30 наурыз 2022 14:53

Мұғалімге былапыт сөз айту, суицид, күйзеліс. Балалардың эмоциялық интеллектін дамыту не үшін маңызды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет: pixabay.com Сурет: pixabay.com

Бүгінде балада ерте жастан IQ-мен қатар EQ-ді (эмоциялық интеллект) дамыту неге маңызды болып отыр? Эмоциясын басқара алмайтын бала суицидке жақын болатыны рас па? Осы тұста мектеп пен ондағы психологтың және ата-ананың ролі қандай болуы тиіс? 10 жылдық тәжірибесі бар психолог, Phd доктор Ермек Нұрымов Tengrinews.kz тілшісіне баланың эмоциялық интеллекті мен суицид төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.


Бүгінде балада ерте жастан IQ-мен қатар EQ-ді (эмоциялық интеллект) дамыту неге маңызды болып отыр? Эмоциясын басқара алмайтын бала суицидке жақын болатыны рас па? Осы тұста мектеп пен ондағы психологтың және ата-ананың ролі қандай болуы тиіс? 10 жылдық тәжірибесі бар психолог, Phd доктор Ермек Нұрымов Tengrinews.kz тілшісіне баланың эмоциялық интеллекті мен суицид төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

2022 жыл "Балалар жылы" деп жарияланды. Президент Тоқаев "Балалардың амандығы - мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі" деді. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтты. Практик психолог Ермек Нұрымов заман дамыған сайын балалар арасында проблемалар да түрленіп бара жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұған басты себеп - "ақпараттық технология".

"Ақпараттық технологияның пайдасымен қоса зияны да қатар жүреді. Баладан бөлек, ата-аналардың өзі де онсыз бір күнін елестете алмайтындай халге жетті. Әрине, осыны көрген бала күнделікті өмірде қайталайды. Кейін проблемаға айналады. Бұл жердегі мәселені екі бөліп қарастыруымыз керек. Біріншіден, физиологиялық және психологиялық жағы", - дейді ол.

Психолог физиологиялық проблемаларға мынаны жатқызды:

  • Баланың қимыл-қозғалысының шектелуі;
  • Бір нәрсеге ұзақ үңіле беруден көздің зақымдануы;
  • Артық салмақтың жиналуы;
  • Қарым-қатынас байланысының азаюы.

Екінші психологиялық тұсы:

  • Тілдің кемістігі. Қандай отбасыға барсаңыз да жасқа енді толған баланың қолына ұстағаны ұялы телефон. Бұл баланың тілі шығуына үлкен кедергі тигізеді. Тілі шыққанның өзінде ана тілінде емес;
  • Байланысқа түсу. Бұл үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Көп ата-ана жұмыстан келгенде немесе бос уақытында балаларымен қарым-қатынасқа өте сирек түскеннің салдарынан балалардың елмен сөйлесу мәдениеті шектеледі;
  • Ойлану деңгейі әлсірейді. Жан-жақты ойлана алмайды;
  • Эмоцияны басқаруы қиындық туғызады;
  • Зейіннің шоғырлануы жоғалғаны;
  • Есте сақтау қабілеттің төмендеуі;
  • Бір нәрсеге тәуелділіктің артуы.

Ермек Нұрымов бұл тізімді жалғастыра берсек, бірінен кейін бірі моншақтай тізбектеле беретінін айтты. Сұхбатымызды жалғастыра келе айтылған проблемалардың ішінен баланың эмоциясына тоқталуды жөн көрдік. 

TN: Баланың эмоциялық интеллектін дамыту не үшін маңызды және оны қанша жастан қолға алған жөн? Баланың эмоциялық интеллектін дамытуда кім жауапты?

Психолог: Баланың эмоциялық интеллектін дамыту үшін алдымен ата-ана өз эмоциясын басқара алатындай болуы тиіс. Себебі бала сорғыш губка сияқты үйдегі әрекетті бірінші көреді және соны сөзсіз қайталайды. Дегенмен баланың эмоциясын бақылауды ерте жасынан қалыптастырып үйрету маңызды. Жай ғана күнделікті өмірде бала жыласа қызығушылық танытып себебін анықтау, бір уақыт сөйлесіп көңіл бөлу, қуанышына қуанып бірге қуану немесе көңілі болмаса эмпатия таныту баланың эмоциясының дамуына септігін тигізеді.

