны таратып жатыр. Бұған қарсы пікір білдірген ғалымдардың бәрін "сатып алған", ал "аса терең білімі жоқ" тәуелсіз сарапшылар бар шындықты біледі делінген. 

Омикрон нұсқасы көптеген мутацияға ұшырады, бұл оны SARS-CoV-2 коронавирусының басқа белгілі нұсқаларына қарағанда әлдеқайда жұқпалы етеді. Алайда, бұл оның қолдан жасалғанының белгісі емес.

Ғалымдар осы нұсқаның пайда болуының бірнеше жолын қарастырып жатыр. Олардың ішіндегі ең ықтималдысы: жануарларда пайда болып, мутацияға ұшырау; вирустың денсаулық сақтау жүйесі дамымаған, соның нәтижесінде бақылауға арналған сынақтар мен зертханалар жетіспейтін аймақ тұрғындарында мутациялануы; иммун тапшылығы бар адам ағзасындағы мутация. 

Бүгінгі таңда қол жетімді ғылыми зерттеулерде вирус нұсқасы қолдан жасалды деп айтатындай негіз жоқ.

Оның үстіне, вирус нұсқасында осындай мутацияларды жасау мағынасыз, себебі аса жұқпалы болғанына қарамастан, ауру белгілері көбіне жеңіл болады және асқынулар мен өлімге сирек әкеледі.

Сонымен қатар, хабарламада қазіргі заманның дәрігерлері заманауи гендік терапияның мүмкіндіктерін түсінбейтіні, сондықтан вирус нұсқасының зертханада жасалғанын түсіне алмайтыны айтылған. Шындығында, қазіргі кезде гендік терапия мүмкіндіктері өте шектеулі. Біріншіден, бұл сала әлі зерттеліп жатыр. Екіншіден, әлемдік қауымдастық терапияның бұл түрінің этикалық аспектілерін талқылап жатыр. Үшіншіден, кейбір елдерде, мысалы, АҚШ-та гендік терапия клиникалық сынақтар аясында ғана мүмкін. 

Қорыта айтқанда, таратылған ақпарат толығымен негізсіз және автордың жеке пікірі болып табылады. Омикрон нұсқасы зертханада әдейі жасалуы мүмкін екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Қолда бар ғылыми деректер де мұны растап отыр. Сондай-ақ, жеткілікті біліктілігі жоқ мамандар неге тәжірибелі және білімді ғалымдарға қарағанда мутация көзін дәлірек анықтай алатындығы да түсініксіз.

Материалдар Stop Fake сайтынан алды

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети