Павлодарда әлеуметтік желіде қызу талқыланған іс аяқталды. Математика пәнінің мұғалімі сабақ кезінде жоғары сынып оқушысын шегенің ұшымен түрткен жағдай бойынша заңбұзушылық болмағаны анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биыл қаңтарда сыныпқа орнатылған бейнебақылау камерасы мұғалімнің оқушы тақтада есеп шығарып тұрған кезде арқа тұсынан шегенің ұшымен түрткен сәтін тіркеген. Жасөспірімнің ата-анасы мұғалімді күш қолданды деп айыптап, полицияға жүгінген болатын. Полиция бұл жайт бойынша кәмелетке толмаған балаға физикалық ауырсыну келтірген ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда бұл іс тоқтатылды.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс өндірісі тоқтатылды. Мұны сот-медициналық сараптаманың қорытындысы, кәмелетке толмағанды куәландырған сарапшының жауап беру хаттамасы, сондай-ақ кабинеттегі бейнежазбаны қарау арқылы ешқандай дене жарақатының болмағаны дәлелдеді", – деп жауап берді Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!