Ал кейде кейбір ата-ана түрлі сөздермен баланың ауызын жаптырып, ойын ашық жеткізуіне кедергі келтіреді. Дәл осылай өскен бала келешекте өзінің ойын тұрмақ, не сезіп тұрғанын айта алмайтын дәрежеге жетеді. Кейін тұйық бала қайдан шығады деген осындайдан пайда болады. Сезімін басқара алатын бала ой-өрісін шектемей, мақсатына жете алады. Жалпы, эмоциялық интеллектісінің төмендігі - баланы суицидке де жеткізуі мүмкін. Ата-ана баланың толыққанды қалыпты болып өсуіне тікелей жауапты.

TN: Жақында Талдықорғанда мұғалімге былапыт сөз айтқан оқушының видеосы тарап кетті, министрлік те бұл жанжалға араласып, пікір білдіріп, педагогке қолдау білдірді. Бұл оқиғаны баланың эмоциялық санасының төмендігімен байланыстыра аламыз ба? Бәлкім, проблема бұдан да тереңде жатқан шығар?    

Психолог: Дұрыс айтасыз, бұл баланың бір күндегі әрекеті емес, жылдар бойы бойына сіңген әрекеттің жемісі. Бұған тәрбиенің тікелей ата-ана тарапынан ақсағанын көреміз. Ұядағы іс-әрекетті мектеп қабырғасында әшкерелеу болып саналады. Негізгі басты себеп - отбасында шешілмеген мәселелер бар екені көрініп тұр. Соның салдары баласына берілген, яғни қандай да мәселе болса, дөрекілік көрсету арқылы шешеді, бұл менің жеке психологиялық пікірім. Әрине,  эмоциялық интеллектісінің осалдығы көрініп тұр. Бұндай жағдайда баламен жалғыз психолог қана емес, жан-жақтан қолдау білдіре отырып, ақ-қараны тануына көмек беру маңызды.

TN: Бүгінге дейін Қазақстанда баланың IQ-ін көтеруге баса назар аударылып келді, EQ бойынша 2010-2011 оқу жылы "Өзін-өзі тану" пәні енгізілді. Алайда қазір оның өзін алып тастау ұсынылып жатыр, пән факультативтік санатқа ауыстырылуы мүмкін. Бұл дегеніміз - оқушыларға бұл пән қажет емес дегенді білдіре ме әлде сабақ тиісті нәтиже бермей отыр ма?

Психолог: Мектепте "Өзін-өзі тану" пәні өзіндік жемісін берді. Бұл жердегі мәселе кім қалай және қандай дайындықпен өткізетінінде. Мен білетін ұстаздардың сабағын асыға күтетін оқушыларды көрдім. Бұл мұғалімнің жемісі деп білемін. Ал кейбір оқушылар бұл сабаққа қызығушылық танытпайтынын ашық білдіреді. Мұғалімдердің тәжірбиесіне тікелей байланысты.

Фото: Pixabay

TN: Оқушының эмоциялық интеллектін көтеруде мектеп қандай деңгейде жұмыс істеуі тиіс деп ойлайсыз?

Психолог: Сөздің басында айтқандай, ХХІ ғасыр - технология заманы. Дәл осы заманда ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, Soft skills (жұмсақ дағдыларды) дамыту қағидасын негізге алады. Soft skills дегеніміз не? Soft skills ағылшын тілінен икемді немесе жұмсақ дағдылар деп аударылады. Анықтама бойынша олар кәсіби емес, өмірлік білімге жатқызады. Бұл ұғым қызметтің маманданбаған түрімен және кәсібиден жоғары сапалармен байланысты дағдылар кешені ретінде түсіндіріледі.

Яғни Soft skills-тің пайдасы сыни тұрғыда ойлау, эмоциялық интеллектіні және интеллектуалдық ой-өрісті дамытады. Сол себепті мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың жұмсақ дағдыларын дамыту үшін арнайы факультатив сабағын енгізу бірінші жолға қойылу керек деп білемін.

