Көкшетауда әйелдің өлімі дерегі бойынша сот шешім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Көкшетауда әйелдің өлімі дерегі бойынша сот шешім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Көкшетау қалалық соты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу айыбы бойынша сотталушы С.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі).
Көкшетаудағы тұрақтардың бірінде қайғылы оқиға 9 мамырда болды. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған жазбадан көлік тұраққа кіреберісте жол бойымен келе жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткенін көруге болады.
Сот келесіні анықтады
2026 жылы мамырда Көкшетау қаласында С. көлікті басқару құқығы болмаса да тізгінге отырып, үйдің ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргінші Ш.-ны қағып кеткен. Салдарынан жәбірленуші денсаулығына ауыр зиян келіп, алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.
Сотта С. жұбайының денсаулығы нашарлағандықтан, оның рұқсатымен жүргізуші куәлігі болмаса да көлік тізгініне отырғанын түсіндірді. Көлік иесінің автокөлікті басқару құқығы жоқ адамға беруі дерегі бойынша қылмыстық іс жеке іс жүргізуге бөлінді.
С.-ның кінәсі оның өз кінәсін толық мойындаған жауаптары, куәгерлердің айғақтары, оқиға орнын қарап-тексеру, ЖКО сызбасы, сараптама қорытындылары және бейнежазбамен дәлелденді.
Жаза тағайындау кезінде сот С.-ның жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, асырауында жас балаларының болуын, жәбірленуші тарапқа келтірілген моральдық зиянды ерікті түрде өтегенін және бұрын әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын жеңілдетуші мән-жайлар ретінде ескерді.
ҚК-нің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотталушы жасаған құқық бұзушылық онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
Жәбірленуші тарап сотта сотталушы С.-ға материалдық және моральдық сипаттағы талаптары жоқ екенін, шығынның толық өтелгенін және кешірім сұралғанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігінде балама санкциялардың жоқтығын, сондай-ақ сотталушының көлік құралын басқару құқығы болмаса да оның қауіптілік көзі екенін сезіне отырып, ЖЖҚ-ны өрескел бұзып, адам өліміне әкеп соққан соқтығысуға жол бергенін ескерді.
"Сот үкімімен С.-ға 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде (заң бойынша жас баласы бар әйелдердің жазасын өтеуін кейінге қалдыру міндеттеледі), сотталушының тәрбиесінде екі жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды", - делінген сот қаулысында.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.