Қызылорда облысының әкімі лауазымына кімдер үміткер болғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
8 мамырда премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының жиынына қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысының Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі үміткер: Ардақ Зебешев (Қызылорда облысы әкімінің орынбасары - ред. еск) пен Мұрат Ергешбаевты ұсыну туралы хаты оқылды.
"Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттардың 81 пайызы Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс берді. Ардақ Зебешев үшін депутаттардың 19 пайызы дауыс берді", - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қазақстанда Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.
Айта кетейік, Қызылорда облысының әкімі лауазымын 2022 жылдың сәуірінен 2026 жылғы мамырдың басына дейін Нұрлыбек Нәлібаев атқарды. 6 мамырда ол Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.