TN: Эмоциясын басқара алмайтын бала суицид жасауы мүмкін екенін айттыңыз. Бұл елімізде өте өзекті мәселе екені де белгілі. Оған қоса COVID-19 балалар мен жастардың психикалық денсаулығының нашарлауына әсер етті. ЮНИСЕФ ұсынған соңғы мәліметтер бойынша, бүкіл әлемде 10-19 жас аралығындағы әрбір жетінші жасөспірім диагноз қойылған психикалық аурумен өмір сүреді. Жыл сайын 46 мыңға жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды. ЮНИСЕФ және 21 елдегі Гэллап институтымен жүргізілген балалар мен ересектерге арналған халықаралық сауалнаманың алдын ала тұжырымдарына сәйкес, 15-24 жас аралығындағы жастардың орта есеппен әрбір бесіншісі өзін жиі жабырқаңқы сезінетінін немесе бір нәрсе жасауға аз қызығушылық танытатынын айтқан. Нақты мектеп жасындағы балаларды алатын болсақ, олардың күйзелісте жүргенін қалай анықтауға болады?

Психолог: Күйзеліс - өтпелі құбылыс немесе өмірге жаңаша көзқараспен қарау кезеңі. Қалай дейсіз ғой? Күйзеліс болғаны дұрыс, адам өз қатесін немесе мақсатын түсініп, келесі әрекетіне өзгеше қимылдай бастайды. Өмір болғаннан кейін жабырқау, қуаныш, қайғы және ашу деген сияқты базалық эмоциялар қатар жүреді және ол міндетті түрде солай болуы тиіс. Онсыз өмірдің мәні болмайды.

Алайда кейбір жандар сол күйзеліске түскен бойда одан шығатын жол таппай, өзін бұрышқа сүйреп тастайды. Әрекетсіздіктің бейнесі. Мектеп қабырғасындағы баланың күйзелісін қалай байқаймыз дегенде, мына нәрсеге назар аударуымыз қажет:

Біріншіден, баланың сабақ үлгерімінің күрт төмендеп кетуі; екіншіден, өзгелермен қарым-қатынасының азаюы; үшіншіден, агрессиялық әрекеттің жиілеп кетуі немесе тұйықталып қалуы; төртіншіден, негативті әңгімелердің басым болуы; бесіншіден, дене жарақатын жасау (денесін өткір затпен кесу немесе тілу).

Осы арқылы өзінің бейсаналық тұрғыда күйзелісін көрсетеді. Мұндай жағдай көбіне жасөспірім шақтарда жиі байқалады. Себебі өтпелі кезеңде бала физиологиялық тұрғыдан дамиды. Бұл - балалықтан ересек өмірге аяқ басатын уақыт. 

Фото: Pixabay

TN: Баланың күйзелісте жүргені анықталды делік. Ары қарай қалай әрекет ету керек? Көбіне балаларға қандай қолдау жетпейді?

Психолог: Мұндай кезде ең маңыздысы - ата-ананың балалармен тығыз байланыста болуы. Ішке жиналған сырларын ата-анамен бөлісу бірінші орында болуы тиіс. Бізде ашық әңгімеге келгенде ата-ана қашқақтайды немесе сұрағына жауап бере алмайды. Содан кейін бала іздеген сұрағына жауапты өзгеден алады. Алайда ол қандай ақыл-кеңес беретіні белгісіз. Қазіргі ата-ана бірінші қолдау материалдық жағдай деп түсінеді, қатарластарынан қалмасын деп ойлайды. Бұл әрине, дұрыс. Бірақ материалдықтан маңыздысы "рухани" қолдау. Бізде бұл нәрсе екінші немесе үшінші орынға түсіп жатады. Сол себептен тәрбие мәселесі ақсап жатады.

TN: Балаларға мектепте суицид туралы айтуға бола ма?

Психолог: Жас ерекшелігіне байланысты айтылуы тиіс, тек ата-ананың рұқсатымен атқарылуы керек. Мысалы, суицидке жақындықты анықтайтын (тест, анкета) сияқты сауалнамалар жүргізу. Бастауыш және орта сыныптағы балалар үшін мұндай жағдай таңсық болуы ықтимал және психологиялық өй-өрісі дайын емес. Сол себепті олармен мұндай әңгіме айтылмайды.

Жоғары сыныптар үшін тікелей айтылмаса да проективті әдістер арқылы жұмыс істеп, жақын алшақтығын анықтауға мүмкіндік бар. Бірақ оның өзі 100 пайыз жауабын бермейді.   

TN: Қоғамда балалар мен жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы мәселесіне психологты кінәлау қалыптасқан секілді, қалай ойлайсыз?

