"Нұр Отан" партиясы жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының жобасын таныстырды", - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Нұр Отан" партиясы жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының жобасын таныстырды", - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бағдарламада мемлекетпен бірге қоғамның өзінің және әрбір жеке азаматтың жемқорлыққа қарсы күрестегі жауапкершілігі туралы тұңғыш рет айтылады. Биліктің міндеті - биліктің өзіне деген сенімді және жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, сонда әрбір азамат, әрбір бизнесмен мемлекеттің күш-жігеріне араласатын болады", - деп мәлімдеді партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын жасау жөніндегі жұмыс тобының отырысында.
Жұмыс тобының жетекшісі, партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшесі Нұрлан Әбдіров бұрынғы бағдарламада "Нұр Отан" партиясы алдында тұрған жаңа міндеттер мен тапсырмалар ескерілмегенін айтты. "Бағдарламаның басты мақсаты - жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбейтін атмосфера қалыптастыра отырып, жемқорлыққа қарсы қозғалысқа қоғамның барлық қабатын жұмылдыру", - деді Әбдіров. "Білім мен тәрбиенің жемқорлыққа қарсы кешенді жүйесі жасалады, адал еңбек мәдениетін қалыптастыру, отбасы институтын белсенді жұмылдыра отырып, дәстүрлі, халықтық құндылықтарды нығайту көзделеді", - деді ол.
Әбдіров бағдарлама шеңберінде партияның бюджеттің әрбір теңгесінің қайда жұмсалатынын бақылауға мүмкіндік алатынын айтты. Көлеңкелі экономиканы бәсеңдету мәселелерін шешу үшін бизнес ашу мен жүргізуде әкімшілік кедергілерді жеңілдету мен оның тазалығын арттыру көзделіп отыр.
"Бағдарлама 10 жыл бойы іске асырылады. 10 жылдан соң бүгін 20-дағы адамдар 30-ға келеді, олар қоғам өміріне белсенді араласатын болады, бізге білім, тәрбие жүйесі, отбасы институты арқылы бүгінде сол құндылықтарды салтқа айналдыру қажет. Өйткені жемқорлық мемлекеттіктің негізін, адамға деген сенімді, адамның өз білімі мен еңбегі арқылы өзі мен отбасына әлеуметтік лифт жасай алатынына сенімін жояды", - дейді Байбек.