Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты ісі бойынша атышулы сот процесі жалғасып жатыр. Сотта Алматы Полиция департаменті бастығы орынбасарының жүргізушісінен жауап алынды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол қайғылы оқиға болған түні әрекетсіздік танытқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Полицейге қатысты іс
26 наурыздан бастап, адам өліміне әкеп соққан жол апаты туралы негізгі істен бөлек, тергеу тағы бір қылмыстық істі тергеп жатыр:
- Қызметтегі әрекетсіздік. Күдікке Алматы Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі – полиция қызметкері ілінді. Тергеу мәліметінше, оның әрекетсіздігі адам өліміне әкеп соққан жол апатына себеп болуы мүмкін (370-баптың 4-бөлігі, 1-тармағы "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік"). Бұл іс бойынша тергеу амалдары аяқталды.
Сотта А.Ж.-ның 2024 жылдан бері Алматы ПД бастығы орынбасарының жүргізушісі болып жұмыс істегені анықталды. Қазіргі уақытта ол лауазым иесі қызметінен кеткен. Жол апаты кезінде ол қызметтік Hyundai Palisade көлігінің рулінде болған.
Полицейдің сотта берген жауабы
Сотта жол апаты ісі бойынша куәгер Ж. 21 наурызда кешке ауысымы аяқталған соң достарымен кездескенін айтты.
Оның айтуынша, сағат 22:30 шамасында досы, сотталушы А. П. қоңырау шалып, мейрамханаға кешкі асқа шақырған. Ж. ол жерге шамамен 23:00-де барған, ол кезде VIP-залда А. П. және басқа да таныстары отырған.
"Біраз уақыттан соң, сағат 3:20 шамасында қоштасып, сыртқа шығып, көлікке отырдым. Достық – Қажымұқан қиылысында А. П. мініп жүрген Zeekr көлігін көрдім. Бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрды, Zeekr орнында тұрды. Мен жақындай бергенде жасыл жанды. Содан кейін әл-Фараби даңғылына оңға бұрылып, Луганский көшесіне қарай кері бұрылдым. Әл-Фарабиге шығаберісте сол жақтан А. П. өз көлігімен менен озып кетті, содан кейін ол көзден таса болды. Әл-Фараби – Ленин (Достық) көпірінің астына жақындағанда, Әл-Фараби – Меңдіқұлов қиылысында көтерілген шаңды көрдім. Оң жаққа тоқтап, Mercedes пен Zeekr болған жол апатын көрдім", – деді ол.
Фото: Tengrinews.kz
Ж. досының қираған көлігіне қарай жүгіріп барғанын, сол жерден А. П.-ның өз бетінше шығуға тырысып жатқанын айтты.
"Жүгіріп барып, оны қолтығынан сүйеп көмектестім, көліктен алыстаттым. Кейін аяғының сынғанын көріп, артық тиіспедім. Ұйықтап кетпесін деп бетінен шапалақпен ұрдым. Куәгерлер жүгіріп келді, мен оларға оны ұстап тұруды айттым да, жедел жәрдем шақыру үшін өз көлігіме ұялы телефоныма қарай жүгірдім. Жедел жәрдемге енді қоңырау шала бергенімде, олардың келіп қалғанын көрдім".
Кейінірек ол ортақ достары Н.-мен хабарласқан. Олар бірге П.-ны зембілге салуға көмектесіп, ауруханаға шығарып салған. Ж. өз көлігімен соңдарынан барған.
"Ауруханаға жете бергенде маған Н. қоңырау шалып, әмиянның жоқ екенін айтты. Ауруханаға тіркелу үшін керек болған шығар деп түсіндім. Жол апаты болған жерге қайта барып, көліктің айналасын бірнеше рет айналып, көпірдің астын қарадым - әмиянды таба алмадым. Содан кейін екінші досым қоңырау шалды, оны жол апаты болған шерге шақырдым, мүмкін ол әмиянның қандай екенін және ішінде не болғанын білетін шығар деп ойладым. Ол келіп, әмиянды тауып алды. Содан кейін ол ауруханаға кетті, ал мен үйіме қайттым", - деді ол.
"Жеке қажеттілік үшін, басшылықтың рұқсатынсыз"
Жауап алу барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Гүлмира Бабажанова куәгерден жол апаты болған күні қызметтік көліктің рөлінде болған-болмағанын сұрады. Ж. Hyundai Palisade көлігін басшылықпен келіспей жеке қажеттіліге қолданғанын мойындады.
- Адвокат: Айтыңызшы, сіз жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін қызметтік көлікпен жүре аласыз ба?
- Куәгер: Жоқ.
- Адвокат: Ал сол күні неге қызметтік көлікті алып, мейрамханаға бардыңыз?
- Куәгер: Жеке қажеттілік үшін, басшылықтың рұқсатынсыз, бұл оның жеке көлігі болатын.
- Адвокат: Басшыңыздан рұқсат сұрадыңыз ба?
- Куәгер: Жоқ, басшылық хабарсыз.
Сонымен қатар куәгер апаттан кейін көліктегі жедел қызметтік нөмірлерді ауыстырғанын мойындады.
"Оқиғадан кейін ауыстырдым, иә. Аурухана маңында. Басқа жедел нөмірлерге", – деді Ж.
Фото Tengrinews.kz.
Жәбірленушілердің адвокаты жедел нөмірлерді беру және ауыстыру тәртібі туралы егжей-тегжейлі сұрамақ болғанда, куәгердің қорғаушысы оның басқа іс бойынша күдікті мәртебесінде екенін еске салды. Содан кейін Ж. сұраққа жауап беруден бас тартты.
Шотта жоқ кола
Жәбірленушілердің адвокаттары куәгерден VIP-залдағы отырыстың мән-жайын және қандай сусындарға тапсырыс берілгенін нақтылады.
Ж. өзінің ішімдік ішпегенін, тек кола ішкенін айтып табандап тұрып алды. Алайда жәбірленуші тараптың өкілі Мейірман Шекеев 451 мың теңгелік шотта коланың болмағанына, есесіне виски, текила, сыра және басқа да сусындардың, соның ішінде бірнеше рет тапсырыс берілген 800 грамм вискидің көрсетілгеніне назар аударды.
"Есімде толық қалмапты, бірақ сусын алкогольсіз болатын. Алма шырыны ма, әлде кола ма – нақты білмеймін", – деп жауап берген куәгер, шотқа қатысты түсіндіріп бере алмады.
Еске салайық, өткен отырыстарда сотталушы мен онымен бірге VIP-залда болған куәгерлер отырыс кезінде ішімдік ішкендерін жоққа шығарған болатын.
Жарыс болды ма?
Сотта жәбірленуші тараптың өкілі Мейірман Шекеев куәгерден компания мекемеден түнде шыққаннан кейін жарыс ұйымдастырды ма деп сұрады. Ж. мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Бұдан кейін заңгер Ж.-ның 23 наурыздағы жауап алу хаттамасын жариялауға рұқсат сұрап, онда оқиғаның басқаша сипатталғанын айтты. Судья құжатты оқуға рұқсат берді.
"Мен жоғарыда аталған Hyundai Palisade автокөлігімен бірінші болып шықтым, мейрамхана ауласынан артқа қарай шығып, Достық даңғылындағы қос тұтас сызық арқылы бұрылдым. Мен бұрылып жатқан сәтте мейрамхана аумағынан Zeekr маркалы көлігімен А. П., сондай-ақ KIA маркалы көлігімен Д. шықты. Олар Достық даңғылына шығып, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, солтүстік бағытқа қарай кетті", – деп оқыды Шекеев мәтінді.
Сол хаттамада Ж. әл-Фараби даңғылында А. П.-мен бір-бірін қалай бірнеше рет басып озғандарын сипаттаған.
"Бұл уақытта мен Zeekr көлігімен келе жатқан А.-ны басып оздым. Әрі қарай жол бойымен келе жатқанда, Достық даңғылының көпір астындағы қиылысына жетпей А. мені басып озды. Ол бірден жылдамдықты арттырып, 200 метр қашықтыққа ұзап кетті", – деп оқыды Шекеев хаттамадан.
Жәбірленуші өкілі жол кең болса да, куәгер мен А. П.-ның қандай мақсатпен бір-бірін басып озғанын қайталап сұрағанда, Ж.-ның қорғаушысы араласып, оның басқа іс бойынша күдікті мәртебесінде екенін еске салды.
Сондай-ақ Ж. мейрамхана ауласынан шыққан кезде Достық даңғылындағы қос тұтас сызықты кесіп өткенін мойындады.
Жол апатының себебі неде: сотталушы нұсқасы
Бұдан бұрын 15 маусымда сотта сотталушы А. П. жауап берді. Ол апатты Zeekr автокөлігінің техникалық ақауымен байланыстырады.
Оның айтуынша, мейрамханадан шыға бергенде бақылау панелінде ескерту индикаторлары жанған, ал әл-Фараби даңғылы бойымен келе жатқанда гуіл пайда болған. Оны жою үшін жүргізуші айналымды арттыруды ұйғарған.
"Сол жақ жолақтан оң жаққа ауыса бастадым. Осы сәтте, бәлкім, жолаққа қайтару жүйесі кенет іске қосылып, соның салдарынан көлік тайып кеткен болуы мүмкін. Қарсы беттегі жолаққа шығып кеткен соң көлік басқаруға көнбеді. Оңға немесе солға бұруға тырыстым, бірақ көлік маған бағынбады, тежегіш жұмыс істемеді. Осыдан кейін жол апаты болды", – деді ол сотта.
Сотталушының айтуынша, ол тек жансақтау бөлімінде есін жиып, сол жерде үш адам қаза тапқанын білген.