Психолог: Әрине, кінәні кімнен болса да табу керек қой. Қалыпты жағдай. Ал бұл жерде он жерден кәсіби психолог болса да, 1000-2000 оқушының кімнің не нәрсеге жақын екенін дөп басып анықтау мүмкін емес жағдай. Өз-өзіне қол жұмсау күйзеліске түспейтін адамдар арасында да жиі болып жатады. Бұл әлі күнге дейін жауабы табылмаған құбылыс. Ғылым оны зерттеп жатыр, зерттей де береді.

Бірақ болып қалуы ықтимал дейтін әрекеттерге сүйене отырып жұмыс істеу керек. Ол үшін балаға жан-жақтан қолдау бере отырып, әрекеттерінің басты себебін анықтап, тиісті мамандарға жіберілуі бірінші орында болу керек. Бірінші кезекте кім болса да (ата-ана, мұғалім, психолог, достары) бала әрекетіндегі өзгешелікке мән беру маңызды, содан айтылған мысалдарды негізге ала отырып дабыл қағу керек.

TN: Мектеп психологының үздік үлгісі қандай болуы тиіс?

Психолог: ЖОО бітірген маманның барлығын үздік деп санаймын, егер өз мамандығын сүйіп оқыса. Психолог дегеннің өзі - үлкен жауапкершілік. Дәрігер адам физиологиясын емдесе, психолог адам жанын емдейді. Яғни дәрігермен қатар тұрған мамандық.

Мамандық үлкен жауапкершілікке толы. Сол үшін үнемі дамып отыруы шарт. Күнделікті жаңа әдістер, оқулар жаңарып жатыр. Сол сияқты адамдардың да сана сезімі жаңара береді. Жаңарған сезімнің қабылдауы да жаңаша болады. Үнемі ізденісті мақсат етіп қоя білуі керек.

Фото: Pixabay

TN: Қазақстандық мектептер әлі күнге дейін белгілі бір тәртіпті берік ұстанады. Мысалы, былтыр Назарбаев зияткерлік мектебінде 8-сынып оқушысы 11-қабаттан секіріп кеткеннен кейін сондағы оқушылар белдемше киіп акция ұйымдастырған еді, оған қоса мектеп әкімшілігі балалардың жеке пікірін тұншықтырмасын, "ұлдар шаш өсірмеуі тиіс, тырнақтарын алып жүруі тиіс" деген сияқты көзқарастарын тықпаламасын деген талап айтқан болатын. Мектептерде аяқкиімге бола да ескерту жасалады. Бұл тәртіп баланы индивид ретінде өшіру емес пе?

Психолог: Жоқ, бұл жерде арнайы мектепшілік тәртіп деген бар. НЗМ еліміздің дарынды балаларын дайындайтын орта. Келешек мемлекетімізге қазірден бастап білікті маман даярлауда. Баланың құқығын шектейді дегенге келіспеймін. Мемлекеттің қазынасынан бөлінген қаржысына оқиды. Яғни тиісті өзіндік тәртібі мен арнайы шарттары бар деген сөз. Бала өз дегеніне салып оқығысы келсе, ақылы мектепке баруына толық құқығы бар және ол жерде не киіп барса да өзі біледі.

Дегенмен де барлық кінәні мектепке арту дұрыс емес. Көп ата-ана мектеп тәрбие беруі керек деген ұстанымда. Бұл дұрыс емес пікір. Тәрбиені үйде ата-ана береді. Ал мектеп тек білім береді осының аражігін дұрыс түсініп алу керек.

TN: Қазір балалардың психологиялық жағын бұзбау үшін мектеп жүйесін өзгерту керек деген пікір бар. Мысалы, бір сыныпта оқитын балалар психотиптеріне байланысты жинақталуы керек дейді. Сол кезде сынып бір-бірін түсінеді-мыс. Мектепке мұндай өзгеріс қажет пе?

Психолог: Қажеті жоқ. Белгілі психолог Выготскийдің өзі ерекше бала мен дені сау баланы қатар отырғызу керек деген қағиданы ұстанып кетті. Сол сияқты бір типтегі баланы бір-бірімен отырғызу деген қате пікір. Жай ғана мысал айтсақ, екі бір-біріне мінезі сәйкес адамдар да ортақ тіл табыса алмайды. Сол үшін аралас типтегі балалар болуы керек. Олар бір-бірінен білмегенін үйренеді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети