Алматыда дрифт жасаған жүргізуші әкімшілік қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сергек бейнебақылау жүйесі арқылы оңтүстік бағыттағы Құлжа тасжолының Рысқұлов көшесімен қиылысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегі тіркелген. BMW жүргізушісі қауіпті маневр жасап, дрифт элементтерін орындау арқылы жол апаты қаупін туғызған.
Полицейлер жүргізуші кім екенін анықтап, оны жауапкершілікке тартқан. 21 жастағы ер адамға маневр жасау ережелерін бұзу, төтенше жағдай туғызу және ұсақ бұзақылық деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
"Әрбір жүргізуші қаламыздың көшелері жарыс алаңы емес екенін түсінуге тиіс. Мұндай жауапсыз әрекеттер тек заңбұзушылық емес, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіреді. Ережені елемеген әрбір азамат заң алдында жауап береді", - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!