Сондай-ақ сотта ер адам апатқа дейін достарымен бірге Алматыдағы танымал орындардың бірінде уақыт өткізгені белгілі болды. Бұған дейінгі сот отырысында сотталушы кешті қалай өткізгенін және қанша алкоголь ішкенін егжей-тегжейлі айтып берген болатын – толығырақ мына жерден оқыңыз.
Тағы оқыңыз: “Онда вискиді кім ішті?“ - үш адам қаза болған жол апаты бойынша сотта Zeekr жүргізушісіне өткір сұрақ қойылды
Бұған дейінгі отырыста судья сотталушы қайғылы оқиғаға дейін жол жүру ережелерін бірнеше рет бұзғаны туралы мәліметтерді жариялаған болатын.
Айыпталушы А. П. / Отырыстан түсірілген видеодан скриншот
Zeekr жүргізушісіне қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты атышулы істі Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.
"Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Ресми сараптама қорытындысы бойынша, соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.
ҚР ІІМ видеосынан кадр
"Өз іс-әрекетімді ақтамаймын" – Zeekr жүргізушісі
28 мамырда сотта сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.
"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер", – деді ол.
Қаза болғандардың отбасы Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр
1 маусымда Алматыда негізгі сот талқылауы басталды. Онда қаза тапқан екі адамның – 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі мен 2003 жылы туған жолаушы қыздың туыстары сотталушымен татуласқандарын айтып, оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
8 маусымда үшінші марқұмның анасы да осындай ұстанымда болды.
Қаза тапқан 22 жастағы К.-ның анасы 100 миллион теңгеге талап арыз түсірмек болған өкілдерінің қызметінен де бас тартты. 11 маусымда 29 жастағы Е.-нің отбасы да өкілдер қызметінен бас тартқаны белгілі болды.
Айыпталушының өзі сотта болған оқиға бойынша кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.
3 маусымда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілісте өткен брифингте тараптардың татуласуы адам өліміне әкеп соққан жол апаты ісінің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екендігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жәбірленушілердің ұстанымы айыпталушының қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына жол бермейді.
“Кешірмедім, кешірім бермеймін де“ - жол апатында қаза тапқан қыздың әкесі
Туыстарының мәлімдемесі желіде қызу пікірталас тудырды. Осыдан кейін Tengrinews.kz тілшісіне қаза тапқан 20 жастағы Т. К.-ның әкесі хабарласып, айыпталушыны кешірмейтінін және оның қатаң жазалануын талап ететінін айтты.
"Сотталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған оның миллиондары керек емес, маған балам керек. Мен кешірмедім, кешірім бермеймін де. Мен Таразда оның ата-анасының үйінде болдым (сөз сотталушының ата-анасы туралы болып отыр – ред. еск.). Әкесі алдымда жылап кешірім сұрады", – деп қосты ер адам.
Жол апатына қатысты екі қылмыстық іс тоқтатылды
Бұған дейін әл-Фарабидегі жол апаты фактісі бойынша тағы 3 қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда кейін оның екеуі тоқтатылды.
- Билікті асыра пайдалану және "ерекше" мемлекеттік нөмірлер беру. 26 наурыздан бастап ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті тыйым салынған мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілу мүмкіндігін тергеді. Іс 362-баптың 1-бөлігі – "Билікті асыра пайдалану" бойынша тергелген. Бұл жерде мәселе Zeekr жүргізушісінің 100 QR 02 нөміріне қатысты болуы мүмкін.
Кейін 3 маусымда "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты" іс тоқтатылғаны белгілі болды.
- Жалған айғақ беруге қатысты іс. Бұған дейін тергеу сотталушы қайғылы оқиға алдында бірге болған компанияға қатысты материалдарды жеке іске шығарғаны хабарланған болатын. Олар жалған айғақ берді деп күдіктелген еді. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ тергеуден кейін полиция қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келіп, 2026 жылдың 28 мамырында істі тоқтатты.
ІІМ бұл шешімнің заңдылығына түпкілікті бағаны прокуратура беретінін нақтылады.
Полицейге қатысты іс
Адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты негізгі істен бөлек, тағы бір қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.
- Қызметтегі әрекетсіздік. Күдікке Алматы Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісі – полиция қызметкері ілінді. Тергеу мәліметінше, оның әрекетсіздігі адам өліміне әкеп соққан жол апатына себеп болуы мүмкін (370-баптың 4-бөлігі, 1-тармағы "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік"). Бұл іс бойынша тергеу аяқталды.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазір Алматы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видео жариялаған блогер Әділетхан Молдаханмен соттасып жатыр.
Олардың адвокаттарының айтуынша, видеода блогер полицияны жалған нөмір тағып, көліктерінің әйнектерін заңсыз қараңғылатқан жастарды қорғаштайды деп мәлімдеген. Оның пайымдауынша, мұндай әрекеттер жол апатына себеп болуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Алматыда Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды: зардап шеккендердің арасында ПД бастығының бұрынғы орынбасары бар