Қазақстанда рейтинг агенттігін құру жоспарланып отыр. Бұл бизнеске несиені неғұрлым тиімді шарттармен алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Рейтинг агенттігінің құрылатыны туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымова бүгін мәжіліс отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір елдегі компанияларға рейтингті негізінен халықаралық агенттіктер - Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch және жекелеген шетелдік құрылымдар береді. Сонымен қатар Қазақстанда әзірге жеке рейтинг жүйесі де, толыққанды құқықтық база да жоқ. Сондықтан рейтингті көбіне тек ірі компаниялар мен қаржы ұйымдары ғана алады.
"Ұлттық рейтинг жүйесін құру шағын және орта бизнестің капитал нарығына шығуын жеңілдетеді. Бұл қарыз алу құнын төмендетуге, ақпараттық асимметрияны азайтуға және эмитенттердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал банктер, зейнетақы қорлары мен сақтандыру ұйымдары сияқты институционалдық инвесторлар үшін инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтеді", - деп түсіндірді Әбілқасымова.
Әбілқасымованың ақпарытнша, оның құрамына Ұлттық банк, халықаралық рейтинг агенттіктері (мысалы, Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch) және қаржы ұйымдары кіреді. Ұлттық банктің қатысуы мұндай бағалаулардың тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Агенттік жұмысы туралы
Қазақстандық рейтинг агенттігі үшін жеке талаптар, соның ішінде капитал бойынша талаптар бекітіледі. Жарғылық капитал шамамен 10 миллиард теңге болады деп күтіледі.
"Рейтингтердің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін рейтингтік сарапшыларға қойылатын талаптар енгізіледі. Олардың сыйақысы клиенттердің қаржылық нәтижелері мен табысына байланысты болмауға тиіс. Сарапшыларды міндетті түрде ротациялау тәртібі енгізіледі. Сондай-ақ аффилиирленгендікке шектеулер қойылады, оның ішінде рейтинг берілетін тұлғалардың қаржылық құралдарына иелік етуге тыйым салынады", - деді Әбілқасымова.
Басшылыққа да қойылатын талаптар бар: тиісті білім, тәжірибе және мінсіз іскерлік бедел.
"Корпоративтік басқару мен меншік құрылымына қойылатын талаптар белгіленеді. Қазақстандық рейтинг агенттігінің капиталына қатысу үлесіне 10 пайыздан аспайтын шектеу, ал директорлар кеңесіне жоғары талаптар қойылады: олардың кемінде жартысы тәуелсіз директорлар болуға тиіс", - деді ҚНРДА басшысы.
Қазақстандық агенттік реттеуші алдында үнемі есеп беріп отыруға - өз рейтингтері, әдістемелері мен статистикасы туралы мәліметтерді ашуға міндетті болады. Сондай-ақ ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуі қажет.
Агенттіктің өзі тексерулер жүргізуге және қадағалау шараларын қолдануға құқылы болады. Ол Қазақстан нарығына қай халықаралық және шетелдік рейтинг агенттіктерін жіберуге болатынын шешеді, олардың жұмысын қадағалайды және қажет болған жағдайда бұл мәртебеден айырады. Сондай-ақ жаңа институт олардың заңнаманы қалай сақтайтынын бақылайды.
Нарыққа кіру үшін шетелдік агенттіктер бірқатар талапқа сай болуы керек:
- кемінде 5 жыл жұмыс істеуі;
- жеткілікті капиталы болуы;
- түсінікті әрі тексерілетін әдістемесі болуы;
- тәуелсіз болуы.
Несиелер тиімдірек бола ма?
Мәжіліс отырысында депутаттардың бірі сұрақ қойды:
"Енді кәсіпкерлер банктен несие алу үшін міндетті түрде ұлттық кредиттік рейтинг алуы керек пе? Бизнес үшін, әсіресе шағын және орта бизнес үшін мұндай рейтингтердің тарифтері қолжетімді бола ма?"
Мәдина Әбілқасымова банктен несие алу үшін кредиттік рейтинг алу талап етілмейтінін айтты. Банктер оны міндетті шарт етіп қоймайды - несие бойынша шешімдер бұрынғыдай әртүрлі фактор негізінде қабылданады.
Бірақ мұндай рейтинг алған компаниялар үшін шарттар тиімдірек болуы мүмкін.
"Тарифтің қолжетімділігіне келетін болсақ - рейтинг бойынша ол төменірек болады, себебі шағын және орта бизнес үшін бұл өте маңызды механизмге айналады. (...) Олар үшін тарифтер қолжетімді болады", - деп түсіндірді ол.
Еске салсақ: 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру ережелері өзгереді. Банктер клиенттердің төлем қабілеттілігін қатаңырақ бағалай бастайды. Әңгіме жаңа көрсеткіштерді - борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) мен қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (ҚТК) енгізу туралы болып отыр. БЖК адамның өз табысының қанша бөлігін несиелер мен басқа да міндетті төлемдерге жұмсап жатқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жаңа қарыз алу мүмкіндігі соғұрлым төмен болады.